ОСТЕОПОРОЗ: БЕЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ ЕМІ

Остеопороз – алдын алуға болатын және әрбір адам білуге тиіс ауру. Остеопороздың басты белгісі- сүйек тіні беріктігінің төмендеуі болып табылады. Жастың ұлғаюымен сүйек тіндерінің ыдырауы, оны түзілуіне қарағанда шапшаңырақ жүреді. Сүйек заттары коллаген сияқты протеиндерден және бейорганикалық минералдардан, негізінен кальций тұздарынан тұрады. Протеин сүйек тінінің шамамен 40%-ын, ал кальций тұздары 60%-ын құрайды. Остеопорозда бұл пропорция өзгермейді, бірақ сүйек салмағы біртіндеп азаяды.

Остеопороз өздігінен симптомсыз (яғни ауру елеусіз, айқын симптомдарсыз өтеді), адам өзінің ауру екеніне күдіктенбеуі мүмкін. Остеопороз көбіне қаңқа сүйектері едәуір әлсізденгенде болатын сынулар болған кезде ғана анықталады. Құлаған кезде кез келген сүйегі сынуы мүмкін, алайда сүйек ауруларына білезік сүйектері (Коллис сынуы), сан мойны және омыртқа көбірек сезімтал. Мұндай жағдайға егде жастағы адамдар орнықсыздау болуы және жасы ұлғайған сайын жиі құлауы жағдайды қиындата түседі.Сүйектердің сынғыштығы артады, сыну қаупі ұлғаяды.

Остеопорозға алып келетін факторларға ағзада  кальцийдің жетіспеуі жатады. Ағзаға кальцийдің тағаммен бірге жеткілікті мөлшерде түспеуі және оның сіңірілуі қиындаған жағдайда аурудың пайда болу қаупі жоғарылайды.

Біздің сүйек тініміз ұдайы жаңарып тұрады. Сүйектің ең ауыр салмақ үлесі 25-30 жас арасындағы кісілерде көрінеді. Ал 40 жастан кейін сүйек тіні әр жыл сайын өз салмағының 0.5 % жоғалтып отырады. Жас ұлғайған сайын остеопороздың есебінен сүйектің сыну қаупі жоғарылайды. Сыну қаупін артық салмақ ұлғайта түседі.  

Остеопороздың алдын алу үшін тағам жеткілікті мөлшерде кальций, D витамині және нәруызға бай болуы қажет. Ол үшін сүт, ірімшік, сүзбе, балық, теңіз өнімдерін ас мәзірінде қолдану қажет. Физикалық жаттығуларды жеткілікті мөлшерде күнделікті жасау керек. Таза ауада жасалатын жаттығулар сүйек тіні беріктігін сақтайды. Жаттығулар ең аз дегенде аптасына 3-4 реттен жарты сағат жасалуы керек.

Новости в Вашем регионе