ДҮНИЕ ЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ

Жыл сайын 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын адамзат үшін өзекті деген тақырыптарды таңдап алады. Ондағы мақсат - денсаулық мәселесіне жұртшылық назарын аудару. Биылғы жылы ДДСҰ әлемдік қоғамдастық назарын медициналық қызметтердің қолжетімділігі мәселесіне аударуды жөн санапты. Себебі, азаматтар үшін қайда жүрсе де сапалы медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ  

 

         Халық саны артып, денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын азайып барады. Дәрігер жетіспейді, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда орын тапшы, медициналық қызмет сапасы да сын көтермейді.

Салдарынан азаматтарымыз медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке тым көп қаражат жұмсайды. Бізде денсаулық сақтауға жұмсалған жалпы шығынның 40 пайызы (немесе 640 млрд теңге) қазақстандықтардың қалтасынан шығады. Былайша айтқанда, 18 млн қазақстандықтың әр қайсысы жыл сайын 36 мың теңгені өз қолымен емдеу мекемелерінде қалдырып отырады деген сөз.

 

Ал, халықаралық ұйымдардың талабы бойынша азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындары 20 пайыздан аспауы тиіс. Сонда ғана ол елдің денсаулық сақтау жүйесі тұрақты болып табылады. Оның үстіне, бұл мемлекеттің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы талаптары бойынша бәсекеге қабілетті саналатын 30 елдің қатарына қосылуына кедергі келтірмек.

 

МЕМЛЕКЕТ НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

         Үкімет бұл бағытта бірқатар іс-шараларды қолға алды. Соның бірі - денсаулық сақтау саласын қайта реттеу бағдарламасы. Бұл бағдарлама медицина бизнесінің мемлекеттік тапсырысқа қатысу тәртібін жеңілдетті. Нәтижесінде халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін жеке меншік ұйымдар саны артты.

         Жалпы, үкімет осы бастаманың арқасында: жеке меншік клиникалардың инфрақұрылымы есебінен медқызметтің қолжетімділігін арттыру, азаматтарың қалтасынан шығатын шығынды қысқарту және бәсекелестікті дамыту сынды маңызды үш міндетті шешіп отыр. 

 

БАСТАПҚЫ НӘТИЖЕЛЕР

         Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МСҚ) 2017 жылы тұңғыш рет кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып алды. Сатып алу процесіне ұсынылған өзгерістердің және медицина бизнесімен жүргізілген жұмыстың арқасында мемлекеттік тапсырысты орындауға ниет білдірген жеке меншік клиникалар қарасы көбейді. Нәтижесінде, 2018 жылы Қазақстан бойынша 602 жеке меншік медицина мекемесі тегін қызмет көрсетіп жатыр. Бұл мемлекет есебінен халыққа қызмет көрсететін емханалар мен клиникалардың 40 пайызына жуығы және бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 170-ке артып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 54 медициналық мекемемен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша  келісімшартқа отырып? Оның 13 жекеменшік емдеу мекемелері. Кәзіргі уақытта мелекеттік тапсырыс бойынша профилактикалық шаралар тегін көрсетілуде. Дегенмен  БҚО да жекеменшік клиникалық Қазақтан бойынша ең аз.

         Тағы бір айта кетерлігі, тегін қызмет көрсететін жеке меншік клиникалар тек Астана мен Алматы сынды ірі қалаларда ғана емес. Олардың саны жағынан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстары да алда тұр. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медқызметті жеке меншік клиникаларда алуға болатынын екінің бірі біле бермейді.    

Статистикаға сүйенсек, жұртшылық созылмалы ауруы әбден асқынып, шұғыл көмек қажет болғанға дейін дәрігерге қаралмайды. Елімізде жыл сайын 3 миллионға жуық адам ауруханаға түседі. Соның 68 пайызы немесе 1,9 миллионы - дәрігер көмегіне ауруы әбден асқынғаннан кейін жүгінгендер. Яғни, әрбір 10-шы отандасымыз өміріне қауіп төнген кезде ауруханаға түседі деген сөз. Тіпті, тегін көмек көрсетілген күннің өзінде олар бағасы қымбат болып келетін күрделі процедураларға қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады.

         Шын мәнінде, тиімділігі жоғары, көп шығынды қажет етпейтін диагностикалық процедуралар арқылы мұның бәрінің алдын алуға болады. Биылғы жылы республика бюджетінен денсаулық сақтау саласына бөлінген 917 млрд теңгенің 318 миллиарды емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілді.

Соңғы кезде қатерлі ісіктің көбейіп кеткені шындық. Обырдың өршуі мен одан болатын өлім-жітімнің алдын алуға көмектесетін арнайы скринингтік бағдарламалар бар. Әр адам күн сайын қан қысымын өлшеп, қажет болса гипотензивтік дәрілерді қабылдап отырса - инсульттен сақтануға болады. Ал, қандағы холестерин мөлшерін бақылауда ұстауды бәріміз жас күнімізден әдетке айналдыруымыз керек. Бұл жүректің ишемиялық ауруы мен инфаркттен сақтайды.

         Бір сөзбен айтқанда, жоспарлы ем шұғыл көмектен әлдеқайда арзанға түседі. Мысалы, жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын науқасқа аортокоронарлық шунттау отасын жасау қажет делік. Дәрігерге уақтылы қаралып, жоспарлы түрде ота жасатқан жағдайда 1,5-1,8 млн теңгеге түседі. Ал, ауру асқынып, шұғыл ота жасалатын болса операция құны 2 есе артады.  

Бірақ дені сау адам да қол қусырып қарап отырмай, организмінде қандай өзгерістер болып жатқанын білгені жөн. Егер қандай да бір ақау немесе ауытқушылық табылып жатса, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде мемлекет есебінен тегін емделуге болады. "Жалғыздың үні шықпас" демекші, бірді-екілі адамның өз денсаулығын күткенінен ештеңе өзгере қоймайды. Жүйелі өзгерістер жасап, ұлт денсаулығын жақсарту үшін баршамыз профилактикаға мән беруіміз керек.

Денсаулық саласы сарапшыларының пікірінше, өлім-жітімнің басты себепкері болатын қауіпті 5 ауру бар. 2017 жылы олардың қатарында мынадай сырқаттар болды:

1.      қан айналымы жүйесінің аурулары – 32 мың адам қайтыс болған, 

2.      тыныс жолдарының аурулары – 18 мың.,

3.      онкологиялық аурулар – 16 мың.,

4.      бақытсыз жағдайлар, жарақаттар мен улану – 14 мың.,

5.      ас қорыту органдарының аурулары – 12,6 мың.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда осындай аурулардан 96,3 мың адам көз жұмған. Оның 39,7 мыңы - еңбекке жарамды жастағылар. Яғни, небәрі 18 млн халқы бар еліміз жыл сайын "тепсе темір үзетін" 40 мыңға жуық азаматынан айырылып отыр деген сөз.

         Тегін емделу мүмкіндіктері жайлы толығырақ - Медициналық сақтандыру қорының FMS.kz сайтынан оқуға болады. Онда жеткізуші компаниялар мен тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізімі де бар.  

Новости в Вашем регионе