Денсаулық сақшысы

Нұрсұлтан Назарбаев:

Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне, медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс.

(Қазақстан халқына Жолдауынан)

Маусымның үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлері күні. Бұл ақ халатты абзал жандардың мерекесі, әр минут сайын адам өмірін құтқарға бар күш-қайратын салатын және қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы жандардың мерекесі. Адам өмірінен асқан қымбаттылық жоқ екенін бағалай алатын мамандардың төл мерекесі.

Халық денсаулығын сақтау – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және стратегиялық маңызды басымдықтарының бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздің медицина саласы тұрақты дамып келеді. Дәрігер кәсібінің мәртебесі өсті, денсаулық сақтау мекемелеріне барынша қолдау жасалуда.

Өткен аптада аудандық мәдениет Үйінде медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оған ауданның дәрігерлер қауымы, еңбек ардагерлері, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар басшылары мен кент тұрғындары шақырылды.

Аудан әкімінің орынбасары А.Қайыржанов өмірі мен қызметін адам денсаулығына арнаған ақ халатты абзал жандарды құттықтап, шексіз алғысын білдірді.

Денсаулық саласын қорғауда қол жеткізген табыстары үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау қызметкерлерінің Республикалық салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Р.Бөтембаев, денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісімен акушер гинеколог Л.Алтынбаева, Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Е.Высоцкая марапатталды. Шортанды ауданы әкімінің грамотасына аудандық аурухана бөлімшелерінің меңгерушілері М.Ахметов, П.Куч, дәрігер реаниматолог С.Емцов, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының грамотасына 4 дәрігер ие болды. Орталық аудандық аурухананың бас дәрігерінің құрмет грамотасымен дәрігерлік амбулаториялардың аға дәрігерлері, мамандар, орта медициналық қызметкерлер, қаржылық қызметкерлер мен басқа да қызмет өкілдері марапатталды.

Сонымен қатар Ақмола облысы қоғамдық денсаулықты сақтау Департаментінің грамоталарымен Шортанды ауданы бойынша қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының мамандары марапатталды.

 

Новости в Вашем регионе