ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАҺАНДЫҚ БАСТАМАЛАРЫ қазақтың игілігіне қызмет етеді

Адамның өзінің туған халқын мақтан тұтуы қалыпты құбылыс. Бірақ, тұтас бір халықтың өз Перзентіне сүйсінуі тарихта жиі кездесе бермейді. Дегенмен, бүгінгінің қазағы Перзентін һәм Президентін мақтан тұтып, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен ретінде тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына сеніп тапсырды. Өйткені, соқтықпалы соқпақсыз бұл ғаламда алаш баласын Елбасының ұшпаққа шығарарына бұқарасының көзі әлдеқашан жеткен.

Ұлы даланы сонау есте жоқ ерте замандардан бері мекен етіп келе жатқан қоңдыгер құба жұрттың әргі-бергі тарихында халықтың арман-тілегін, аңсарын арқалап, атқа қонған арда ұлдар аз болмаса керек. Бірақ, сол баһадүрлердің ісін жалғастыру, жаңа заманда жаңа мемлекет құру, көрші-қолаңды ғана емес, күллі дүниені аузына қарату бүгінге дейін ешкімнің қолынан келе қоймаған іс еді. Рас, көне дәуірде қызыл тілден бұрын алдаспан, ақылдан бұрын ат тұяғы сөйлейтін. Сол заманның шарттары, сол дәуірдің талабы мен дәстүрі солай еді. Сол кездері Алтайдан аттанып Қарпатқа, Ертістен шығып Дунайға барған баһадүрлер біздің даламыздан да табылған. Бірақ, қазір заман басқа, заң бөлек. Таным өзгерген. Білек емес, білімнің дәурені жүріп тұр. Тәуелсіз Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатында да, өзіндік ұстанымында да осы білім мен білік, ақыл мен амал алдыңғы орынға шыққаны содан.

Келер күннің сипатын сезіне білді...

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз. Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын»,-деген сөзі бар. Жөн сөз. Президент осы пікірінде халықаралық қауымдастық алдындағы беделдің де маңызды екендігіне тоқталған. Бұл мәселенің Қазақстан үшін өте өзекті болып қала беретінін тұспалдаған болатын. Рас, ел тәуелсіздігін баянды ету баршаның міндеті екенін бүгінгінің жасынан жасамысына дейін түйсінгенбіз. Дегенмен, Елбасының ел ертеңіне қызмет етер талай бастамасын, ойларын бастапқы кезде бұқарасы түсіне қойды десек қателесер едік. Сонау 1994 жылы Қазақстан жаһанда қуаты жағынан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартқан кезде әрісі мұсылман қауымы, берісі өзіміз де іштей өкінгенбіз. Өйткені, санада білектің мықты болып тұрған дәуірінен қалған елес әлі де бар еді. Елдің көсегесін көгертер істің басы білім мен бейбітшілікте, өзгемен тіл табысуда екендігін сол жылдары көп адам түсінген жоқ. Сол сияқты, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында және ортасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі халықаралық ұйымдар, одақтар құру жөніндегі бастамаларын да жүре тыңдаған жұрт мол еді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» құп көрген көрші-қолаң да, алыстан сыйласқан жұрттар да Қазақстанның аймақтық һәм жаһандық интеграцияларға қатысты ұстанымына, бастамаларына бастапқы кезде жүре қараған-ды. Шамасы, дүниенің алтыдан бір бөлігіне, одақтастарымен біріккен кезде жаһанның жартысына әмірін жүргізген КСРО ыдырап, «Варшава пактісі» деп аталатын келісімді жасасқан елдер жан-жаққа тарап кеткен соң адамзат баласы интеграцияларды қажет деп таппаған тәрізді. Алайда, Елбасы Кеңес одағы ыдырап жатқан кездің өзінде алыс-беріссіз, барыс-келіссіз ХХ ғасырда, табалдырыққа келіп қалған ХХІ ғасырда адамзат баласы өмір сүре алмайтынын түсіне білді. Көрегендік танытты. Бәлкім, содан да шығар Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ аймақтық және жаһандық индеграциялық процестерден тыс қалмады һәм бірқатар игі істердің бастамашысы да болды. Бүгінде төрткүл дүниеге аты кеткен Шаңхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразия экономикалық одағы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі Кеңесі тәрізді бірқатар ұйымдар тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен немесе табандылықпен қолдауының нәтижесінде дүниеге келген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау халықаралық ұйымдардың құрылуына бастамашы бола отырып, ұлттық мүдде мен бауырлас халықтардың арман-тілегін, аймақтық қауіпсіздік пен адамзаттың тыныштығы мен бақуатты болуын назардан тыс қалдырмады. Сонау 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамбелясының 47 сессиясында Азиядағы зара іс-қимыл және сенім шаралары бойынша кеңес құру идеясын ортаға сала отырып Н.Назарбаев адамзаттың 60 пайызы мекен етіп жатқан құрлықта бейбітшілікті сақтау, адамның адамдығын құрметтеу, күрең қабақ болып жүрген мемлекеттерді ымыраға келтіру, экономикалық және әлеуметтік шиеленістердің шешу жолдарын бірге іздестіру, ең бастысы келбеті мен тілі, түсі мен діні әртүрлі болғанымен түбі бір адамзат баласының арасындағы бір-біріне деген сенім мен ілтипатты нығайту мәселесін алға тартқан-ды. Бастапқыда бұл бастаманы қолдағандар сирек болғанымен, кейін жұрттың көзі жетті де кеңес Азиядағы өзара келісім мен тұрақтылық мәселелерін талқыға салатын тиімді платформаға айналған болатын. Айта берсек, ресми Астананың тарапынан айтылған идеялар мен Елбасының бастамасымен құрылған ұйымдар аз емес. Бұлардың барлығы Президенттің ғана емес, алаш жұртының абыройын асқақтатқан бастамалар. Біздің Президентімізді мақтан тұтуымыздың сыры да осында жатыр.

Жалпы, Елбасы Н.Назарбаевтың идялары негізінде құрылған халықаралық ұйымдар мен Қазақстанның интеграциялық процестерге араласуын бірнеше бағытта қарастыруға болады. Әрине, бірінші кезекте саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық интеграциялар деп үш бағытта қарастырсақ, одан бөлек жаһандық, аймақтық және бауырластық интеграция деп те талдауға болады. Қазақстанның бастамасымен құрылған немесе жұмысына ресми Астана белсене араласып жүрген халықаралық ұйымдардың сыры мен сипаты осындай.

Бейбітшілік кілті - сенімде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келе жатыр. Сөз басында айтқанымыздай, 1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру жөніндегі идеяны ұсынған еді. Өйткені, адамзат баласының 60 пайызы мекен ететін, көлемі жағынан жер шарындағы ең үлкен құрлықта тыныштық пен бейбітшілік орнамаса, адамзат баласының да ұйқысы тыныш, ертеңіне сенімі нық бола қоймайтынын Қазақстан Президенті жақсы білсе керек. Расында да, жаһандық сипат алған қауіп-қатердің басым көпшілігі Азиядан шықты. Терроризм, есірткі мен қару-жарақ, адам саудасы, аймақтық қақтығыстар, азаматтық соғыстар мен ішкі шиеленістер Азияда аз емес еді. Бәлкім, өзге құрлықтарға қарағанда молырақ та болуы мүмкін. Өйткені, қалай болғанда да Азия әлемдік діндердің бесігі еді. Әлемге ықпал ететін идеологиялардың да қазаны болатын. Одан бөлек адамның күнделікті тұрмысына қажетті игіліктер де Азияда жетіспей жататын. Аштық, ауру-сырқау, білім мен денсаулық сақтаудағы проблемалар да көп мұнда. Азия түзелмей адамзатқа береке орнамайтыны да белгілі болды қазір. Ал Н.Назарбаев мұны 1992 жылы-ақ алға тартқан еді. Сөйтіп, Азиядағы сенім мен серіктестіктің жаһандық мазмұны бар екендігін айтқан. Басында көп ешкім назар аудармағанымен қазақстандық дипломатияның табандылығының арқасында 1999 жылы бұл ұйым қызметін бастады. Яғни, Сыртқы істер министрлері деңгейінде алғашқы басқосу болып еді. Ал 2002 жылы АӨСШК-нің алғашқы саммиті Алматыда өткен болатын. Қазір бұл ұйымға 26 мемлекет мүше болса, 8 мемлекет пен 4 халықаралық ұйым байқаушы болып отыр. Мүше елдердің қатарында Корея Республикасы, Қытай, Пәкістан, Ресей, Түркия, Үндістан.Қазақстан, Өзбекстан сияқты болса, байқаушы ретінде бұл ұйымның жұмысына қызығушылық танытқандардың арасында АҚШ, Жапония, Индонезия, Малайзия тәрізді мепмлекеттер бар. Яғни, Н.Назарабевтың осыдан 25 жыл бұрын көтерген бастамасы қазір жүзеге асып, алпауыт мемлекеттердің адамзатқа ортақ мәселелерді талқылайтын диалог алаңы қалыптасып үлгерді. Алпауыт демекші, біздің Елбасы Азияда сенім мен өзара құрмет қалыптастырып қана қоймай, бұл бағыттағы жұмыстарды шағындау һәм белсенді топтың көмегімен жүйелі түрде атқару үшін тағы бір ұйымның құрылуына белсене араласқаны бар. Ол- Шанхай ынтымақтастық ұйымы еді. Әу баста «Шанхай бестігі» деп аталған ұйым Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін пайда болған еді. Кейін топқа Өзбекстан қосылған соң құрылым «бестік» болудан қалды да, мазмұны өзгерді. ШЫҰ-ды құруға бастамашы болғандардың қатарында Қазақстан да, Ресей де, Қытай да бар. Үш тарап та мүдделі болды. Нәтижесінде Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау, сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы серіктестікті тереңдету бағытында жұмыс істейтін ұйым пайда болған-ды. ШЫҰ құрамына биыл Үндістан мен Пәкістан қосылды да, ұйым құрамына кіретін мемлекеттердегі жалпы халық саны 3 млрд адамнан асып түскен жайы бар. Осылайша, ШЫҰ жаһандағы ең ірі ұйымдардың қатарына қосылып отыр. Ең бастысы ШЫҰ-на мүше мемлекеттер АӨСШК-не де кіреді. Демек, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жүйелі жұмыс істеуі АӨСШК-нің де кеңейіп, қызметінің жан-жақты болуына ықпал етері сөзсіз. Ең бастысы бұл ұйымдар аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтауда өз рөлдерінатқарып, адамзаттың бейбіт өмір сүруіне ықпалу етуі тиіс. Әрине, мұндай халықаралық ұйымдардың құрылуына мұрындық болып, құрылған ұйымдарға мүше болу арқылы Қазақстан да өз мүддесін ойлайтыны сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бірқатар халықаралық ұйымдардың құрылуын жақтай отырып, ұтымды саяси қадамдар жасағаны бар. Яғни, бүгінгінің алпауыт мемлекеттерінің барлығымен де достық-әріптестік байланыстарды сақтап отыр. Сонымен қатар, халықаралық интеграцияға белсене араласа жүріп елдің шекарасын бекемдеп, Ресеймен де, Қытай халық республикасымен де, Орталық Азиядағы бауырлас елдермен де шекараға байланысты келісмідер жасасқан еді. Қазақстанның көрші мемлекеттерімен шекараны делимитациялау процестері аяқталып қойған. Деморкациялар жұмыстары да мәресіне таяп қалды. Тек Ресей Федерациясымен арада ғана аздаған аймақтарға шекара белгілерін орнатып үлгере қоймадық. Бірақ, өзара келісімдер жасалып, олар Парламенттерде ратификациядан өтіп те қойған. Демек, мұның өзі Президенттің келер ұрпаққа жер дауын қалдырмау үшін жасаған сәтті қадамдарының нәтижесінде ғана мүмкін болып отыр. Халықаралық интеграцияларды жақтай отырып Елбасы Қазақ елінің әлемдегі беделін ғана емес, көрші-қолаңмен арадағы мәселелерді де шешіп үлгерді. Сондықтан, Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды рөл атқаратын халықаралық ұйымдарға біржақты қарамған абзал.

Жалпы, ірі халықаралық ұйымдардың бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу арқылы, бірінің құрылуына өзі ұйытқы болу арқылы Қазақстан өзінің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне жан-жақты кепілдік алған тәрізді. БҰҰ-на, ЕҚЫҰ-на, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше, НАТО-мен әріптес бола отырып Қазақстан аталған ұйымдардағы белді «ойыншылардың» көңілін таба білді. Бірақ, қауіпсіздік мәселесінде тек өзгелердің кепілдігі ғана емес, өзіміздің де сергек болуымыз керек екендігін назардан тыс қалдырған жоқпыз. Елбасы Қазақстан Қарулы күштерін құрған 1992 жылдан бері әскеріміздің даярлығы мен жарақтандырылуы күн санап жақсарып келе жатыр. Сонымен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше болу арқылы әскери салада да нақты одақтас таба білдік. Қазақтың «досы көпті жау алмайды» деген сөзінің өмірдегі үлгісі осы. ҰҚШҰ мүшелері әуе кеңістігін де, қажет болса шекараны да бірлесе қорғауға әзір. Қысылтаяң шақта бір-біріне әскери көмек беру туралы да келісімге келгенбіз. Алайда, ҰҚШҰ-ға мүше болуымыз, НАТО мен, өзге елдермен әскери салада ынтымақтастық құруымызға кедергі жасап отырған жоқ. Сөз басында айтқанымыздай адамзат баласының бір-біріне сенуі қажет екендігін, өзара құрмет пен сенімге құрылған қарым-қатынас қана қантөгістерден, зобалаңдардар құтқаратындығын түсінген жұртпыз. Елбасы өзінің осынау гуманистік көзқарасын өзге әріптестерінің де түсінгенін қалайды. Қазақ елінің халықаралық интеграцияларға белсене араласуының бір сыры осында болса керек. 

Новости в Вашем регионе