МҰХИТ АСҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Ел басына күн туған нәубетті заманды қазақ халқы тарихында аз кешірген жоқ. Қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдары қаншама халық қырылып жатты, елінің амандығын, бірлігін ойлаған ұлт зиялылары атылды, айдалды. Жағдайы келгендері шет ел асып жатты.

Амалсыз жат елге барып жансауғалаған қазақ босқындарының арасында оң-солын танып үлгермеген бүлдіршін қыз Әсия да болған еді. Небәрі 10 жасында әкесімен бірге туған жерінен алыстап, құрлықтың арғы бетінен бір-ақ шыққан қазақ қызы қазір Америка Құрама Штаттарында тұрып жатыр. Жасы жүзден асқан Әсия әжеміз– кезінде кеңес өкіметінің ұжымдастыру сылтауымен қазақтардың төрт түлігін тәркілеп, жасанды ашаршылық пен байларды қудалау қасіретінің кесірінен туған жерінен қол үзуге мәжбүр болған жанның бірі. Әжеміздің айтуынша, оның әкесі Сардарбек қария Шу өңіріне аты шыққан дәулетті кісі болған көрінеді. Коммунистер ауылдағы ағайынның байлығын алып, ақыры әкесінің өмірін өлімге қимақ болғанда бір топ жан бір түнде қашуға бел буады. Осыдан тоқсан жылдай бұрын болған осы бір көріністі кейуана әлі күнге ұмыта алмай келеді.
Түркіменстан, Қарақалпақстан арқылы қашып, Әмудария өзенінен өткен қазақтарды Ауғанстанның Маймана өңірлік шекарасын бақылап жүрген әскербасы қарсы алады. Надир, Захир шаһ сынды сол кездегі Ауғанстанды билеп келген  әулетке Әсия апамыз 14 жасында келін болып түскен көрінеді. Құдалыққа сөз салған ауғандықтарға ақыры Сардарбек ақсақал жалғыз қызын беруге келіскен еді. Сөйтіп 200 жылға жалғасқан корольдік династия әулетінен тараған әскери шенді Амири Мұхаммедке жас Әсия жар атанады. Әжеміз 12 ұл-қызды өмірге әкелген алтын құрсақты ана.  Рукия, Әмина, Әлия деген қыздары, Аман, Юсуф деген ұлдары ғана аман қалып, өзге перзенттері шетінеп кеткен.
Әсия әжейдің қызы Амина Амири Рахман:  "Менің анам көпбалалы болған, одан қазір бесеуіміз қалдық. Біз ол кезде жақсы өмір сүрдік. Жеке күтушілеріміз болатын. Мен анамның анасын көрдім, атамды көре алмадым. Ал, менің шешем басқа жатжұрттық болғанымен жергілікті халық, тіптен сарайдағы қызметшілер оны өте жақсы көретін. Өйткені ол өте мейірімді жан болатын. Бірақ, коммунистер Ауғанстанға басып кіріп, әскери төңкеріс басталғанда қудалана бастадық. Дәуіт хан отбасымен өлтірілген соң, біз он үш адам болып елден әрең дегенде қашып шықтық" деп қандастарын арнайы іздеп барған қазақ журналистеріне өз естеліктерін баяндаған. Бір кездері өзі де Ауғанстандағы ең бай әулеттің келіні атанған Амина апамыз да қазір жетпістің  белесінен асқан, немере сүйген әже.
Қудалаудан әупірімдеп аман шыққан патша әулетінің бір бөлігі 1982 жылы Түркия, кейін Германия арқылы Америкаға жеткен. Міне, сол уақыттан бері Әсия әже осы елдің тұрғынына айналды. Бірақ бар ойы тек туып-өскен қазақ жері жайында. Бүйрегі туған елге қарай бұрып тұрады.   «Туған жерім-у, елім-ау. Қасиетіңнен айналдым. Кіндігімнің қаны тамған Шу өлкемді сағындым» деп үнемі атамекенін аузынан тастамай отыратын көрінеді қарт кейуана.
Мұхит асқан қазақ қызының тағдыры – өткен ғасырдағы ел басынан өткен ауыр күндердің бүгінге жеткен шерлі шежіресі. Жалайыр руынан шыққан әжей 1916 жылы туған. Ол он жасында елден кетсе де тілін, ділін, дінін, таңғы шығын жалаңаяғымен шөбін басқан, қара шаңына асыр салып ойнаған, кіндік қаны тамған ауылын да ұмытпаған. Әсия апайдың осында тұрып жатқанына, міне, 36 жылдан асып барады, ал, қазақ топырағынан кеткеніне тоқсан жылдан асыпты.  Басынан талай тағдырлы оқиғалар өткен қарт әжейдің бүгінде 20 немере, 23 шөбересі бар, олардың бәрі Америка Құрама Штаттарының азаматтары.
Әсия әженің көзі тірі бауыры Исмайл ақсақал Алматы облысында тұрады. Исмаил қария атажұртына отбасымен бірге 1996 жылы қайтып оралады.
– Біздің әкеміз 1932 жылғы ашаршылық кезінде Ауғанстанға ауып кеткен. Әкем Ажарбек Әкімбек, Тұрар, Қисымбай, Сейітқазы деген аға-бауырларымен бірге көшкен. Мен жеті жылдан кейін 1939 жылы Ауғанстанда дүниеге келгенмін. Ұлы жүз Жалайыр руынан боламын.  Ауғанстандағы бір қауым қазақ жұрты бір-бірімізге туыс болып, қыз алысып, қыз берісіп жақындасып кеттік. Әкеден алты жасымда айырылдым. 16 жасымда Қазақстаннан ауып барған Ұлы жүздің Дулат руынан шыққан, өзіммен құрдас қазақ қызымен отастым,-деп еске алады Исмаил ата жат елде жүрген жылдарын.
Әсия әженің әкесі Сардарбек қария Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы. Демек Әсия әже мен Исмаил ақсақалдың түп тамыры осы өлкеден бастау алады. Исмаил қария 1973 жылы Ауған елінде жүргенде бабалары жатқан Мойынқұм ауданына қонақ болып келген екен. Ол кезде Сардарбек қарияның көзін көргендер бар еді, бұл кісілер түбі бір жақынымыз деп хат алысып та тұрған. Зақария, Өмірия деген қарындастары, Керім, Әбілқасым деген аталарының да көзі тірі кезі. Бұл күнде Сардарбек қарияның Шуда да, Мойынқұмда да, Жамбылда да көзкөрген ағайындарының қатары сиреп қалған.
Исмаил қария 1976 жылы отбасымен Ауғанстаннан Түркияға қоныс аударады. Қазақстан мен Ауғанстанда жеке куәлікте әкесінің атымен жүрсе, Түркияда тегіңді міндетті түрде көрсетуің керек. Сол жаққа көшіп барғанда құжаттарды рәсімдеу кезінде Исмаил қарияға да тегін көрсету керек болды. Отанына оралу ол кісінің де асқақ арманы болды. Сондықтан тегін ойланбастан Отансүйер дегеніне түріктер орнынан тұрып, шапалақтап қол соғады. «Тамаша екен, қайдан таптыңыз» деді. Олар Түркияға қатысты деп ойласа керек, ал негізі қазақ перзентінің еліне деген сүйіспеншілігінен туындаған қадам еді. Еліне деген сағынышын тегіне жазды.  Әсия әже бауырымен бірге Түркияда бірнеше ай бірге тұрып, әуелі Германияға, араға бірнеше жыл салып 1987 жылы күйеу балаларымен Америкаға қоныс аударады. Исмаил ақсақал болса тіліне де, дініне де жақсы болған соң Түркияда қалып қояды. Түрік мемлекетінде ширек ғасыр уақыт өмір сүріп, 1996 жылы атажұртқа қайтып оралады. Әжейдің бұл кісіден басқа аға-бауырлары Ауғанстанда жүргенде өмірден озған. Кейуананың өзінен кіші Орынбасар деген сіңілісі болған, артында ұрпақ та қалмады.
Өзге елде жүргенімен қазақы дәстүрін ұмытпаған Әсия әже  кездескен қандастарын аты қазақ болса өзіне туысқан қылып алады екен. Қай жерде өмір сүрсе де, екі-үш қазақтың басын қосып, бауырына тартып жүргені. Бұрындары араға екі-үш жыл уақыт салып Алматыдағы інісіне барып тұратын еді. Қазір қартайды, бірнеше ұшақ ауыстырып келу қиынға соғады. Сағынғанда өзің кел деп шақырады... Нағашысын іздеп жиендері де Қазақстанға жиі келіп тұрады. Әсия әже Қазақстанға көшіп келгісі келеді-ақ... Бірақ жолдасы қазақ болмағасын, балалары қазақшаға шорқақ, тіптен мүлде білмейді деуге де болады. Тіл білмеген соң күн көру қиын. Сондықтан үйреніскен елде тұрақтап қалған.
Апалы-інілі бауырлардың нағашы жұрты – Ұлы жүзден тараған Ботбай руы. Шешесінің аты – Ұлтықаш, нағашы атасы – Әлкебай.  Әсия әжейдің інісі екеуінің арманы - нағашы жұртын табу. Естерінде көп нәрсе қалмаса да, Төлеп пен Ысқақ есімді нағашылары әлі жадында. Бұлар аналарының інісі не ағасы болуы керек.  Аналары үнемі Меркінің қызымын деп  айтып отырады екен. Нағашыларын тауып, иықтарына шапан жауып, аналарының жеткізе алмай кеткен аманат сәлемін айтып, баталарын алу қос бауырдың жалғыз арманы.
Әсия әженің Американың Вирджиния штатында тұрып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Осыдан бірер жыл бұрын 101 жасқа толған қазақ әжейге АҚШ билігі жеке пәтер сыйлап, күтуші жалдап берген болатын. Әсия Сардарбекқызы жайлы арнайы роликтерді ғаламтордан қарап отырып бір ойды көңілге түйдім. Әже елден көшкенде әлі сарауыз балапан болатын. Жолдасы да өзге елдің азаматы. Өмір бойы бассауғалап бір елден бір елге көшіп-қонып жүрді. Бірақ уақыт елін шын сүйген нағыз қазақ қызының болмысын өзгерте алмады. Өзге елдің салт – дәстүрі де әжеміздің ұлттық әдеп - ғұрпын ұмыттыра алған жоқ. Ана тілін қастерлейтін, жоғары бағалайтын Әсия әже қазақшаға судай. Шет елде жүрмін деп тілінен безінбеген. Үстінде камзолы, басында әппақ жаулығы, қолында қазақи нақыштағы сақинасы, мойнында алқасы.
Қандай бір тағдыр тауқыметін бастан өткерсе де асыл қасиеттерін жоғалтпаған алыстағы қайсар қазақ қызының біз білген, түсінген бейнесі, міне осындай!

Новости в Вашем регионе