МЕН САЙЛАУҒА НЕ ҮШІН БАРАМЫН?

Мен – белшесінен несиеге батып жүрген, шайнамай жұтып жіберуден шімірікпейтін жайын ауыз банктердің жемтігіне айналған, олардың ақшасының айдынында бірде тұншығып, бірде малтығып шығып, жағасына жете алмай жүрген көп Қазақтың бірімін.
Бірақ менің мұныма ешкім кінәлі емес.
Кінәлі тек өзім. Қайта мемлекетіме рақмет, несиелік жүйені енгізіп, қарызға болса да тапқаным бірде жетіп, бірде жетпей жататын мына күйбең күйімнен анда-санда құтылдырып, бала-шағамның қамын жасатып, қуантып қояды. Бұл маған кәдімгідей демеу. Әжептәуір алданыш. Ары тартсаң бері жетпейтін, бері тартсаң ары жетпейтін мына түлкібұлаң тіршілікте осы өміріме қанағат етем. Әкемнен жастай жетім қалып, қиындықты көп көріп өссем де Мені осылай жаратқан Жасаған Иеме ризамын. Бауырым бүтін, басым аман болсыншы тек қана. Денің сау болса, басқасының бәрі ештеңе емес. Менің осы күніме де жете алмай жүрген адамдар көп деп, өзімді оңашада жиі жұбатамын. Жабырқау жандардың жанына жалау болғым келетіні бар. Құлап жатқандарға шамам келгенше сүйеу болуға тырысамын. Ауырып қалғандардың көңілін сұрап, төсек тартып, тұра алмай қалғандарды ажал ауызынан арашалап, аман алып қалғым келетін көл-көсір пейілім, ағыл-тегіл ниетім бар.
 

атындарды татуластырып жүрем. Жұмыс жағдайында, қызмет бабымен бастығының қудалауына ұшырап, жұмысынан қуылып қалғандарға қашан да көмек қолымды созам. Ондайда, жәбірленушіні жақтап, ал өзін "құдайдың құлағынан ұстап тұрғандай" сезінетін әлгіндей бастықсымақтарға қасқая қарсы тұрып, кеудемді оның оғына қорықпай тоса алам. Шіренген шенеуніктерді орнына қоя алам. Сөйте тұра олардың лауазымына ұмтылмаймын. Мансабына көз сатпаймын. Билігіне бас ауыртпаймын. Тақ-мансапты қажет етпеймін. Тақ демекші, жұп-жуан, қап-қалың, біп-биік, майлы орынтағынан өз еркімен, оп-оңай кете салатындардың біздің қоғамда әлі де болмай тұрғанына қарным ашады. Жемқорлыққа белшесінен батқан сыбайластардан, былыққа битше жармасатын, түзу басқан аяғыңды кез-келген сәтте шала салатын «шіріген жұмыртқа» - шенеуліктерден түбегейлі түңілемін. Абыройына талай нұқсан келіп, ары былғанып жатса да қызметінен айырылса өзін өліп қалатындай көретін, өліп-бара жатса да қызметінің мойынынан құшақтап, етегіне кенедей жабысып алатындарға жаным ашиды.
Шылқыған байлықты аңсамаймын. Шіріген байларға қызықпаймын. Қалтасы қалыңдарды қызғанбаймын. Шетелге қыдырып барып-келіп жататындарға сілекей шұбыртпаймын. Әрине, бәрін сыйлаймын. Үлкенін де, кішісін де. Бақыттысын да, бақытсызын да. Өйткені оларға да сол байлықты, сол қызықшылықты тәңір бұйыртқан. Алла бір пендесін байлық беріп сынайды. Ал бір пендесін жоқшылықпен сынайды. Мен осы екінші санатқа жатам. Алла мені дүние-дәулеттен бірде-бар, бірде-жоқ қылса да, бойыма тума талант беріп сыйлады! Бұл мен үшін үлкен сый!
Санамды көрсоқырлықтан сақтап, өзімді кісіліктен кенде қылмаған Жаратқанға шексіз мадақ, сансыз тәубе!
Мені Қазақ қылып жаратқанына мың шүкір!
Өз жерімді, өз Отанымды, өзімнің туған xалқымды сүйемін. Және осы жолда алған бетімнен қайтпаймын. Өйткені бағытым дұрыс.
Сол себептен де алда болатын сайлауға міндетті түрде қатысамын. "Менің бір дауысымда не тұр дейсің" деп бойкүйездікке салынып үйде жатып алмаймын.
"Әйтеуір біреуі болмаса, біреуі сайланады ғой" деп самарқаулық танытып, сырттан да тон пішпеймін.
Мен – Қазақстан азаматымын! Елімнің тағдыры - менің де тағдырым. Елімнің бұдан да ары жақсаруына титтей де болса тамшыдай үлес қосқым келеді. Елдегі осы тыныштығымыздың тұрақты сақталуын қалаймын. Қоғамнан үлкен өзгерістерді күтемін.  
Жоғарыда мен айтқан келеңсіздіктердің тамырына балта шабылса екен деп тілеймін. Жалаулатқан жағымпаздардың, екпіндеген екіжүзділердің, беті бүлк етпей өтірік пен уәдені қарша борататын биліктегілердің бүгінгі күнге дейін қалыпты жағдайға айналған даңғазалық, дарақылықтарына тоқтам болатын шығар деген үміттемін.
Мені қоршаған жан-жағымдағы барша өзге сайлаушылар да осылай ойласа екен деп тілеймін.

Новости в Вашем регионе