ЖҮГІРІП ЖҮРІП, ҚОҚЫС ЖИНА!

Жастар жылы аясында Ақсу қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі мен жастар бастамаларын дамыту орталығы "Спорт және тазалық" атты экологиялық акция - плоггинг өткізді.

Денсаулық күніне орай ұйымдастырылған шараға Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев қатысты.

Жалпы, "плоггинг" деген ұғымға құлағымыз үйреніп келеді. Ал, оның мағынасын ашар болсақ, ол салауатты өмір салты мен экология қамқорлығын білдіретін ұғым. Швециядан бастау алған. Бүгінгі күні әлем елдерінде кең таралған. Бұл трендке еуропалық елдер де қосылған.

Плоггингтің шарттары қандай? Жүгіруге өзіңізбен бірге қоқыс пакетін аласыз да жол бойы көзіңізге көрінген қоқыстарды жинайсыз.

Осы аталған ережелерді ұстанған ақсулықтар да ерекше белсенділік танытты. Ең алдымен, Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайының артына 300-ден астам белсенді жиналып, таңғы жаттығу жасады. Әуеннің ырғағымен қатарласа флешмоб билеп, барлығы дүниежүзілік денсаулық күнін қолдады. Қала әкімі Балғабай Жұмағұлұлы жиналғандарға  ризашылығын білдірді.

- Жастар жылына арналған осындай спорттық - экологиялық акцияға қош келдіңіздер. Қаламызды абаттандыруға қатысып отырғандарыңызға алғысымызды білдіреміз, - деп белсенділермен бірге стартқа тұрды.

Бұдан соң, барлығы 4 көшені қамтыған маршрут  2400 метр немесе Президенттік қашықтықта қоқыстарды жинай жүріп, жүгіріп өтті.

Бұл күні белсенділік танытып, пакеттеріне қоқысты толтыра жинаған спортшылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Сонымен ерекше белсенділердің қатарында Мирмохсуд  Гашибаев (№4 орта мектеп), Виталий Прокин (АФЗ), Данил Белимов (Жаяу Мұса атындағы колледж), Нұрлан Қасенов (зейнеткер), Артур Муншау (БЖСМ), Максим Дубов (БЖСМ), Павели Михул (БЖСМ), Залмұқан Арынов (Ардагерлер кеңесінің төрағасы), Әли Смағұлов (Қара металлургия колледжі), Темірлан Хамзин (АФЗ), Жаслан Садықов (Қара металлургия колледжі), Андрей Дипцов (АФЗ) бар. 

Салауатты өмір салтын сақтай жүріп, қаламызды қоқыстан тазартуға атсалысқан белсенділердің аталмыш шараға көңілдері толды. Өйткені, олар бұл күні бір оқпен екі қоянды қатар атты.

Алдағы уақытта да шаһарымыздың әр бұрышын қоқыстан тазартып, абаттандыруға жұмыла қатысайық.

Суреттерді түсірген - А.Көшербаев.

ЖҮГІРІП ЖҮРІП, ҚОҚЫС ЖИНА!

Новости в Вашем регионе