Жеңіске жетелеген асқақ рух

Көкшетау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Надежда» облыстық спартакиадасының қорытындысы шықты. Екі күн бойы мүгедектер арбасымен жарысу, жеңіл атлетика, стөл теннисі, қол күресі, суға жүзу, пневматикалық винтовадан ату, шахмат, дойбы мен тоғызқұмалақтан тартысты сайыс өтті.

«Надежда» спартакиадасының басты мақсаты - барлық адамдарға мүмкіндік туғызу және салауатты өмір салтын қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу. Жалпы 250-ге жуық спортшылар, соның ішінде ауданымыздың спортшылары өз күштерін, мергендігі мен шеберлігін, жылдамдығын көрсетті.

Біздің команда аудандар мен қалалардан келген 19 командалар арасынан 9 орынға тұрақтады. Жеңімпаздарымыз да бар. Атап айтсақ, жүзуден Бозайғыр аулының тұрғыны Малинник Вероника екінші орын иеленсе, Шортанды кентінің тұрғыны Катревич Сергей үшінші орынды, шортандылық Долгачев Сергей 3 қола медаль иегері атанды. Біреуін жатып штанга көтеріп алса, екеуін қол күресінен жеңіп алды.

«Надежда» спартакиадасы Көкшетау қаласының командасының жеңісімен аяқталды. Күміс медаль жүлдегерлері болып Жарқайын ауданының командасы атанса, Зеренді ауданының командасы үшінші орынға тұрақтады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың салауатты өмір салтын ұстанғаны қуантады. Кейбір спортшылардың денсаулығына байланысты спортпен шұғылдануы қиын болғанымен беріле салмайды. Ол олардың рухтарының мықты екендігін көрсеткендей. Спортшыларымыздың спартакиададан алған әсері көпке дейін естерінде сақталмақ.

Новости в Вашем регионе