Жадымыздан кете бастаған спорт түрлері жаңғыруда...

Спорттың адам өмірінде алар  орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы  мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата- бабаларымыз  «тәні саудың – жаны сау» немесе «бірінші байлық-денсаулық»,- деп бекер айтпаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  халқына арнаған Жолдауында 2030 жылға дейін экономикалық, әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттігін атап көрсеткені  мәлім.

«Тазалық – саулық негізі, саулық байлық негізі»,- деп те  бекер айтылмағаны  анық. Мелекеттің гүлденген экономикасын  дені сау, саналы азаматтардың қалыптастыратыны  белгілі. Сондықтан Жолдаудағы көрсетілген салауатты өмір салтын қалыптастыру, насихаттау шараларын  белсендірек  жүргізгеніміз абзал. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру – баршамыздың  міндетіміз.

Өткен ғасырдың 1990 жылдарының  аяғына дейін спорттың қай түрі болсын Қызылсая ауылында жақсы дамыған еді. Ол кезде аға жаттықтырушылар Балтабек Аманжолұлы мен Ғазез Айдарханұлының  бапкерлік шеберліктерінің арқасында ауыл азаматтары талай рет аудан, облыс  чемпиондары  атанғандарын мақтанышпен айта аламыз. Кейіннен елді мекеніміздегі  спорт залымыздың  жарамсыз күйге  түскені     төбемізге  жай  түскендей  әсер  қалдырды.  Сол кезден бастап  ауылымыз бірқатар спорт  түрлерінің  тұралауы   жігерімізді  одан  бетер жаныды. Бұл уақытша құбылыс  екені   сол кезде ешкім сезбеген-ді.

Міне  араға  біраз  жылдар  салып,  заман  ағымы түзеліп, мектепке жаңа спортзал салынғаннан бері еңсеміз түзелгендей күй кештік. Қысқа  ғана  уақытта  ауыз толтырып айтарлықтай  жетістіктерге  қол  жеткі- зе  бастадық. Оған ең алдымен ауыл мектебіне киелі Торғай  топырағынан  түлеп  шыққан  жас  маман  Дүйсенбайұлы Абылайдың денешынықтыру  пәнінің  мұғалімі  болып  орналасқаны  оң  септігін тигізгені сөзсіз. Төрт-бес жылдан бері ауылдың волейбол құрама командасы ауданның үздік үштігінен түскен емес. Абылайдың жеңіске деген жігерінің арқасында, осы спорт түрінен шеберліктері  жоғары   командалардың  өздері  де  бізбен санасатын  болды.

Ұлттық қазақ  күресі де былтыр күзден бастап қолға алынып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Оған дәлел, балуандарымыздың жаттығуларына   үш-төрт айдың жүзі болса да,  араларында бір облыс чемпионы бар. Осы спорт түріне  жанашырлықпен  қарап,  ауыл жастарының болашағын ойлаған, күреске  қажетті    жабдықтар алуға, ел болып әркім өз мүмкіндіктерінше  қаржылай атсалысып,    бірлікті  ту етіп ұстаған Қызылсая ауылының азаматтары мен азаматшаларына мың  алғыс айтқым келеді!  Олардың  арасынан   ел  жігіттері мен  аталған  бастаманы  бірден  қолдаған, жоғары буын өкілдерін де ерекше  атап өтуге болады.

Ал, палуандарымызды  жаттықтырып, жарысқа дайындап жүрген,  жас болса да, бас бола білген ел азаматтары Молдаш Серік  және  Азамат Мусин сынды інілеріме еңбектерің жанып, табыстарға  толы  болсын демекпін. Есімдері  аталған  біліктері  жоғары  мамандардың  алдағы  уақытта  да  талай чемпиондарды тәрбиелейтініне  сенімім мол. Екеуі де ауылымыздың  нағыз  патриоттары екенін  нақты  істерімен дәлелдеуде. Мұнымен   қатар  түрлі  спорттық сайыстардың бел ортасында жүрген, ұйымдастырушылық  қабілеті  жоғары  Сәлімжан Молдашевқа да  ел  тұрғындары дән риза.

Сөз соңыда «Бірлік  бар жерде, тірлік бар» - демекші туып өскен ауылымызды көркейту өз қолымызда екенін ұмытпайық ағайын дегім келеді!

Новости в Вашем регионе