XVIII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайында 18 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан халықаралық балалар спорт фестивалінің ашылуы болды.

Аталмыш фестивальді 18 жыл қатарынан (ERG) Еуразиялық Топ құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауыты өткізіп келеді.

Биылғы фестиваль жылдағыдан 740-тан астам спортшысымен ерекшеленіп, рекорд орнатты деуге болады. Оған еліміздің әр түкпірінен және Ресейдің Барнаул, Славгород, Қарасуық және Қырғызстанның Бішкек қаласынан спортшылар келді. Олар спорттың 6 түрі волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі, гір көтеру және армрестлингтен бақ сынады.

Құттықтау сөз Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасовқа, "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьевке  берілді. Олар өз сөзінде спорттың дені сау жас ұрпақты тәрбиелейтінін, осындай жарыстар тек спорттық қарым-қабілетті дамытып қана қоймай, сондай-ақ, аймақтар мен мемлекеттер арасындағы достықты нығайта түсетіндігін айтты. Соңында қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеп, мықтылардың оза шабатынына сенім білдірді.

Жарыстың бас төрешісі - халықаралық санаттағы төреші Юрий Стрелецтің айтуынша, фестивальдегі спорттың барлығы ең алдымен сұранысқа ие және қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Сонымен қатар, өңірімізде жақсы дамып келе жатқан спорт түрлерінің барлығы бар, деді ол.

Айта кету керек, биылғы жарысқа Қырғызстанның астанасы Бішкектен алғаш рет спортшылар келіп отыр. Бұл жолы жарысқа олардың футболшылары мен волейболшылары қатысқан.

Үш күнге созылған тартысты бәсекеде мықтылар оза шауып, басымдықтарын көрсетуге тырысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 18-ші фестиваль 22 команда футболшылары мен 100-ден астам теннисшілердің қатысуымен есте қалады. Ал, волейболшылар шеберліктерін, баскетболшылар мықтылықтарын дәлелдей алды. Күшті екендігін көрсетіп гір спорты мен армрестлинг қатысушылары да ерекшеленді.

Фестивальдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ең үздік ойыншылары кубок, медаль, грамота және сыйлықтарға ие болды. Дәстүрге сай ұйымдастырушылар жас спортшылардың жаттықтырушыларына естелік сыйлықтар табыс етті.

Аталмыш фестивальдің өтуіне мұрындық болған "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауыты талай спортшылардың бағын ашып, спорттық ареналарда жоғары тұғырдан көрінуге сүбелі үлес қосып келеді. Олар тек спорттық жарыстардың өтуіне қолдау білдіріп қана қоймай, жаттықтырушылардың қызметін, әртүрлі деңгейдегі жарысқа қатысушы спортшылардың жүріс-тұрысына дейін көтереді. Ақсу қаласы тұрғындарының белсенді өмір салтын қолдауға және қаламыздағы  салынып жатқан спорт алаңдарына да көмектеседі.

Суреттерді түсірген - А.Көшербаев.

XVIII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Новости в Вашем регионе