Ұстаз – ұлт айнасы, ел мерейі

Әлемдегі мамандық атаулының ішінде ұстаздық ету, шәкірт тәрбиелеу ісінің көш басында тұратыны анық. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»- деп дана Абай айтпақшы осы бір үлкен құрметке ие мамандық иелерінің халқымыз үшін қашан да қадірі асқақ, абыройы биік. Өйткені, ұлтымыздың ұлылығы мен ғасырлар қойнауындағы қазыналы тарихын жас ұрпаққа таныстырып, бойына асыл қасиеттерін сіңіретін де осы ұстаздар қауымы. Осы орайда қаламыздағы Балуан Шолақ мектеп лицейінің белді ұстаздарының бірі Болат Зейноллаұлын сөзге тартқанды жөн көрдік. Болат ағайды қызу жұмыс үстінде жолықтырдық. Орталық стадионда өтіп жатқан жеңіл атлеттер жарысында оқушыларының бағын сынап жүр екен. Мақала кейіпкерінің өз ісіне шынайы берілгендігін, шәкірттеріне деген қамқорлығын алыстан-ақ аңғардық. Жалпы Болат Зейноллаұлының бір кездері жауырыны жерге тимеген балуан болғанын, ауданымызда алғаш ұлттық ойынымыз тоғыз құмалақтың дамуына үлесін қосқанын біреу білсе, біреу білмейді. Орайы түсіп, әңгімеге тарттық.
Болат Зейноллаұлы Шакиров 1957 жылы ауданымызға қарасты қазіргі «Құс фабрикасының» орнында болған бұрынғы Қараөзек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Зейнолла соғыс ардагері. Қан майданда көрсеткен ерліктері үшін бірнеше жоғары дәрежелі медальдармен мараптталған. Соғыстан кейін де қол қусырып қарап отырмай 40 жыл бойы трактор жүргізген. Ал, анасы Мининұр Шакирова сауыншы болып қызмет еткен. Балғын балалық шағы жайлы Болат айғай былайша баяндады: - Қала шетіне салынған үлкен «Құс фабрикасының» орнында бұрын «Қараөзек» деген біздің ауыл болған. Менің сол ауылда кіндік қаным тамған. Ауылдағы 4 сыныптық мектепті бітіргеннен кейін отбасымыз Колоколовка ауылына қоныс аударып, мен Макинск қаласындағы мектеп интернатқа оқуға келдім. Қазір өзім еңбек етіп келе жатқан білім ордасында оқуымды жалғастырдым. Сол кездегі білікті ұстаздар сабақ берді. Сынып жетекшіміз болған Күміс апай әлі күнге дейін ортамызда. Қайырбай Ташимов, Жаркен Жусупов, Жанбатыр Мизамов, Төлеубек Жүсіпбеков сынды ұлағатты ұстаздардан дәріс алдық. Төлеубек ағай ол кезде интернат меңгерушісі болды. 1974 жылы сол мектептің түлегі атанып, бітіріп шықтық. Әркім әр түрлі мамандық иегерлері атанып оқуға түсіп жатты. Мен 1975 жылы әскер қатарына аттандым. Москва маңындағы Кинешма қаласында әскери борышымды өтедім. Кезінде күреспен шұғылданғаным үлкен пайдасын беріп, әскер қатарында көзге түсе бастадым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Тоқтар деген ағай күреске дайындаған еді. Соның арқасында әскерилер арасында өткен жарыстардың жеңімпазы атандым. Осылайша спорттан қол үзбей, әскерден келген соң 1978 жылы Щучия қаласындағы педагогикалық училищеге денешынықтыру мамандығы бойынша оқуға түстім. 1980 жылы бітіріп, Астрахан ауданына қызметке бардым. 2 жылдай ол жақта еңбек еткен соң, Колоколовка ауылына оралдым. Ол ауылда мамандық бойынша еңбек ете жүріп, кейін құрылыс саласына ауыстым. Тек 1997 жылы ұстаздық жолымды қайта жалғап Макинск қаласындағы №4 орта мектебіне денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналастым. Ал, 2001 жылдан бастап еңбек жолымды №1 орта мектебінде жалғастырдым. Содан бастап осы мектеп қабырғасында ұстаздық етудемін. Иә, мақала кейіпкерінің өнегелі өмір жолы шәкірт тәрбиесімен тікелей байланысты. Спорт саласында тәрбиелеген шәкірттерінің алды өз істерінің шеберлері атанған. Қанша ма шәкіттері облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпаздары атанып, ұстаз мерейін асырып жүр. Ұжымына сыйлы, шәкірттеріне үлгілі бола білген Болат Зейноллаұлы отбасында да аяулы жар, ардақты әке. 1981 жылы Бақыт Отарбаева екеуі шаңырақ көтеріп, 3 бала тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере бағып отырған бақытты жандар. Әрбір оқушының жан дүниесіне терең үңіліп, тамшыдай талабын ашар осындай ұлағатты ұстаздарымыз көп болғай.

Новости в Вашем регионе