Шортандыда жүйріктер жарысы өтті

14 шілде күні Шортанды иппадромында «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында және Елордасы Астана қаласының 20 жылдығына орай дәстүрлі ат спорты мерекесі өтті. Жалпы бәйгеге Шортанды кенті, Екібастұз қаласы, Андреевка ауылы, Күлшін ауылы, Жібек жолы ауылы, Ақкөл ауданы, Қорғалжын, Целиноград ауданы, Астана қаласы, Пригородное ауылы мен Коянды ауылынан 26 жүйрік қатысты.

Бар болмысын жылқымен байланыстырған қазақтың бәйгесі, көкпары, аударыспағы мен өзге де ұлттық ойындары әрқашанда асқақ, әрқашанда биіктен көрінеді. «Ер серігі - ат» деп білген ата-бабаларымыздың қылқұйрықтары майданда сенімді серігі, жайлауда саялы сейілі, сапарда көлігі, бәйгеде мақтаны бола білді. Бір сөзбен айтқанда жылқы қазақтың асқақ рухы, қанына сіңіп, тамырына байланған ұлы құндылығы.

Бәйге. Бұл халқымыздың сан ғасырдан бері ұлттық болмысы мен қанына сіңіп, дәстүріне айналған, тамырымызбен біте қайнасқан құндылықтарымыздың бірі. Жылқы мінезді халықтың бәйгеге жүйрігін қоспай, ұлы дала төсін тұлпар тұяғымен тарпытпай, дүниені дүлділдер дүбірімен толтырмаса қаны қызып, рухы асқақтар ма еді.

Биыл да Шортандының шұрайлы топырағында желмен жарысқан қылқұйрықты жүйріктер жарысы жетінші мәрте өткізілді. Таңертеңгілік Шортанды ипподромына ағылған халықтың қарасы көп болды. Жаздың салқын да самалы желпіп, ұлттық мерекеге жиналушылар мен қатысушыларға жайлылық сыйлағандай. Ақбоз үйлер тігіліп, сауда-саттық қойылған. Алтыбақан теуіп мәз болған балалар мен мереке қашан басталар екен деп тағатсыз күткен көпшілік.

Алдағы үлкен сыңақты сезінгендей тұлпарлар да тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен алысса, шабандоз балалар жүйрігінің жал-құйрығын сипап тыныштандыруда. Бір шетте білекті де жүректі жігіттердің бір тобы көкпар тартуға қамданып, астындағы атының ертоқымын түзеп, айылын мықтап тартып жатса, мына бір шетте аударыспаққа түсер алып тұлғалы жігіттер білектері мен тақымдарын жаттықтырып жатты.

Ипподромға бәйгеге қатысушылар салтанатты шерумен келді. Әнұран шырқалып, шағын концерттік бағдарлама қойылды. Бәйгеге жиналушыларды аудан әкімінің орынбасары Мұхамедин Ерлан құттықтап, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Сонымен ұлы дода, ұлттық ат спорты сайыстары да басталып кетті. Алдымен аттарын ойнақтатып ортаға көкпаршылар шықты. Новокубанка мен Күлшін ауылынан келген көкпаршылар көксеркені ортаға тастап, кім мықтыны анықтауға кірісіп те үлгерді. Бірі келіп жерде жатқан көкпарды іліп алса, қарсыласы оның тақымындағы көкпарды тартып алуға талпынуда. Қарсыласын өз командаластарының қолдауымен көкпарды қазандыққа әкеліп тастағанда көрермен көптің қошеметі жер мен көктің арасын жалап жібергендей шуға бөленді. Осылай бір біріне дес бермеген екі команда арасындағы көкпар тарту сайысының бірінші кезеңі де өз мәресіне жетті. Жалпы екі команданың көкпаршыларын таныстырып өтсек, Күлшін ауылының көкпаршылары Қадыров Әділбек, Мурсалиев Ерназар, Жоламан Мақсат, Шаймерденов Серік, Бисекеев Саят, Букаев Ерғали, ал Новокубанка ауылының көкпаршылары Ноябрь Дауренбек, Кику Бекнұр, Қинаят Ғибрат, Шаймерденов Арсен, Оклян Ернар, Өркенов Ерсұлтан.

Одан соң желіс аттары 2,4 шақырымдық қашықтыққа жарысқа шықты. Бар жоғы бұл жарысқа екі ат қатысты. 1 орынды Астана қаласынан келген шабандоз Цупруной Андрейдің Станклерлок атты жүйрігі жетсе, екінші болып Астана қаласының жүйрігі Кимберлер шабандоз Заболотин Константиннің басқаруында келді.

Желіс аттарының дүбірі желпіндірді ме, келесі болып 10 шақырымдық тоқ бәйге жалғасты. Барлығы 9 тұлпар жарысқа түсті. Бірінің бабы келмесе, бірінің бағы жанбай, ал бірінің үстіндегі шабандозы келіспей, жүйріктер бірінен соң бірі жарыс жолынан шығып қалып жатты. Бұл бәйгеде көмбеге бірінші болып шортандылық Тасмағанбетов Әділеттің шабандоз Серғазиев Диас мінген «Барса» атты тұлпары жетсе, екінші болып көршілес Ақкөл ауданының Шабандоз Аманжолдың тақымындағы «Алатау» атты жүйрігі (Иесі Ибраев) келді. Ал, үшінші болып тағы да сол Ақкөл ауданының қылқұйрығы Ибраев Даниялдың шабандоздық етуімен жетті.

Шашысына шаң жұқтырмас, төрт аяғын тең басқан 7 шақырымдық қашықтыққа 5 жорға жарысқан Жорға жарысында көмбеге Андреевка аулының В.Ф.Абермиттің қос жорғасы шабандоз Ровда Андрей тізгіндеген «Эдельвейс» атты жорға бірінші келсе, шабандоз Филипов Артем «Гипард» атты жорғамен екінші, ал үшінші болып Целиноград ауданы Қоянды ауылының жорғасы шабандоз Ахмедов Саид «Жозе» атты (иесі Е.Д.Альтергот) жорғасы жетті.

Жорға жарысынан кейін көкпардың екінші кезеңі жалғасты. Екі команда көкпаршылары да өздерінің мықты екендіктерін танытып, екі қазандыққа да көкпарды кезек-кезек тастады. Көкпар қорытындысы бойынша …..........

Көпшілік тағатсыздана күткен аламан бәйге де басталды. 10 шақырымдық қашықтыққа 10 тұлпар тұяқтарымен топырақ шашып, ауыздықтарымен алысып алға ұмтылды. Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда деп, бірін бірі озған тұлпарлар әрбір айналым сайын екпіндеріне екпін қосып, атсүйер қауымның делебесін қоздыра түсті.

Міне, көмбе де жақын. Әне-міне дегенше аламанды артқа тастаған бірінші ат та көмбеге жетті. Бірінші болып Астрахан ауданының Оксановка ауылынан келген шабандоз Аманжол Аят «Қара дәу» атты тұлпармен (иесі Ибраев) жетсе, екінші болып Андреевка ауылынан келген шабандоз Роман Құдайберген «Атлантика» атты тұлпармен (Иесі В.Ф.Абермит) келді. Ал, үшінші болып Екібастұз қаласынан келген шабандоз Төлен Нұрбол «Аманат» атты тұлпармен (иесі А.Қожанов) жетті.

Арасында табиғат ана бәйгеде қаны қызған тұлпарлар мен жүйріктер жарысына желіккен жұрттың қызуын басып алайын деді ме, нөсерлетіп жаңбырын төгіп-төгіп алды. Білекті жігіттер аударыспақта күш сынасса, мергендер жамбы атып мергендіктерін дәлелдеді.

Шортандыда өткен ат спорты жарысында атсүйер қауымның көзайымына айналып, оның көрсетер өнерін күтетін жанкүйерлері үшін әлемнің төрт дүркін рекордсмені Сергей Цырульников өнер көрсетті. Ол, биыл шәкірті Тимур Спатаевпен келіп, өз өнерін шортандылық көрермен көпке паш етті.

Бәйге соңында жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Бірінші орындарға 350 мың теңге, екінші орындарға 250 мың теңге, ал үшінші орындарға 150 мың теңге жүлде табысталды.

Ауданда өткен ат спорты мерекесі ауданның барлық қызметтерінің жұмылған еңбегімен көрінді. Бәйгенің қызықты өтуіне атсүйер жерлестеріміз «Нива» ЖШС басшысы Владимир Абермит, Астана қаласының «Көкпар» ат спорты клубының директоры Аманжол Хасенов, жеке кәсіпкер Руслан Газдиев және басқа да ат спорты шарасының бастамашылары өз үлестерін қосты.

Демеушілерге келетін болсақ, олар "ESIL STONE" ЖШС – К.Солсанов, «Ұлытау-Неруд» ЖШС – К.Кокишев, ЖК Оспанов, «Гранит плюс» ЖШС – М.Жолдаспаев, ЖК Байғазинов, «Бозайғыр» ЖШС – Ш.Иминов, «Туран Индастри» ЖШС – Т.Искенов, «Новокубанское» ЖШС, «Жакен-1» ЖШС, ауданның шаруа қожалықтары.

Мереке Шортанды кентіндегі орталық алаңда жергілікті өнерпаздардың концеттік бағдарламалары, түрлі ойындар және түнгі отшашумен жалғасты.

Новости в Вашем регионе