Мемлекеттік қызметкерлер дүбірлі дода да бақ сынады

 Елбасымыз халыққа арнаған әр Жолдауында бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу ұлт денсаулығының ажырамас бөлігі екендігін атап айтып келеді. Қоғамының қозғаушы күші саналатын халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда ауданымызда бірталай игі шаралар атқарылуда. Атап айтар болсақ, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ақтоғай ауданының Мәслихат депутаттары, аппарат қызметкерлері мен ауыл, кент, ауылдық округтер әкімі аппараттары, олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері және аудан мекемелері арасында өтетін аудандық спартакиада» биылғы жылы да жоғары дәрежеде  өз жалауын желбіретті.

Дүбірлі доданы  аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Кішкентаев құттықтау сөзімен ашып берді.

Мемлекеттік Әнұранымыз ойналды.

 Байрақты бәсекеде сайысқа қатысушылар волейбол, шахмат, дойбы, арқан тартыс, кір тасын көтеру, үстел теннисі, қол күресі, жеңіл атлетика және шағын футбол ойындары бойынша бақтарын сынады.

 Ақ таңда жалауы желбіреген жарыс шаңқай түсте өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Сайыс қортындысының нәтижесі бойынша жалпы командалық есеп бойынша 152 ұпай көрсеткішімен  «Батыс» командасы өзгелерден оқ бойы оза шауып жүлделі І – орынды иемденді. Ал, қоржынында 147 ұпайы бар «Шығыс» командасы ІІ – орынды уысында ұстаса, «Орталық» командасы 132 ұпаймен үздік үштікпен түйіндеді. Жарысқа қатысқан барлық спортшылар аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі дайындаған медальдармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Спартакиада  туралы толық мәліметті аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.

Новости в Вашем регионе