Қайратты қыз – Арайлым

Щучинск қаласы Бурабай курортында өткен қол күресінен ХVІІ Азия чемпионатында Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Арайлым Қанатова чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

Ақсайлық Арайлым Қанатованың спортқа деген қызығушылығы өзі білім алған №1 мектебімен байланысты. Алғаш таэквандо, баскетбол, қол күресі үйірмелерінде жаттыға бастаған спортшы 8-сыныпта ғана қол күресіне ден қойды. Студент атанған қаршадай қыздың жігерін шыңдаған жаттықтырушысы Амангелді Үмбетов бойындағы ерге тән күш-қайратын бірден байқаса керек, кәсіби түрде дайындала бастады. Нәтижесін 2017 жылы Алматы қаласында өткен ел чемпионатында дәлелдеп (ІІІ орын), сол жылы Қырғызстан мемлекетінің Бостери қаласында жеңісті қайталап, бір саты жоғары көтерілді.

Биылғы Азия чемпионаты жүлдесі – Арайлымның үлкен жетістіктерінің бірі. Жан күйерлерінің мол сенімін арқалаған жігерлі спортшының биіктен көрінгені, бірінші кезекте, Ақ Жайық жұрты мен білім алып жатқан оқу ордасы үшін зор мақтаныш. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев белестерді бағындырған Арайлымға өңіріміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлесін ерекше бағалап, алғыс білдірген болатын. Біз де Арайлым Қанатованың спорт жолында болашағы жарқын боларына сенімдіміз.

Новости в Вашем регионе