Білім қызметкерлерінің бәсекесі

Сенбі күні орталық стадионда Жастар жылы аясында білім қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды және дене шынықтыру мен спорттық қозғалысты дамыту мақсатында «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» атты VIII аудандық спартакиаданың ашылу рәсімі өтті. Аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі жарысқа 42 команда қатысты.

Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Қасымова және ардагер ұстаз Бауыржан Бейсенбиев сөз алып, спорттың адам денсаулығына тигізер пайдасы мен халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға баулыған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиадада қатысушылар волейбол, кіші футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жеңіл атлетика, бес тас, армрестлинг, гір тасын көтеру, бильярд, асық ату секілді спорт түрлері бойынша жарысты. 
Айтулы жарысқа Ғ.Садықов, Қ.Амиров, М.Байғабылов, Е.Жапаров, Б.Сүлейменов, Б.Ойықбаев, К.Ниязымбетов, Ғ.Мақыш, Н.Имашов, Б.Абдраимов, А.Сыдықов, А.Самигуллаева сынды мұғалімдерден  құралған қазылар алқасы төрелік етті.
Қорытындысында, ерлер арасында волейболдан Макаренко атындағы орта мектеп, кіші футболдан Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, эстафетадан Гродеково орта мектебі, үстел теннисінен М.Мұсаев (Макаренко), жеңіл атлетикадан А.Қилыбаев (Гагарин), армрестлингтен 90 келіге дейін еңбектік Ә.Парманов, 90 келіден жоғары салмақта Б.Байдәулетов (Б.Момышұлы), тоғызқұмалақтан Е.Нұрханов (Абай), асық атудан Т.Салықбай (Еңбек), бильярдтан Е.Мүсірепбаев («Болашақ» бөбекжайы), гір тасын көтеруден еңбектік Н.Ұябаев (90 келі) пен төлебилік А.Манашбаев (+90 келі) өз салмақ дәрежелерінде топ жарды. Ал әйелдер арасында волейболдан Абай атындағы орта мектеп, эстафетадан «Нұршуақ» бөбекжайы, бильярдтан Г.Сәттібаева (Макаренко), жеңіл атлетикадан Д.Құрбанова (В.Чкалов), үстел теннисінен абайлық Д.Галиакпарова, бес тастан әйтиевтік З.Кашкенова, тоғызқұмалақтан гагариндік М.Кеңесбек  бірінші болды.
Спартакиада да белсенділік танытып, жақсы қырынан көзге түскен үздік қатысушылар және төрешілер бірқатар номинациялармен марапатталды. Атап айтар болсақ, «Нұршуақ» балабақшасы мен Қ.Сартбаев атындағы орта мектеп «Үздік киім үлгісі», Ә.Әйтиев атындағы орта мектеп «Белсенді қатысушы», Алмат Жақсылық «Үздік қақпашы», Медет Батырханов «Үздік шабуылшы», Нұрболат Қалдыбай «Үздік қорғаушы», төрешілер құрамы «Әділ төреші» номинациясын иеленсе, ардагер ұстаздар Бауыржан Бейсенбиев пен Шырай Абдуллаеваға аудан әкімдігі білім бөлімінің Алғыс хаты табыс етілді. 
Білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы Жамбыл аудандық комитетінің төрағасы Ернар Тәжібаев жүлделі орындарға ие болған командалар мен үздік ойыншыларды арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп ұжымдарына алғысын білдірді.
Алдағы уақытта үздік ойын­шылардан жасақталған ауданның құрама командасы облыстық спарта­киадада бақ сынайтын болады.

Новости в Вашем регионе