Баскетбол жарысында А.Гусманов есімі ұлықталды

Сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінде Ауған соғысына қатысушы Аманжол Гусмановты еске алуға арналған баскетболдан XXVI аудандық турнир өтті.

Қанды із қалдырған тарих қойнауындағы Ауған соғысы аяқталғалы отызға жақын жыл өтсе де, қырғынды күндердің елесі ардагерлердің күні бүгінге дейін көз алдында. Сұрапыл жылдың салдары бірін тағдырласынан, бауырынан, екіншісін замандастан айырды. Қазақ даласына жетпей, майданда құрбан болған жанкештілер ерлігін кейінгі ұрпаққа дәріптеу дәстүрлі сипатқа ие. Азаматтық борышқа сызат түсірмей, қыршын кеткен боздақтың бірі – жымпитылық Аманжол Гусманов еді. Арда батырды жыл сайын еске алған шешен Сырым баба елі 29 жылдықта да шет қалмады. Аудандық «Қайсар» спорт клубы мен Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінің қолдауымен баскетбол жарысында А.Гусманов есімі тағы бір мәрте насихатталып, білім ошағының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Дауылов, «Сырым сарбаздары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі С.Сарғозиев, «Қайсар» СК директоры Б.Ихсанов ерлікке тағзым жасаған спортшыларға сәттілік жолдас болуын тіледі. Ұрпақтар сабақтастығының үлгісін танытып, 11 команда арасында тартысты өрбіген турнир З.Кажимовты «Ең үздік ойыншы», Д.Айташевты «Ең үздік шабуылшы», А.Болатқалиды «Ең үздік қорғаушы», С.Рахметуллинді «Ең үздік техникалық ойыншы», Е.Чукуровты «Ардагер ойыншы» номинациясына лайықты деп тапса, үздік үштіктен «Райцентр» (І орын), Қ.Мырзалиев орта мектебі (ІІ орын), Өлеңті ауылының командалары (ІІІ орын) көрінді. Жетістіктер арнайы диплом, ақшалай сыйлықтармен бағаланды.

Новости в Вашем регионе