Асық ойнап, жүлде ұтты

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 11-13 сәуір аралығында Ұлттық Асық ату ойыны бойынша жекелей чемпионаттар өткен еді. Аталмыш чемпионатта ауданымыздан қатысқан Шортанды №3 қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Асабей Еркебұлан мен аталмыш мектептің оқушысы Аманжолова Аружандар жүлделі орындармен оралды.

Нақтылап айтып өтсек, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген Ақмола облысы ерлері арасындағы жекелей чемпионатта Ұлттық «Асық ату» ойынынан Шортанды №3 қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Асабей Еркебұлан 3 орын иегері атанса, қыздар арасындағы жекелей чемпионатта 9 сынып оқушысы Аманжолва Аружан асығы алшысынан түсіп, 1 орын иегері атанды.

Шортанды №3 қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Асабей Еркебұлан оқушыларына ұлттық ойынды дәріптеп тәрбиелеп келе жатқанына 4 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар аралығында оның шәкірттері асық атудан облыстық сайыстардың жүлдегерлері атанып келеді.

Сөзімізге тағы бір дәлел ретінде 15 сәуірде Ақкөл қаласында өткен Ақмола облысының аудандары командалары арасында өткен «Асық атудан» облыстық сайыста Шортанды №3 қазақ орта мектебінің командасы (Талас Дінасыл, Аманкелді Айсұлтан, Еркебұлан Ерасыл) 2-орынды иеленіп, аудан абыройын тағы бір асқақтатып тастады.

Шортанды №3 қазақ орта мектебінің ұлттық ойынымызды дәріптеп, дамытуға тер төгіп жүрген «Асық ату» ойынының командасына асықтарың алшысынан түсе берсін демекпіз.

Новости в Вашем регионе