Топ жарған тоғызқұмалақшылар

Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар тағы бір белесті бағындырды. Жерлестеріміз Қазақстан Республикасының 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы командалық чемпионатында командалық есепте ІІ орынды жеңіп алды. 

Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті, ҚР тоғызқұмалақ спорты федерациясы, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы  ұйымдастырған тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы командалық чемпионаты осы жылдың 29 қазаны мен 6 қарашасы аралығында Ақтау  қаласында өткен.  БҚО бойынша тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, чемпионатқа Астана, Алматы қалалары, БҚО, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан 72 спортшы қатысқан. – Олардың біреуі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алтауы – спорт шебері, 48-і – спорт шеберіне үміткер, 16-сы – І спорттық разряды бар спортшылар, – деді Дәулет Ұзақбайұлы.

Қарашаның 5-і күні өз мәресіне жеткен ҚР-ның тоғызқұмалақтан жиырма жасқа дейінгі жастар арасындағы командалық чемпионатының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының командасы командалық есепте ІІ орынға ие болған. Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар командасының құрамында Жарасхан Сағынбаев, Әсет Қайыржанов, Дархан Әнуарбеков, Аида Карина, Ализа Ерниязова, Дильназ Ерниязова сынды мақтаныштарымыз өнер көрсеткен. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және медальмен, кубокпен марапатталған.

Новости в Вашем регионе