«Кіші Отаныма қызмет ету – парызым»

«Қала күні» мерекесіне орай оралдықтарға керемет демалыс орнын сыйлаған жеке кәсіпкер Валерий Голоухов осылай дейді.

Күн санап көркейген Орал шаһарының гүлденуіне патриот азаматтар да үлес қосуда. Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Автокомбинат» ЖШС директоры В.Голоуховтың туған шаһарына тартуы – осының айғағы.

Оралдың байырғы «Әмбебап дүкені» ауданынан ашылған аталмыш тынымбақтың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Мұрат Мұқаев алдымен тұрғындар мен қонақтарды мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ бұл игі шараның маңызы зор екенін атап өтті. – Елбасының кезекті Жолдауында, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасында алдымызға көптеген тапсырмалар қойылған болатын. Соны орындау барысында қаламызда бірқатар игілікті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі айтулы шара да – соның бір көрінісі. Игі істердің қатарын молайтуға кәсіпкерлеріміз де өз үлестерін қосуда, – деді қала әкімі Мұрат Рахметұлы.

Өз қаражатына көрікті тынымбақтың құрылысын қолға алып, мерекеде қала тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлаған жеке кәсіпкер Валерий Голоухов: – Маған ұсынылған бірнеше жобаның ішінен осы ауданды таңдаған едім. Себебі, осы ауданның тұрғындарына демалыс орны аса қажет болатын. Әрі бұл жерде 12 қабатты жатақхана орналасқан. Балалар әдемі, таза, қауіпсіз орында ойнаса деген тілекпен біздің ұжым және құрылысшылар жақсы бір іс тындырды деп ойлаймын. Өзім де әкемін, атамын, осы жердің азаматымын. Сондықтан мұндай пайдалы жобаны жасау – менің борышым. Елбасы айтқандай, мемлекет кәсіпкерлерге өз ісін дамыту үшін барлық жағдайды туғызуда. Ал олар өз кезегінде кіші Отаны үшін қолдан келгенін жасауы тиіс, – деді өз сөзінде. Бұл жобаға кәсіпкер 60 млн. теңгедей қаражат жұмсалғанын айтты.

Ашық аспан астындағы тынымбақта «Street workout», яғни көше спортымен айналысуға арналған алаң, балалар алаңқайы жасақталып, жайлы орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған. Тынымбаққа балаларын ойнауға алып келген тұрғындар да дән риза. – Ұл-қыздарымыз ойнайтын алаңқайға зәру еді. Енді осы тынымбақта алаңсыз ойнайтын болды. Өте қуаныштымыз. Қолымыздан келгенше, бүлінбеуін қадағалаймыз, – деді егде жастағы Нариман Бахитов есімді азамат.

Барлығының да тілегі – осы. Халқына қолайлы жағдай жасауға тырысқан елжанды азаматың еңбегі еш кетпесе дейміз.      

Б.СҰЛТАННЫҢ суреті

Новости в Вашем регионе