Құттықтаймыз және қолдаймыз!

Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешенінде балалар арасында киокушинкай-кан  каратеден Ақмола облысының ашық біріншілігі өткізілді.  Ката және кумите тәртіптері бойынша өткен жарысқа үш жас дәрежесіндегі балалар, жасөсірімдер және жасөспірім ұлдар мен қыздар, барлығы  233 спортшы қатысты. Бұл додаға қатысуға Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының, Астана қаласының жас спортшылары жиналды. Ақмола облысының құрамында Ақкөл, Шортанды, Зеренді, Целиноград, Аршалы аудандарының өкілдері болды.

Ақкөл қаласынан барған спортшылардың нәтижесі мынадай: 6 бірінші, 7 екінші, 7 үшінші орын.
 Көбеген Альдаир, Жанпейіс Мәди, Пауков Роман,  Сәдуақасов Нұрсұлтан, Диль Роман, Жасұлан Диана жарыс чемпиондары атанды.
Галамов Диас  ката бойынша, Леденев Мәди, Көбеген Әмір, Жұматаев Аян, Маломужева Лиза, Горбенко Максим, Белоусов Валентин екінші орынды жеңіп алды.
Смолевская Кристина, Кихтенко Глеб, Байғабылов Алмас, Шутяк Кристина, Темірбеков Диас, Митрошенко Надежда, Калимуллин Никита үшінші орынды иеленді.
Балалар ауданға оралысымен, біздің тілшіміз жас каратешілердің жаттықтырушысы Шыңғыс Теміржановқа жолығып еді.

Тілші:  - Жеңіс құтты болсын, Шыңғыс! Бұл табысқа қалай қолдарыңыз жетті - оны сұрамаймыз. Өйткені, кез-келген жетістік спортшының жанкешті жаттығуының арқасында келетіні белгілі. Бізге ең бастысын - алдағы уақытта балалар үшін қандай ірі жарыстар болатынын және осы сайыстарға дайындалып қатысу үшін қандай проблемалар туындап отырғанын, бар болса, айтып берсеңіз.
Ш.Теміржанов: Рахмет! Біздің «Сенши» мектебіміз үшін алдағы ең басты жарыс: бұл карате кио-кушинкай-каннан Азия чемпионаты. Оған біздің клубтан екі талантты спортшымыз: Диль Роман мен Пау-ков Романның қатысатынын мақтанышпен хабарлағым келеді.
Диль Роман - Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі. Жасының кішілігіне қарамастан, ол қазірдің өзінде Қазақстан Рес-публикасы Кубогінің жүлдегері, Ақмола облысының чемпионы, Халықаралық Қазақстан ОPEN турнирінің күміс жүлдегері, каратеден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
Пауков Роман - Ақмола облысының үш дүркін чемпионы, Халықаралық Қазақстан ОPEN турнирінің қола жүлдегері, былтырғы ел біріншілігінің күміс жүлдегері, биылғы ел біріншілігінің қола жүлдегері. Ол да Қазақстан құрамасының тізіміне енді.
Тілші: Біздің қызметшімізден Диль Роман мен Пауков Романның Азия Чемпионатына баруына қажет қаражаттан тапшылық көріп отырғанын естіген бірер жерлесіміз сөзге келместен өз көмектерін ұсынды. Мәселен, аты-жөнін айтудан бас тартқан белгілі екі кәсіпкер редакцияға он бес мың теңгеден тапсырып кетті. Ал, газеттің қарапайым оқырманы Г.Роут  2120 теңге тапсырды. Ал спортшылар мәселесін шешу үшін кемінде жүз мың теңге қажет екен.
Біз ақкөлдік жерлестеріміз жас каратешілердің Азия чемпионатына барып қайтуына қол ұшын береді деп сенеміз. Жас спортшыларға жәрдем береміз деушілердің өз көмегін Ақкөл қаласы Нұрмағамбетов көшесі 57 үйдің екінші қабатында орналасқан «Ақкөл өмірі» және «Знамя Родины KZ» газеттерінің редакциясына әкеліп беру арқылы көмектесуіне болады.Анықтама үшін телефондар: 21499, 21504.
«Ақкөл-ақпарат»
 

Новости в Вашем регионе