Салауатты өмір салты - өмір талабы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың  дені сау ұлт қалыптастыру туралы саясаты 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауында анық айшықталған. «Сала-уатты өмір салтын насихаттау арқылы қоғамдық денсаулықты  басқаруды күшейту керек», деп аса мән бере  ойын  түйіндеген  Елбасы. Тамыздың 19 күні елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Елімізде 4 - маусым күні республикалық спорттық «Challenge»  «Сенің жаңа қырың» атты қанатқақты  бас-тама өмірге  жолдама алды.  Бұл Президент Үндеуінің өмір сахнасында  жүзеге асырылып жатқан саясатының айқын көрінісі. Бұл жобаның басты мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастырып, қазақстандықтардың спортпен шындап айналысуға аңсарын аудару.

«Осы жобаны әзірлеу барысында біздің ең алғаш ойлағанымыз бұқаралық спорт пен денешынықтыру жаттығуларымен бүкіл халық болып шұғылдануға бетбұрыс жасау»-, дейді  жоба жетекшісі Уәлихан Тен. Бұл жоба бір реттік қана  шара емес, осы жоба арқылы спортпен үнемі шұғылдануға халықты қызықтырып, жақсы нәтижеге қол жеткізу болып отыр. Өйткені, соңғы уақыттағы зерттеулерге сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  деректері бойынша, соңғы бір ғасыр  көлемінде адам ағзасына түсетін жүктеме 100 есеге төмендеген. Оның себебі белгілі . Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, өндіріс үрдісі, еңбек түрлері автоматтандырылған, біз үшін компьютер жұмыс атқарады. Ол дегеніміз қозғалыстың азаюына, гиподинамияға әкеліп, бұлшық еттердің жиырылу күшінің төмендеуіне себеп болып отыр.    Тіпті, осы беделді халықаралық ұйымның айтуынша, гиподинамиядан  дүниежүзінде жыл сайын 2 млн. адам көз жұмады екен. Сондықтан «Сенің жаңа қырың» жобасы адамды қозғалыстың табиғи жағдайына қайтару, ал қозғалыс дегеніміз – бұл өмір көзі десек, артық айтқандық болмайды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елдің 28% жүйелі түрде спорт және денешынықтырумен айналысады екен. 2014 жылы Елбасымыз 2020 жылға қарсы жұрттың 30% дене белсенділігін арттыратын спортпен айналысуға тарту керек деген де міндет қойған болатын. Ұстанған бағыт та осы.Осы бастаманы алғашқылардың бірі болып Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап, арнайы Үндеу де жариялады. Қолдап қана қойған жоқ, өзі үлгі болып, өмір бойы спортпен айналысып, деніңнің сау, санаңның айқын болуының маңызын іс жүзінде көрсете білді. Мұны айтпай кету мүмкін емес.Үлгі боларлық өзіміздің жерлес спортшыларымыздың жетістіктері жайлы да біз газет беттерінде жариялап тұрамыз    . Қараөзектік Серік Балағазыұлы, ұлттық спорт түрін жаңғыртып қана жүрген жоқ, сол бір аса құнды дәстүрімізді өзі бас болып насихаттап, ел мерейін еселеп жүр. Оның дәлелі  Моншақты баурайында өткен «Құлагер -2018» -дің дүбірі. Жастарымыз да  намысты   қолдан беретін түрлері жоқ, жуырда ғана өткен Ақмола облыстық жазғы «Ақбидай» ХХХІ спартакиадасы шегінде өткен көпсайыстан ауданымыз екінші орынды жеңіп алды. Бұл да жерлес спортшыларымыздың маңдай терімен, білектерінің күшімен қол жеткен табыстары.    
Бұл жобаның бірегейлігі сонда, ол коммерциялық негізде құрылған жоқ. Тегін түрде жоба шарттарын орындау ғана. Әрі осы ретте  спорт халық үшін жас ерекшелігіне, әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне қарамастан қолжетімді екенін де көрсетті. Қазір Ақкөл қаласында Ақкөл ауданың әкімі Т.Едігеновтың бастамасымен Орталық алаңда, көшелерде, стадионда, көпқабатты үйлер аулаларында өз күштерін тексеріп, денешынықтыру жаттығуларын жасап, қалт еткен бос уақыттарын пайдаға жаратып, спортпен шұғылдануға жағдай жасалып, спорт алаңдары, жаттығу тренажерлері орнатылған. Бассейн жұмыс істеп тұр. Халық қымбат фитнес залдарына бармай-ақ, дене  қозғалысын арттыруға ден қойса, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік мол. Ішкі «өзім» деген намысыңды оятып, денсаулық - зор байлық деген дана сөздің мәнін шын ниетпен ұғынса, жағдай күннен-күнге жақсаратыны сөзсіз. Қала тұрғындарының, соның ішінде, әсіресе, жастардың спортпен айналысуы пайдалы ғана емес,  ол әрі үлкен абырой. Спорт тек денсаулықты нығайтып қана қоймайды, ол ми қызметін де жақсартады, марғаулықтан арылтады. Елбасымыз өз үндеуінде атап айтқандай: «бақыттың 90% байлық пен ақшаға байланысты емес, деніңнің саулығында» . Соған ұмтылу, деніміз сау болып, ойнап-күліп жүргенге бұл дүниеде пара-пар дүние жоқ шығар.        
Спорт – бұл сұлулық, табандылық, қажыр-қайрат. Осылайша өз өмірімізді өзгертуге күш-жігерімізді аямай жұмылдырайық.
Өз тілшіміз.  

Новости в Вашем регионе