«ЖЕЗКИІК» АТАУЫ ЛАЙЫҚТЫ

Үстіміздегі жылғы 7 қыркүйекте «Сарыарқа» газетінде жарияланған журналист Амандық Рахұлының «Ротондаға ат қояйық» деген мақаласы оқырмандар арасында айтарлықтай пікір туғызуда. Көпшілік қауым негізінен, су қоймасы жағалауындағы халықаралық «Жезкиік» фестивалі өткен сахна алаңына лайықты ат қойылғанын жөн санайды. Соған орай, өз ұсыныстарын білдірушілер де бар. Мәселен, редакцияға телефон соққан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер әріптесіміз Көбейсін Еңсебаев «Самал» немесе «Сайран» деп атауды жөн көреді. Ал, С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана қызметкерлері «Кеңгір алаңы», «Нұр алаң» және «Жезкиік» деген ұсыныстарын білдіріпті. «Кеңгір самалы», «Жазғы концерт алаңы» сияқты атауларды ұсынушылар да бар. Бүгін біз қазақ эстрадасында айтарлықтай қолтаңбасы бар әнші, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке КӨШЕНОВТІҢ осы мәселеге қатысты пікірін жариялап отырмыз.

Иә, 6-ықшам аудандағы «Ротонда» түбіндегі халықаралық «Жезкиік» фестивалі өткен жер көптен бері жезқазғандықтардың сүйікті орнына айнала  бастады. Қала күніне арналған мерекелік концерт те осы жерде өтті. Бұл алаң болашақта жаз кезіндегі әртүрлі мәдени шаралардың орталығы болатын түрі бар. Сондықтан бір жарастықты ат қойылғаны жөн деп санаймын. Концерттерге қатысқанда көріп жүрмін, бір жетпей тұрғаны бұл жерге жылжымалы емес, тұрақты сахна керек. Қазір көптеген шағын қалалар мен аудан орталықтарында көпшілік іс-шаралар өткізілетін әдемі безендірілген тұрақты сахналар жасалған. Бізде де осыны ойластыру қажет. Әуелде облыс әкімінің қолдауымен осы алаң жабдықталған кезде бірге салғанда тіпті оңды болатын еді. Енді алдағы уақытта да кем-кетігінің орнын жетілдіруге болатын шығар.

Осы жерде халықаралық «Жезкиік» фестивалінің өтуі еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы аса ауқымды маңызды шара болды. Қала жұртшылығының рухы көтерілді, сергіп, серпіле түскенін көрдік. Менің ойымша, осы бастаманы жақсылыққа балап, «жарастықты жалғасы мол болғай» деп ырымдап, «Жезкиік» сауық алаңы» десек дұрыс бола ма деймін. Оның үстіне «Жезкиік» сөзі — Жезқазған жұртшылығының жүрегіне жақын, жанына жұғымды. Жез — елдің байлығы, киік — Сарыарқаның символы, табиғаттың сұлулығы, әрі бейкүнә жаратылысы. Жезкиік — Жезқазғанмен егіз ұғым. «Жезкиік» әні бүкіл қазақ даласының толғана шырқайтын туындысы. «Жезкиік» тума талант, ғаламат сазгер Жақсыкелді Сейіловтің өміршең әндерін біздің есімізге салуымен қымбат, Кәкімбек Салықов ағамыздың лирикалық жырларын жадымызда мәңгі жаңғыртып тұруымен ыстық болар еді.

Арқаның даласында жөңкіліп, кең жазықты сұлулыққа бөлеген ақбөкендер киелі жануар екені даусыз. Өнер де киелі. Сары даланың киігін қызықтай жүріп, бір кездері өзімнің өнерге құмартқаным еске түседі. Жезқазған облыс болып ашылғанда филармонияға әртіс болып келіп, «Жезкиік» эстрадалық жастар ансамбліне жеке әнші ретінде қабылданған едім. Сол кездегі филармонияның басшысы республикалық «Гүлдер» ансамблін, Жамбылдың «Алатауын», Шымкенттің «Достық» ансамблдерін құрған эстраданың талантты режиссеры Серік Елеусізовтің өнер ұжымына берген атауы осы «Жезкиік» болатын. Сондықтан да, бұл атау ел үшін де, мен үшін ерекше қымбат. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, «Ротонданы» қояйық, «Жезкиік» деп атайық!

Береке КӨШЕНОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Новости в Вашем регионе