ЖЕЗҚАЗҒАН ШАҺАРЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ (1954-1955 ж.ж.)

1954 жылы 20 желтоқсанда ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Үлкен Жезқазған қалашығы Жезқазған қаласы болып аталды.

1954 жыл

  • Қаңтар айында байыту фабрикасының үш секциясы пайдалануға берілді. Фабриканың іске қосылуымен Жезқазған комбинаты Жезқазған кен басқармасы және Жезқазған мыс зауыты сынды екі ірі кәсіпорынға айналды. Жезқазған мыс зауытының құрамына жаңа байыту фабрикасы мен Қарсақбай мыс балқыту зауыты енді. Жезқазған байыту фабрикасы сол кездің өзінде-ақ елдегі осындай өндіріс ошақтарының ең ірісі болды.
  • 15 сәуірде Жезқазған аудандық атқару комитеті Қарағанды облыстық атқару комитетінің атына «Үлкен Жезқазған жұмысшылар кентін «Жезқазған қаласы» деп өзгерту туралы бесінші ұсынысын жіберді.
  • Тамызда Құрылысшылар сарайы ашылды.
  • 20 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Үлкен Жезқазған қалашығы Жезқазған қаласы болып аталды. Оның құрамына «Рудник Жезқазған» жұмысшы поселкесі және жаңадан салынатын Никольск қалашығы, яғни, қазіргі Сәтбаев қаласы енді.
  • №16 «Қарлығаш» балабақшасы ашылды.
  • Кеңгір су қоймасының құрылысы аяқталып, оған 173 млн текше метр су толтырылды.
  • Жезқазған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы құрылып, құрамына алғаш рет санитарлық-бактериологиялық зертхана енгізілді.

1955 жыл

  • Ақпан айында қорғасын-мыс кенінің қайта өңделуіне арналған төртінші секция қатарға қосылды.
  • 6 наурызда Еңбекші депутаттардың қалалық және облыстық Кеңестерінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының сайлауы өтті. Оған 149 депутат сайланды. Олардың ішінде: В. Барсуков, М. Бөпежанов, В. Гурба, Ғ. Омаров, С. Салықбаев, О. Дүйсембекова, И. Вохрамеев, С. Жабагенов, Ж. Үншібаев, И. Ли, Б. Наурызбаев, В. Штифанов болды.
  • Наурызда Никольск поселкесі салына бастады.
  • 20 наурызда қалалық партия комитетінің І пленумында қалалық комитеттің бюросы және хатшылары сайланды.
  • 29 маусымда Еңбекші депутаттар қалалық Кеңесінің ІІІ сессиясында тұңғыш рет Жезқазған қаласының жеке бюджеті бекітілді.
  • Шілде айында Орталық комитеттің пленумында Жезқазған кәсіпорындапы мен өндіріс ошақтарында автоматтандыру кеңінен қолға алынсын деген шешім қабылданды. Байыту фабрикасында автоматтандыру мен бақылау-өлшеу құралдарының цехы құрылды.
  • 15 желтоқсанда 1955 жылғы 8 желтоқсандағы Казақ КСР Министрлер Кеңесінің №1138 нұсқауының негізінде, Қарағанды облыстық атқару комитетінің, Қарағанды облыстық оқу бөлімінің шешімімен Жезқазған қалалық халыққа білім беру бөлімі құрылды.
  • №7 балабақша (қазіргі «Айгөлек») ашылды.
  • №3 қалалық жылу құбыры іске қосылды. Сөйтіп, ұсақ қазандықтар жұмысы тоқтатылды. Жезқазған республика көлемінде орталық жылу жүйесі қосылған алғашқы қалалардың бірі болды.
  • Кабельдік жүйеге сәйкестендірілген, 1000 нөмірге арналған АТС іске қосылды.
  • Кеңгір су қоймасынан кеніш аралығына үй қолданысына арналған су жеткізуші 300 мм диаметрлі құбыр салынып, пайдалануға берілді. Кейңн ол диаметрі 1000 мм құбырмен алмастырылды.

Жезқазған қалалық мемлекеттік архиві

деректері негізінде әзірленді

Новости в Вашем регионе