ҮШ ҚҰРЛЫҚТЫҢ ҮНІ ҰЛЫТАУ АСПАНЫНДА ҚАЛЫҚТАДЫ

Қамқор көңілмен, үлкен дайындықпен ұйымдастырылған І Халықаралық «Жезкиік» фестивалі де мәресіне жетті. Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласының аумағында өткен фестиваль аясында сондай-ақ, отандық туроператорларға арналған форум ұйымдастырылды.

Фестивальге арнап тұрғызылған этноауылда өткен форумға отандық туристік компаниялардың, қауымдастықтардың, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен «KazakhTourizm» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты. Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан келген туристік операторлар форум аясында өңірдегі тарихи ескерткіштер басында болып, аймақтың туристік әлеуетімен жақыннан танысты.

Форумды ұйымдастырушылар қазірдің өзінде Ұлытау аймағындағы тарихи орындар мен табиғи, мәдени ескерткіштерді тамашалауға жыл сайын 12 мыңның көлемінде туристер келетінін, аталған іс-шаралардың арқасында бұл көрсеткішті 10 есеге дейін арттыруға болатынын айтады.

- Біз шақырылған туроператорларға үш күндік тур ұйымдастырдық. Олар өңірдегі тарихи, мәдени нысандарды өз көздерімен көріп, өз клиенттеріне қолайлы маршруттарды белгілеп, ары қарай жұмыс істеуі үшін бұл шараның маңызы зор. Қазір біз Ұлытау өңірінде туристік кластерді дамыту үшін күш салып жатырмыз. Болашақта мұнда жылына кемі 100 мың турист келетін болады, - дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Аудан орталығының іргесіндегі Болатсайда ұйымдастырылған этноауыл фестивальдің негізгі шарасы фольклорлық музыка фестивалі өтетін күні шет елдерден, еліміздің әр түкпірінен және іргелес қалалар мен елді мекендерден келген қонақтарға лық толды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген фестивальге Мексика, Перу, Жапония, Польша, Франция, Шотландия, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Қазақстаннан барлығы 11 ұжым қатысты. Бағдарламаға сай 13 шілде күні Болатсайда фестивальге қатысушы ұжымдар әрқайсысы жарты сағаттан концерттік бағдарлама ұсынды. Кешке таман фольклорлық ұжымдардың Гала-концерті өтті.

Гала-концерттің ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Қазақстанның халық Қаһармандары Мұхтар Алтынбаев, Тоқтар Әубәкіров, қоғам және мемлекет қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Қажымұрат Нағманов, халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, олипмиада чемпионы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев сынды танымал тұлғалар қатысты. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жұртшылықты фестивальдің ашылуымен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

- Құрметті ханымдар мен мырзалар! Сіздерді І Халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Қазақ елінің рухани орталықтарының бірі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатқан бұл шара еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болатынына сенімдімін. Сондай-ақ, бұл фестиваль қазақ халқының мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын бүкіл әлемге танытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Фестивальға Жапония, Мексика, Перу, Польша, Тәжікстан, Түркия, Франция, Шотландия, Ресейден келген ұжымдардың қатысуы оның мәртебесін одан сайын арттыра түсетіні анық. Мұндай шаралар ұлт пен ұлтты, ел мен елді рухани тұрғыда жақындастырып, мәдени ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге қызмет етеді. Фестивальдің жоғары деңгейде өтіп, өнер сүйер қауымға шынайы қуаныш пен шаттық сезімін сыйлауына тілектеспін, - делінген Елбасының құттықтау хатында.

Министр өз сөзінде халықаралық деңгейдегі айтулы шараны ұйымдастыруға атсалысқан өңір басшыларына, облыс әкімі Ерлан Қошановқа, фестиваль қатысушыларына алғыс білдірді.

Халықаралық «Жезкиік» фестивалінің басталуымен шара қатысушылары мен аймақ тұрғындарын Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та құттықтады.

- Қымбатты ұлытаулықтар, қадірлі фестиваль қонақтары, өнерпаздар! Бүгінгі өнер мерекесіне, «Жезкиік» фестиваліне, тұтастай өнерімізге қолдауы үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылығымды білдіремін. Кешегі өткен хандар заманында осы далада Жошы хан тұлпарының тұяғының дүбірі және Кетбұқа домбырасының күмбірі естілетін болса, бүгін міне бүкіл әлемнің әдемі музыкасы Ұлытау аспанын тербеп отыр, - деді өзінің құттықтау сөзінде облыс басшысы.

Ерлан Жақанұлы Ұлытауда өтіп жатқан этнофестивальді ел аузындағы, жұрт жадындағы үш аңыздың тоғысуына балады.

- Талай тарихымыздың куәсі болған Ұлытауда мыңдаған жылдардан бері үзілмей келе жатқан халық әуені этномузыкадан фестиваль өтуде. Ол фестиваль ықылым замандардан бері даламыздың сәні болып келе жатқан жезкиік атауын иеленіп отыр. Тағы бір айтайын дегенім, бүгін мұхиттың ар жағынан, Латын Америкасынан, Батыс және Шығыс Еуропадан, Таяу және Қиыр Шығыстан өнерпаздар келіп отыр. Ежелгі Ұлытауда үш жүздің басы қосылса, бүгінгі Ұлытауда үш құрлық өкілдерінің басы қосылып отыр. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың, Тәуелсіздікке жеткізген Елбасымыздың саясаты мен еңбегінің арқасы деп ойлаймын, - деді ол.

Сондай-ақ, салтанатты шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев та барша ұлытаулықтар мен фестиваль қонақтарын керемет өнер мерекесімен құттықтап, мұндай жобаның қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтетінін айтты.

– Бұл фестиваль Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі екені сөзсіз. Біз осындай игі бастамалар арқылы халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын сақтап, оларды бүкіл әлемге дәріптеп, танымалдылығын арттырамыз. Қойнауына тарих тұнған, бауырында бабаларымыздың ізі қалған қасиетті Ұлытау жеріне арнайы келіп, өткеннен тағылым алып, ауқымды фестиваль өткізуді халқымыздың жарқын болашағы үшін жасалған батыл қадам деп те қабылдауға болады. Сондықтан осы жобаның өміршең болуына тілектестігімізді білдіреміз, – деді Маулен Ашимбаев.

Ұлытау аспанын әнмен тербеген фольклорлық музыка фестивалі мен шетелдік өнерпаздардың гала-концерті Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Дәуренбек Әркеновтің орындауындағы Арқаның әнұранына айналған «Жезкиік» әнімен ашылды. Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі төккен күй фестиваль көрігін қыздырды. «Қобыз сарыны» ансамблі, облыстың хореографиялық ұжымдары да халықтың ыстық ықыласын иеленді. Шет елдерден келген өнерпаздардың өнері жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Ұлытаудағы ән мерекесі аты әлемге танымал болған «Ұлытау» тобының концертімен қорытындыланды.

Жезқазғанда жалғасын тапқан «Жезкиік» І халықаралық фестивалі фольклорлық ұжымдардың гала концертімен басталды. Кербез Кеңгірдің жағалауынан орын тепкен амфитеатр алдына қала жұртшылығы мен қонақтар көптеп жиналды.

Қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізілген гала концерттің ашылуы әлімнің тоғыз елінен және қазақстандық «Қобыз сарыны» мен «Арқа сазы» фольклорлық ансамбль мүшелерін қарсы алумен басталды. Айта кету керек, көпшіліктің қошеметі мен ыстық ықыласы толастамады.

Жапония, Түркия, Польша мен Тәжікстан, Мексика мен Перу, Шотландия және Ресей, Франция ансамбльдерінің өнерін тамашалаған көрермендер сол елдің тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне бір сүңгігендей әсерге бөленді. Алғашқы болып концерттің шымылдығын қарағандылық «Арқа сазы» фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Ерден толғауы» күйі ашты. Күйдің ырғағына ҚР Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев «Жезкиік» аңызын оқыды. Тарихымызды қайта жаңғыртқан Қазақфильм мен Голливуд бірігіп түсірген «Әміре» фильмінде басты кейіпкер орындаған әндерді кадрдан тыс әуелеткен Қарағандының Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншісі Сержан Мұсайын болатын. Осы фестивальде сахна төріне көтерілген ол Ақан серінің «Балқадишасы» жүректерге жеткізе орындап, зор қошеметке ие болды. Одан соң алма кезек сахнаға көтерілген «Сказители Алтая», «Mariachi Champaña Nevin», «Вагакки», «Турецкий мир», «Хайрулло Дадобоев», «NICE LA BELLE», «Reading Pipe Band», «Amigos de Corazon» фольклорлық ансамбльдері өз халқының ұлттық киімдері мен ұлттық аспаптары және фольклорлық музыкасы арқылы елін таныстырып, халқының төл мәдениетін көпшіліктің көз алдына алып келді. Ал, Ұлытау ауданы мен Сәтбаев қаласының хореографиялық ансамбльдерінің бірлесе орындаған «Буын биі» 130-дан астам ұлт пен ұлысқа құтты мекен болған қазақ еліндегі халықтар достығы мен ымыра-біршілігін паш еткендей болды.

Гала концерт соңында әр ұжымға «Жезкиік» І халықаралық фестиваліне қатысқаны үшін ертификат пен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Кешқұрым Кеңгір аспанын классикалық музыка әуені тербеді. Фестивальге қатысқан әлемнің тоғыз елінің өнерпаздары мен отандық орындаушылар алдымен қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Одан соң Қазақстан, Түркия, Италия, Өзбекстан, Австрия Армения, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Молдавия сынды он елден келген 17 солист өнерлерін ортаға салды.

Концерттік бағдарламаны КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова ашты. Қазақтың бұлбұлы Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындады да қалың көрерменге ақ тілегін ақтарды. ҚР және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, түркиялық Шенол және Гюльчохра Талынлы, ресейлік Владимир Мороз (Ресей), Әзірбайжаннан келген  Ильхам Назаров, қазақстандықтар Амантай Ыбыраев, Талғат Мұсабаев, Оксана Давыденко, Талғат Ыдырысов, Жан Тапин, австриялық Анна Риан, армениялық Асмик Леолян, Қызғыстанның халық әртісі  Ельнура Жанабергенова, өзбекстандық Жеңісбек Пиязов, Малдованың әншісі Игорь Подгориану, италиялық Марко Боэни симфониялық және  классикалық музыкамен кештің сәнін кіргізді. Классикалық музыка кешінде шырқалған  «Біржан-Сара» операсы, «Абай» операсынан ария, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» секілді қазақ классикалық музыкасынана және  дүние жүзіне әйгілі Джузеппе Вердидің, Жорж Бизе, Джакомо Пуччини, Джеймс Ласт, Иоганн Штраустың туындыларынан көрермен қауым рухани азық алып қайтты.

–Жалпы өзім эстрадалық әндерден гөрі халық әндері мен осы классикалық музыканы сүйіп тыңдаймын. Содан ләззат та аламын. Міне, қараңдаршы қанша халық жиналды. Арасында жасы да, кәрісі де бар. Бұл бізге бұндай кештердің жылына емес кем дегенде үш айда бір ұйымдастыру қажеттігін көрсететіндей. Шынымен, жұрт жан рахатын тауып, шөлін басты,- деп өз ойымен бөліскен көрерменнің сөзінде ақиқат бар.

Қала жұртшылығына мереке сыйлаған «Жезкиік» фестивалі отшашумен түйінделіп, көрерменімен келесі кездескенше деп қоштасты. Ал, ұмытылмастай әсерге бөленген көрермен қауымның осындай мереке сыйлаған, оны жоғары деңгейде өткізген фестиваль ұйымдастырушыларына алғыстары шексіз және екі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылғалы отырған ән мерекесінің рухани өмірімізден ойып тұрып орын аларына сенімді.

Суреттерді түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Новости в Вашем регионе