ТАУ-ТАСЫНА ТЫЛСЫМ ТАРИХ ТҰНҒАН ТЕРЕКТІ ӘУЛИЕГЕ ТАНЫМДЫҚ САПАР

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы – киелі жерлерді қастерлеу, яғни, кешеден жеткен жәдігерлердің өн бойына жасырған тарихын танып-білуге ұмтылу. Жезқазған - Ұлытау өңірінде  киелі жерлер қаншама десеңізші! Солардың бірі -Теректі әулие. Өткен аптаның соңғы күнінде, яғни, жадыраған  жексенбіде осы таңғажайып жерге арнайы сапарлаудың сәті түсті.

«Қалайша? Қандай мүмкіндіктің арқасында?» дейтін тізбектелген сұрақтардың туындайтыны анық, ендеше сөзімізді ең алдымен, соның  жауабын қайтарудан бастайық.

Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша бұл сапарды «ШЫНДЫҚ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Сапарға қала ардагерлері, жастар өкілдері тартылды. Ұзын саны 60-тан асатын үлкені бар, жасы бар, жасамысы бар топ жексенбінің таңында қалалық әкімдіктің жанына жиналып, 3 автобус және 1 жеңіл көлікке жайғасып Теректі әулиені бетке алып жолға шықты. Осы жолдардың авторы ардагерлер мінген көлікте болған еді. «Жол қысқарсын» деп әдетте көлік жүргізушілерінің музыка қосып қоятыны бар. Бұл жолы да әнтаспасын қоса берген Жорабек жүргізушіге «Мүмкіндік болса, мына таспаны қосшы, мұнда терме, толғаулар бар» деп, өз дүниемізді ұсындым. Обалы нешік, жүргізуші  «ерік – өзіңізде» деп, бетімізді қайтармады.

Сөйтіп, Жезқазғаннан Теректі әулиеге жеткенше үлкен кісілер қазақтың, терме, жырын тыңдап, бір серпіліп қалды. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Өйткені, бұл өңірімізге танымал жыршы, термеші, халық арасында Мұқаш жырау атанып кеткен Мұханбет Қожахметовтің биыл ғана жарыққа шыққан «Қарашаңырақ Қарсақбайдың ұлымын!» атты таспасы  болатын. Мұқаңның орындау шеберлігі де, дауысының ырғағы да бөлекше ғой.

Межелі жерге жеткенде ақсақалдар жағынан «Жол бойы терме, толғау тыңдатып қойғанымызға, әңгімелесе алмай қалдық-ау деп, ренжіген жоқсыздар ма?» деген сұрақ қойған едік. Сонда естігеніміз «Қайдағы реніш? Қайта дұрыс болды. Мұқашты білеміз ғой. Ол бір термеден біріне ауысқан сайын бітіп қалмаса екен деп  отырдық. Терме, толғау деген де халықтың қазынасы. Ал, оны ел арасында насихаттау да   рухани жаңғыруға жатпай ма? Сондықтан, бірімен бірін жымдастырып жіберген екенсіңдер, рахмет бұларыңа», - деген ырзалық пейілмен, шын көңілден шыққан алғыс сөз болды.

Теректі әулиеге танымдық сапар – бабалар рухына тағзым. Әруақтарға арнап Құран оқу, дұға бағыштау – бүгінгінің кешегіге деген құрметі. Қадір қажы Үңгітбайұлы ақсақалдың  «Тау-тастағы тұнған тарихпен танысуды Теректі әулие бабамыздың, ол кісінің қорымындағы басқа да әруақтардың құрметіне Құран оқудан бастайық» деген сөзіне жиылғандардың бәрі де ұйыды. Ақсақал Құран оқып, бет сипап болған соң, сапарға қатысушыларға «Теректі әулие» тарихынан там-тұмдаған дерек, мәліметтер беретін арнайы буклеттер таратылды. Бұдан соң «билік» аймағымыздағы айтулы тарихшы, Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің оқытушысы Ғабдол Әуезовтің қолына көшті. «Қоян сойса да қасапшы сойсын» демей ме? Сол айтпақшы, тарихтың сөзін тарихшы айтпағанда кім айтады?  Бір ғажабы, Ғабдол Теректі әулиеге қатысты ғылми тұжырымдарды да, ескіден жеткен аңыздарды да қатарластыра айтып, бірімен-бірін сабақтастыра әңгімелегенде әрбір аңыздың астарында әлдебір ақиқат менмұндалап тұрғандай сезіледі екен. Жалпы Теректі әулиенің тарихи ерекшелігі қандай?

Жезқазғаннан бар-жоғы 80-90 шақырым жерде қола дәуірдің халқының қоныстанған мекені бар десе, сенесіз бе? Сол жердегі тау жартастарының беттеріне қашалып салынған суреттерді көрдіңіз бе? Осының бәрі – Теректі әулиенің таңғажайыптары.Тасты қашау үшін арнайы нендей  құрылғылар, сандаған ғасырлар бойы жауынға, дауылға төтеп беретіндей суреттер салу үшін қандай материалдар пайдалану керек? Әрине, тас беттеріндегі бедерлер қазіргі тілмен айтқанда, өте озық технологиялық жетістіктердің жемісі. Демек, біздің сайын даламыз әлдекімдер біржақты бағалауын әліге шейін қоймай келе жатқандай, тек мал соңында жүрген көшпелі тіршілікпен ғана айналыспаған, үлкен өркениеттің ордасы болған. Бұл – талассыз. Бұған тарихи жәдігерлер куә.

Алғашқы назарымызға іліккен беті темір тормен жабылған шұңқыр болды. Сөйтсек, бұл құдық екен, тегі, қауіпсіздік шараларын ойластырғандықтан бетін жауып қойғанға ұқсайды. Бұл дұрыс әрине. Суы тартылып қалыпты. Соның себебін білгіміз келді. Сөзге Теректі ауылының тумасы, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Айып Байқасынов араласты.

- 80-жылдардың соңына таман әлдекімдер осы өңірден гранит өндірмек болып жарылыс жасағаннан кейін, құдықтың суы қашып кетті, соған шейін болатын еді, - деген Айекеңнің әңгімесі ертеректе естіген басқа бір әңгімені еске түсіріп жіберді.

90-жылдардың орта тұсында сөзден сөз туындай келе осы Теректі әулиеге келіп тірелді. Сонда марқұм Сайлаухан Нәкенов ағамыз: - Теректіні сақтап қалған екі адам, соның бірі - мен, екіншісі –Шардарбеков, - деп қалған болатын. Сәкеңнің бұл сөзінің мәні мынада екен.

Гранит өндіреміз деген желеумен Теректі әулиенің басында карьер ашылып, жарылыс жасала бастапты дегенді естіген Сәкең бірден сол кездегі облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Шәріпбек Шардарбекова барып, жағдайды айтып, араша түсуін сұрайды. Сонда Шәкең «Кейде көз алдымызда не болып жатқанын білмей қаламыз, бұл қазіргі анархияны пайдаланып жатқан пысықайлардың тірлігі болар» деп дереу мәселенің мәнін білмекке ұмтылып, бас-аяғы бір аптаның ішінде әлгілердің жұмысына тоқтау салып, Теректіні аман сақтап қалған көрінеді. Шынында да, Сәкең секілді жанашыр жүрек дер мезгілінде дабыл қақпаса, Шәріпбек Шардарбекұлы шалт қимылға баспағанда Теректінің құдығы түгілі, тау-тасының да бүгінге жетуі неғайбыл екенін ойласаң, арқаң мұздап сала береді. Құдай, бізді күллі әлемге масқара болудан сақтап қалған екен!

Тасқа қашалған суреттер сақ дәуірінен сыр шертеді. Мұнда көбіне жан-жануарлар бедерленген. Көпшілігі жылқыға қатысты. Түйенің де бейнесін кездестіруге болады. Ең ғажабы, арба жеккен  көштің де суреті бар. Демек, бұл суреттер сол заманның нақты көріністері. Кейбір суреттер аңыздармен астасып та жатады екен. Мысалы, қазақ екі айғырдың кейде бір-бірімен «шәлкем-шалыс» келіп қалып, шайнасатынын жақсы біледі. Ал, кейбір аңыздарда Теректі әулие маңайын мекендеген бір байдың жылқышысы сыбызғысын тарта жөнелгенде, айналадағы табиғат біткен дүр сілкініп, жан-жануарлар, соның ішінде жылқылар да  билей жөнеледі екен. Есімі белгісіз  суретшінің тасқа салған суретінде қос айғырдың шайнасып немесе билеп жатқан сәті айқын көрініс тапқан. Петрогрифтер деп аталатын мұндай тамашаларды көзбен көрген – ләзім.

«Әулиенің сырғанағы» аталған сырғанақтың ұзындығы бар-жоғы 2,5 метр шамасында. Мұны ғылым тілінде «Құс жолы» деп атайтынын Ғабдол жолбасшы жақсылап түсіндіріп берді.Көрген кереметтердің қайсыбірін айта берейік?

Теректі әулие деген атаудың қайдан шыққанын нақтылы айту мүмкін емес. Ескілікті аңызға иланатын болсақ, ертеректе осындағы таудың қойын-қонышы толған жайқалып өскен терекке толы болса керек. Сондықтан да, осы жерді мекендеген әулиені ел-жұрт Теректі әулие атап кетіпті деседі. Ал, сол Теректі әулие атанған әулиенің өз есімі кім болды екен? Тағы да Айып ағаны тыңдасақ...

- Бізді бала күнімізде үлкендер осы қорымға жиі алып келетін, дұға бағыштап, бізге қорымдағы кесенелер тарихы, онда кімдердің жатқаны туралы әңгімейлейтін. Сонда Теректі әулиенің өз есімі – Оспан бап дейтін еді. Ауру-сырқаудан ем іздегендер, бала көтермеген әйелдер Оспан баптың кесенесінің түбіне келіп, түнейтін еді. Қорымның кіреберісіндегі кесене Оспан баптың, яғни, Теректі әулиенің кесенесі деуші еді, енді  неге сүйенгені белгісіз Оспан баптың кесенесі деп басқа кесенені көрсетіп қойыпты да, Теректі әулие деп басқа бабамыздың есімін жазыпты. Меніңше, мұны жасаған адамдар халыққа нақты тсінік беру керек, -деген ағамыз кейде «білгішбектердің»  өзім білемдікке салып, кейде осылайша оңды теріске айналдырып тастайтындығына деген ренішін де жасырмады.

Қазір мұндағы кесенелерді реставрациялау жұмыстары басталғалы жатыр. Кесенелерді нақтылау қажеттігі де байқалады. Сондықтан, аймақтағы тарихшылар ел ағалрымен, ақсақалдармен ақылдаса отырып, әрбір кесене бойынша нақтылы бір байлам жасағандары жөн сияқты. Меніңше, мұндай жұмысты кесенелерге реставрация жасауды мойнына алған мекеме жасағаны дұрыс.

Соңғы кезде туризмді дамыту туралы жиі айтылады, бірақ, әлі де сөзден әріге бара қоймаған тәріздіміз. Теректі әулиеге сапар барысында көңілімізге түйгеніміздің бірі осы болды. Неге? Өйткені, тарихи орынға иелік етіп жатқан ешкім байқалмайды, ал, мұнда өз бетімен келушілер қарасы өте көп екен. Оларға Ғабдол тәрізді жолбасшы күнде табыла бермейтіні анық. Келеді, көреді, кетеді. Әулиеге тәу ете келсін, тарихты түсінемін десін, тіпті, таза табиғат аясында демалғысы келсе де Теректі әулие мекені қандай талапқа болса да сай келіп тұр. Бұл жерге келу ақылы болуға тиісті. Кім келеді, оларға бір тарихтан там-тұм әңгіме айтатын бір жолбасшы болу керек.Сондай-ақ, келушілерге қызмет көрсету де жолға ойылғаны жөн. Біздің «бұл жерге келу ақылы болуға тиісті» деп отырғанымыз да сондықтан. Елден түскен қаражатты елге қызмет көрсетуге жұмсауға да, бюджетке тиын-тебен түсіруге де, пайда табуға да болады. Келіп-кетушілерге бақылау болмағандықтан, әлдебір тентектердің киелі мекенге кесірі тиіп кетуі де мүмкін ғой. Құдай «Сақтанғанды сақтаймын» дейді екен ғой.

Тарихи мекенді армансыз аралаған соң, сапаршылар түскі асқа отырды. Жерге жайылған дастархан үстіндегі дәм әдеттегіден де тәттірек пе, қалай? «Самауырдың шайын ішпегелі көп болып еді» деп қояды апалар жағы. "Маған мынаның бәрі қызық. Бірінші рет самауыр қайнатқанды көріп тұрмын» дейді жастардың бірі.

Рухани жаңғыру деген не? Бұл – тамырыңды табу, тарихыңды тану. Тау-тасына тылсым тарих тұнған Теректі әулиеге танымдық сапар үлкенге де, жасқа да тамырын танытып, тарихымен табыстырды. Сапарға қатысушылардың лебіздері осындай ой түйіндеуге жетеледі.

Новости в Вашем регионе