ӨНДІРІСТІ ӨЛКЕНІҢ ӨМІР НӘРІ КЕҢГІР СУ ҚОЙМАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Жезқазған қаласының тарихы туралы сөз қозғағанда, Кеңгір су айдынын айналып өту әсте мүмкін емес. Су — өмір нәрі. Өнеркәсіпті шаhарға тіршілік көзін беріп отырған Кеңгір су қоймасының құдіреті күшті, қасиеті зор. Сондықтан, әуелгі айтарымызды қаламен бірге жасасып келе жатқан гидротехникалық кешенді су қоймасынан бастағанды жөн көрдік.

Мысты қаланың әрідегі тарихына көз жүгіртсек, Үлкен Жезқазған өндірісін ашуға байланысты көптеген қиындықтардың қолбайлау болғанын көреміз. Соның ішінде бұл жобаға қарсылық танытқандар екі үлкен айғақты алға тартқан еді. Оның бірі Жезқағанның орталықтағы теміржол қатынастарынан шалғайда жатқаны болса, екіншісі жартылай шөлейт аймақта өндіріске қажетті судың тапшылығы болатын. «Мұнда кеннің көп қоры жоқ» деушілер де табылды. Соның салдарынан мыс комбинатын салуды ұйғарып отырған Жезқазғанды еліміздің индустрияландыру жоспарына енгізбеу қауіпі туындаған еді. Өңірдің кен қорын мұқият зерттеп, өзінің тұжырымдарын біліктілікпен дәлелдей білген ұлы геолог Қаныш Сәтбаев су мәселесін де жан-жақты ойластырып, кеңінен зерттеген-тін. Ұлытау өңіріндегі Арғанаты тауынан бастау алатын Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері Кеңгір атауымен Сарысу алабына дейін келетіні белгілі. Ұзындығы 295 шақырымдай өзеннің қысқа-қысқа сағалары да көп. Кеңгірдің Досмырза сағасынан үлкен бөгет салуға болатынын Қанекең зерделеп, мамандарға есеп-қисабын жасатып қояды. Сөйтіп, су көзінің тапшылығын «көзір» қылып жүрген одақтық комитеттер басшыларының алдында қазақтың аймаңдай ұлы  Қаныш Имантайұлы өз ұсынысын дәлелдеп береді. Наушабай сайының аңғарында үлкен бөген салу арқылы қыруар су жинай алатын ауқымды гидротехникалық қойманың жобасы осылайша дүниеге келеді.      

Айтулы ғалымның «Социалистік Қазақстан» газетіндегі 1938 жылғы 9 қаңтардағы «Үлкен Жезқазған комбинаты» деген мақаласында да су қоймасын салу туралы жобасы тарқатылып айтылады. «Кеңгір өзенінен ұзындығы 750 метр, биіктігі 30 метр плотина, яғни бөгет салынады. Мұның өзі комбинаттың өндірістік жұмысына керекті сумен де, ішуге қажетті сумен де қамтамасыз етеді» деп жазған-тын Қанекең. Кеңгір су қоймасының  құрылысы 1940 жылы басталып, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тоқтап қалады. Сұрапыл соғыс жеңіспен аяқталған соң ел есін жиған кезде, 1946 жылы құрылыс жұмыстары қайтадан басталады. Атшаптырым 37,3 шаршы шақырым аймақты алып жатқан су қоймасы мен алып гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталды.  Ал, 1954 жылдың көктемінде оның арнасы кемеріне дейін суға толтырылған күн де тарих шежіресінің бір парағына айналды. Кейіннен 1961-1965 жылдары бөген жүйесі кеңейтіледі. Бүгінде Кеңгір қоймасы 319 млн. текше метр су жинақтап, сыйғыза алады. Орташа тереңдігі 8,5 метр. Кербез Кеңгір баяу толқынымен жағасын аймалап жатқанын көру қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Дегенмен, Ұлытау өңірінің өзендері қар, жерасты суларымен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректеніп, толығатынын ескерсек,  құрғақшылық жылдары Кеңгір арнасының кенезесі  кеуіп қала жаздайтынын да жасыруға болмас. «Табиғат — бірде көл, бірде шөл» демекші, мұндай тосын жағдайдың алдын алатын шаралар аса қажет. Кеңгір су қоймасы бұрын «Жезқазғантүстімет» АҚ құрамында болып келген еді. Үкіметтің 1996 жылғы 17 маусымдағы №740 қаулысымен Қазақстан Республикасы су ресурстары жөніндегі комитетінің қарамағына берілді. Осыған орай, облыстық су ресурстары жөніндегі комитет су қоймасы аймағының талапқа сай таза ұсталуына назар аударып, қажетті шаралармен қамтамасыз етуге тиіс. Халық ауызсуға осы қойманың суын тұтынып отырғанын естен шығаруға болмас. Ауызсуды толықтай жерасты суына көшіру мәселесі ондаған жылдардан бері айтылып жүрсе де шешімін таппай келеді.

Үлкен Жезқазғанның алғашқы қадасы қағылған тұста бұл жерде 50 мың тұрғыны бар шағын өндірісті қала болады деп жобаланған екен. Ал, Жезқазған облыс орталығы болып тұрған кезде халық саны 100 мыңнан асып жығылса, қазір 90 мыңдай адам бар. Болашақ қаланың өркен жаюын оймен шола білген Қаныш Имантайұлы сол кезеңде: «Бұл су қоймасы қазіргі жағдайға әбден жеткілікті, алдағы уақытта Жезқазғанға Ертіс-Қарағанды каналының суы келеді» деп, тағы бір үлкен жобаның шет жағасын жария еткен көрінеді. Әттең дүние, осы тамаша жоба қолға алынған заманда көреген ғалым, асыл азамат арамызда жоқ еді. Қыруар қаржыға салына бастаған Ертіс каналы Жәйремге дейін салынып, Жезқазғанға жетпей қалғанын жұртшылық жақсы біледі. Иә, сусыз өмір жоқ. «Судың да сұрауы бар» дейді халқымыз. Ендеше, қаламызға тіршіліктің нәрін беріп отырған қасиетті Кеңгір су қоймасын бағалап, аялай білейік.

Новости в Вашем регионе