МЫСТЫ ҚАЛАДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАЛАР

Қызу тірлік, қарбалас шаруамен жүріп тағы бір күнтізбелік жылды артта қалдырып отырмыз. 2018 жыл мысты қала үшін жаман жыл болды дей алмаймыз. Қаланың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси һәм мәдени өмірінде бірқатар маңызды оқиғалар болды. Тарихтың жаңа парағы ашылар тұста солардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.

Рухани серпіліс жылы

Артта қалғалы отырған 2018 жылды Жезқазған үшін «Рухани серпіліс жылы» болды десек артық айтқандық емес. Олай дейтініміз жыл бойы қаламыздың мәдени өмірі мазмұнды іс-шаралармен өрнектеліп, жезқазғандықтар бұрын-соңды көрмеген кереметтердің куәсі болды.

Қаламыздың рухани өміріндегі айтулы оқиғаларды тізбелегенде, ойға ең алдымен «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі түседі. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың бастамасымен биыл Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданында 13-14 шілдеде І Халықаралық классикалық және фольклорлық муызка фестивалі дүркіреп өтті. Мексика, Перу, Италия, Австрия, Польша, Түркия, Ресей, Жапония, Әзірбайжан сынды әлемнің бірнеше елінен отызға жуық ұжым мен өнерпаз қатысқан фестиваль аймақ халқы үшін ерекше өнер мерекесі болды. Фестивальді лайықты деңгейде өткізу үшін Ұлытау ауданының орталығында және Жезқазғанда, Кеңгір су қоймасының жағалауында арнайы концерт алаңы салынды. Жезқазғандағы әмбебап концерт алаңы облыстық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферт есебінен тұрғызылып, қала тұрғындарының игілігіне берілді. Газетімізде қала сәулетіне көрік берген бұл нысанға «Жезкиік» концерт алаңы» деген атау беру туралы бастама көтеріліп, оқырмандар тарапынан қолдау тапқанын да айта кеткен жөн.

2018 жыл қаладағы бірқатар мәдениет ошақтарының мерейтойлық жылы болғанын да атап өту керек. Мәселен, биыл С. Сейфуллин атындағы кітапхананың құрылғанына 45 жыл толса, қаламыздағы тарихи-археологиялық музей 40 жылдығын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Бүгінде Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне біріктірілген қала кітапханалары заман талабына сай жаңа мүмкіндіктерді молынан пайдалануда. Қазірдің өзінде мұнда кітап қорын цифрландыру, электронды каталогтар мен «РАБИС» сынды басқа да жүйелер кең қолданысқа енді. 2012 жылдан бері zhezbiblioteka.kz  сайты оқырман сұранысын қанағаттандырып келеді.

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің 40 жылдығы да есте қаларлық мазмұнды іс-шаралармен айшықталды. 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орайластырылып өткен республикалық музейлер фестивалі – соның айқын дәлелі. «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, «Қорқыт ата» мемориалды музейі, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі, Балқаш қалалық тарихи-археологиялық музейі, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі, Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейі, Бұқар жырау ауданы тарихи-өлкетану музейі, Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей сынды еліміздің әр өңірінен барлығы 13 музей қатысқан фестиваль аясында көрме-жәрмеңке, ғылыми конференция, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылды. Музейлер фестивалінің ашылу салтанатына қатысқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов музейге отбасылық кітапханасында сақталған Фирдоусидің «Шахнамасының» түпнұсқасын табыс етті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, танымал режиссер Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театрлар фестивалі қазақстандық театрлардың мүмкіндігін әлемге танытқан айтулы оқиға болды. былтыр С. Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрдың 45 жылдығына орай аймақтық фестиваль ретінде алғаш ұйымдастырылған іс-шара Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың қолдауымен тұрақты түрде өтетін болып шешілді. Ауқымы да кеңейіп, Халықаралық деңгейде қанат жайды. Шымылдығы ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэтикалық драмасымен түріліп, төрт күнге созылған өнер мерекесіне Фрация, Сербия, Қытай халық республикасы театрларымен қатар өз елімізден Республикалық неміс театры, І.Омаров атындағы Қостанай, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театрлары мен Астана Жастар театры қатысты.

Осы айтулы оқиғалардың қатарында қаламызда өткен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін бөлісуге арналған «Ұлы дала мұрагерлері» форумын, этнографиялық фестивальді, бард әншілер мен авторлық әндер орындаушыларының байқауын, «Ютария LTD» ЖШС-ның қолдауымен ашылған білім беру және дамыту орталығының жұмысы басталғанын да атап өтуге болады.

Береке – бизнесте

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жезқазғанда да бұл бағытта айтарлықтай іс тындырылғаны анық. Жыл басынан бері бірнеше жоба жүзеге асып, жаңа кәсіпкерлік нысандары іске қосылды.

Маусым айының басында қалада «Ұлытау Нан» зауытының сатанатты ашылуы болды. Құрылыс жұмыстары сегіз айдан астам уақыт жүрген зауыт толықтай итальяндық және словакиялық заманауи құралдармен жабдықталған.  Зауыттың ашылу салтанатына кәсіпкер Ерлан Нығматулин, «Қазақмыс холдинг» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай мен «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров сөз алып, жұртшылықты заманауи үлгіде жабдықталған нан зауытының іске қосылуымен құттықтады. Жалпы 2 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған зауыттың аумағы 2640 шаршы метрді алып жатыр. Қалыпты жұмыс жағдайында күніне 35 тонна өнім беретін нан зауыты 223 адамға жұмыс ұсынып отыр.

Осындай ілкімді жобалардың қатарында «Даму» қорының қолдауымен іске қосылған «Қазтехфильтр» ЖШС-да жаңа цехтың ашылуын айтуға болады. Іштен жанатын қозғалтқыштардың ауа сүзгіштерінің 280-нен астам түрін шығаратын кәсіпорын өз өнімін «Қазақмыс» корпорациясы, «Арселор Миттал, «Богатырь көмір», «Восход Ориель» компанияларына, Екібастұз жылу электр стансасы мен Хромтау жол құрылысы мекемесі сынды ірі өндіріс ошақтарына ұсынып келеді.

2016 жылы жұмысын бастаған Жалтырбұлақ кен орнынан алтын кенін шаю кешені бүгінде өндіріс ауқымын ұлғайтып, ірі жобаларды қолға алған. Мұнда 2018 жылдың басынан бері құрамында алтыны бар 536 тонна кен өңделген. 2017 жылы кәсіпорын құрамында алтын бар смола өңдеу цехының құрылысын бастады. Бүгінде жоба бойынша жұмыстар толық атқарылып, қондырғыны орнату жұмысы жүруде. Бұған 600 млн теңге инвестиция құйылып, жаңадан 22 жұмыс орны ашылып отыр.

- Кәсіпорын табысты жұмыс істеп, Жезқазған аймағының дамуына үлес қосады деп сенемін. Енді ақырғы өнім – катодтық шөгінді басқа жақта емес, біздің Жезқазғандағы кешенде шығарылатын болады. Болашақта құрамында 70 пайыз алтын мен күміс бар Доре қорытпасын алу жоспарлануда, - деген болатын жаңа жобаны іске қосуға арналған салтанатты іс-шарада қала әкімі Қайрат Бегімов.

Қаланың өндірістік әлеуетін арттыратын ірі жобаның бірі – «Қазхимсинтез» ЖШС-ның Жезқазғанда салынып жатқан өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауыты. Құрылысы 2017-2020 жылдарға жоспарланған зауыттың жобалық құны 1,2 млрд теңгені құрап отыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының шапағаты тиген жоба іске қосылғанда 150 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.

Коммуналдық саладағы қарқынды істер

Қаланың күнделікті өмірінде коммуналдық саланың алар орны ерекше. Алып өндіріс ошақтары үздіксіз жұмыс істеп тұрған қалада жылумен жабдықтауда айтарлықтай қиындықтар болмағанмен, қаланың болашақтағы кеңеюі, жаңа үй-жайлардың салынуына байланысты жылу тапшылығы туындамай ма деген күдікті ойлардың анда-санда бір қылаң беріп қалатыны бар. Биыл жазда бұл күдік те сейілді. Өйткені, Жезқазған жылу энергия орталығында №8 турбоагрегат іске қосылды.

Қуаттылығы 50 МВт болатын жаңа құрылғыны іске қосу жұмысы орталықта 2015 жылы басталған болатын. «Калужа турбина зауыты» ЖАҚ шығарған турбина орталықты жаңғыртудың инвестициялық бағдарламасын іске асыру арқасында қойылып отыр. Бұған дейін жылу стансасында негізгі және қосалқы қондырғыларды ауыстыру мен жаңалау жұмыстары жүрген болатын.

Коммуналдық саладағы күрделі мәселелердің бірсыпырасы апаттық жағдайда тұрған және ескі үйлерге қатысты. Қала басшылығының ұзақ жылға созылған еңбегінің арқасында Жеңіс көшесі №11 үйдің мәселесі біржола шешіліп, ол үйдегі 48 пәтердің иесі толықтай мемлекет қазынасынан өтемақы алып, жаңа баспаналарына кіріп те үлгерді. Апатты жағдайда деп танылмаса да тозығы жеткен үйлер де тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту қоры арқылы жаңартылуда. Бұл бағдарламамен қаламыздағы Омаров және Пугачев көшелерінде орналасқан екі көпқабатты үй жөнделді. Талап ауылына таза ауыз су жеткізіліп, қала ішіндегі бірқатар магистралды құбырлар кешенді жоспар аясында жөнделіп жатқанын өздеріңіз де білесіздер.

2018 жылы жол жөндеу жұмыстары да жалғасын тапты. Негігі жұмыс Сәтбаев көшесі мен Бейбітшілік даңғылында жүзеге асты. Сондай-ақ, Омаров көшесі, 63-орам жолдары, 3,6-шағынаудандардағы аула жолдары да жаңартылды.

Жыл соңына таман қалада тағы бір жағымды жаңалыққа куә болдық. «Нұрлы жер» бағдарламасымен жыл басында басталған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, үй кезегінде тұрған 36 отбасы Сәтбаев көшесі 70 «А» мекенжайындағы жаңа үйден пәтер алды. «Астра Сервис плюс» ЖШС бас мердігер болған үй құрылысына республикалық бюджеттен 272,8 млн, облыстық бюджеттен 30,3 млн теңге қаражат жұмсалды.

Тарих қойнауында қалғалы тұрған 2018 жылы қаламызда болған айтулы оқиғалар мен маңызды шаралардың бір шамасын тілге тиек еттік. Ендігі тілегіміз – жаңғыруға бастаған жарқын істердің келер 2019 жылы да жалғасын тапқаны.

Дархан МҰХАН

Новости в Вашем регионе