e-QALA ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қала әкімі Қайрат Баяндыұлының төрағалығымен әкімдікте е-Qala жобасының таныстырылымы болды.

Жиналғандарға жобаны «ТрансТелеком» АҚ-ы өкілі Ринат Рамазанов таныстырды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген жоба Елбасының «Ақылды қалалар» жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындауды мақсат етеді.

– «ТрансТелеком» компаниясы интернет, телефон байланысы саласында қызмет ұсынады. Біздің компанияның жобаларының бірі осы – е-Qala. Бұл жоба Елбасы Жолдауында айтылған «ақылды қала» жүйесін құрудың алғашқы баспалдағы десе де болады. Жоба қаланың тұрғындары мен мемлекеттік органдар, қызмет көрсетуші компаниялар арасындағы байланысты жеңілдетуді мақсат етеді. Жобаның басты артықшылығы мемлекеттік мекемелердің қызметі, түрлі деңгейдегі бюджеттер, мемлекеттік бағдарламалар, басқа да мәліметтер түрлі ресурстарда жарияланғанымен, қарапайым азаматтар оларды іздеп, оңай таба алмайды. Ал, мында оның барлығы бір жерге топтастырылған, – деген Ринат Қайратбекұлы жобаны жан-жақты таныстырды.

е-Qala қала жобасы өз ішінен «Менің үйім», «Менің қалам» және «Менің картам» деген үш бөлікке бөлінеді. Мұнда әрбір тұрғын үй, ондағы мекемелер бойынша мәліметтер енеді, сонымен бірге, жергілікті басқару органдары, қызмет көрсетуші компанияларға арыз-шағым, өтініштер беру, мекеме басшыларының қабылдануына жазылу, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жұмысын бағалау жүйесі қосылады. Өтініш берушілер өз өтініштерінің қаралған, қаралмағанын бақылап, нақты қабылданатын шешім туралы мәлімет ала алады. Жүйе жоғары деңгейдегі қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген.

Сонымен бірге, жобада білім беру нысандары, сервистік қызметтер, тағы басқа мекемелер қамтылып, азаматтарға көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түседі.

Жоба туралы мағлұматтармен танысқан Қайрат Баяндыұлы бұл жүйе тұрғындар тілегіне толық жауап беретінін айтып, жергілікті әкімдік оны толық қолдайтынын жеткізді.

– Елбасы біздің алдымызға азаматтардың сұранысына бейімделген аппарат құру туралы міндет қойып отыр. Біздің қызметіміз әрқашан ашық және қолжетімді болуы тиіс. Мына жоба сол қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, мемлекеттік мекемелердің жұмысын бағалаудың да жаңа әрі тиімді жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, біз мұны қолдаймыз. Жаңа жүйені енгізуде әкімдік бас болып, қаладағы барлық мекемелер осы жүйеге қосылатын мүмкіндіктерді бірге қарастырамыз, – деді Қайрат Баяндыұлы.

Жиын соңында қала басшысы әкімдік бөлімдеріне компания өкілдерімен бірлесіп, аталған жобаны енгізу бойынша жұмысты пысықтауды тапсырды.

Новости в Вашем регионе