ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙДЫҢ ЖАУАБЫ: «Ауданды қинап, облысты сыйлайтын аудандық газет кімге керек?»

Қаралай жүріп өзгеге қара күйе жаға салу оңай. Қазір қит еткенді аңдып, тырнақ астынан кір іздеп, болып жатқан жайдың бей-жайына анық бармай қаралауға әуес болғандай ма? Ақталмауға да болар еді. Іріткі құйған сүт бәрібір қатыққа айналады ғой деп отыру да жөн емес. Жуырда, нақтысын айтқанда, жаңа жылдың алғашқы санында (№1 (329) 11 қаңтар 2019) "Сыр дидары" газетінде "Ауданды қинап, облыс­ты сыйлайтын аудандық газет кімге керек?" деген атаумен мақала берілді. Мақаланың төркіні аудандық газетке "Құрметті азамат" иегерлерінің дүниеден өтуіне орай аудан әкімдігі, аудандық ардагерлер кеңесі және өзге құрылымдар атынан көңіл айту берілмеуі екен. Одан бөлек оқырман мақаласының шықпауына да кінә таққан. Енді осыған жауап берсем деймін.

Біріншіден, газет аудан өмірін, тыныс-тіршілігін толық қамтып, жаңалықтың жаршысына айналғаны ақиқат. Екіншіден, газет қызметкерлері тарапынан аудан халқын "мылтық тақағандай" мәжбүрлеп жаздыру орын алған емес. Үшіншіден, редакцияға жолданған мақалалар сарапталады. Өйткені, "Қармақшы таңы" газеті салалық басылым емес, "аудандық қоғамдық-саяси газет". Сондай-ақ, бес мыңға тарта оқырманның ойымен де санасу қажет. Сарапқа салынбай, іріктелмей, басы-көзі жоқ мақалаларды газетке баса беру кез-келген редакцияда болған емес. Болмайды да. Әрбір редакция барынша оқырманға тұшымды, ой түйерлік дүние беруді көздейді. Әйтпесе, басылым газет болудан қалады. Оның үстіне ішкі саясат бөлімінің "қол қойып" берген мақаласының бәрі газет бетінде шығу керек деген заңдылық жоқ шығар?  

Әдетте, редакцияға түскен мақаланың дені аталған бөлім басшысының "өтінішімен" келеді. Өтінішті орындай беретін басылым қайырымдылық қоры емес, газеттің өз ұстанымы бар. Бас тақырыпқа ойыссақ, рас, "Қармақшы таңы" газетіне қос "Құрметті азамат" иегерінің, Болатбек Әбжалиев пен Әбдіраман Тұрғановтың қаза болуына орай аудан әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесінің көңіл айтуы орналастырылмады. Өткен жылдың желтоқсан айында (07.12.2018) редакцияға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Серік Айдаров келді. Мақсаты белгілі, редакцияның электронды поштасына жолданған Болат Әбжалиев пен Әбдіраман Тұрғановтың өмірбаянын арқау етіп, көңіл айту жазып, жолданған фотосымен тиісті құрылымдардың атынан жариялауымызды талап етті. «Жарнама туралы» заңды алға тартып, бөлім басшысына мұндай қызметтің ақылы болатынын ескерттік. Әрине, аудан тұрғындарының дені білетіндей, көңіл айту мемлекеттік тапсырысқа жатпайды, ақылы түрде жүреді. Алайда, аталмыш бөлім басшысы көңіл айту "мемлекеттік саясаттың бір бөлшегі" екенін алға тартты. Бұл қате ұғым!

"Сыр дидары" газетіндегі мақалада көрсетілгендей, "Құрметті азамат" иегерлері, марқұм Болатбек Әбжалиев пен Әбдіраман Тұрғанов жөніндегі «мәлімет» емес, "көңіл айтуды" дегеніміз жөн болар.
Болатбек Әбжалиев те, Әбдіраман Тұрғанов та өнегелі ісімен, ұлағатты сөзімен ел есінде қалған есімдер. Олардың ұрпаққа үлгі болар, өнеге болар тұлғалығын айшықтар мақала газет бетінде жарияланады. Қармақшы топырағында туған танымал тұлғалар туралы мақала тұрақты түрде жарияланып келеді. Бірақ, аталмыш авторға ақпар берген кісі "көңіл айту" мен "мәліметті" ажырата алмайтын болғаны ма?  

Шынын айту керек, аудандық "Қармақшы таңы" газеті облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алу жолымен мемлекеттік тапсырысты орындайды. Қармақшы ауданының бюджетінен ешқандай қаржы алмайды. Осы жағын да ескеріп қойсақ дұрыс болар еді. 

Аудандық газет "Сыр медиа" ЖШС-ның құрамына енгелі бері көп шаруаны еңсеріп келеді. Облыс әкімінің саясаты негізінде редакциялар замана көшінен қалмай жетілдіріліп келеді. Бүгінде газет жанынан интернет сайты жұмыс істеп тұр. Аудан тыныс-тіршілігін жедел ақпараттандыруда оның да өз үлесі бар. Одан бөлек "Сыр медиа" ЖШС оқырманға тиімді болсын деген ниетпен бір-екі жылдан бері газет бағасын өсірмей ұстап отыр. Оны облыс тұрғындары жақсы біледі. Сондай-ақ, тарату қызметін де мекеме өз қолына алған. Бүгінде аудандағы жұмыссыздар сапынан шыққан 21 таратушыны жұмыспен қамтып отыр.  Мұны Елбасы саясатын жүзеге асырудың бір қыры десек те болады. 2017 жылдың соңында "Сыр медиа" ЖШС өз қаржысына аудан орталығынан редакцияға жаңа ғимарат сатып алып берді. Бұған дейін редакцияның 16 қызметкері (техникалық қызметкерлерді қосқанда) аядай төрт бөлмелі екі қабатты үйдің бірінші қабатын паналап келді. Ол ғимараттың ахуалы да аса қиын еді, шынтуайтына келгенде жұмыс істеуге қолайсыз нысан болды. Өткен жылы "Сыр медиа" ЖШС ескі редакцияны өз қаржысы есебінен жөндеуден өткізді. Сонымен қатар, редакциядағы техникалық жабдықтарды да (компьютер, принтер, сканер, жиһаз т.б.) жаңалауды құрылым назардан тыс қалдырған емес. Осынша жұмысқа аудан әкімдігінен, аудандық ішкі саясат бөлімінен қаржы бөлінген емес. Сонда қалай, аудандық газеттің бар қажеттілігін "Сыр медиа" ЖШС өтеуі керек те, аудандық ішкі саясат жұмыс талап етуі қажет пе? Онсыз да "Қармақшы таңы" газеті Елбасының, облыс, аудан басшысының саясатын жүзеге асырып отыр емес пе? Әлде аудандық ішкі саясат бөлімі Елбасы саясатынан бөлек саясат жүргізетін болғаны ма?

Тағы бір жайт, тек мақтау айтуды ешқашан нысанасы еткен емес. Шыны керек, елдегі болып жатқан шаруаны, жүзеге асып жатқан бағдарламаны, ауқымды жобалаларды мақалаға арқау ететініміз рас. Сын болмады емес, болды. Мәселен, былтыр жаз айында "Саябақтар қашан саялайтын орын болады?" деген тақырыпта мақала шықты. Тиісті орын аталған мәселеден не нәтиже шығарған жоқ, не жауап қатқан жоқ. Одан бөлек түнгі жарықтандыруды да сын тезіне алды. Қарекет еткен, не жақ ашқан құзырлы орын болмады. Жақында "Қар жолда, тайғақ кешу" тақырыбындағы мұз ұстасқан көшелер жайында мәселе көтерілді. Әлі де тиісті құрылым жауабын бермеді. 

Әрине, мәселенің анық-қанығына бармай, анау айтты, мынау айттымен мақала жазу, күйе жаға салу оңайдың оңайы. Кез-келген мақаланың айтулы мақсаты, көздеген нысанасы болады. Бұл жолы нысана дұрыс көзделмегендей. Автор шын кінәліні іздесе, тереңдей түсуі керек еді. Ауданға еңбегі сіңген "Құрметті азаматтарды" құрметтеудің жолын аудандық ішкі саясат бөлімі басылымға итере салғаны ыңғайсыз болды. 

 

Новости в Вашем регионе