Ауданды қинап, облысты сыйлайтын аудандық газет кімге керек?

Ойма тазға он теңге,
Қырма тазға қырық теңге,
Берсең де бер бес теңге,
Бермесең де бер бес теңге.
Сал к...іңді керсеңге, - дегеннің керіндей мемлекеттік саясатты қолдайтын газеттердің жазылымында ел керек те, ел бір мақала шығарғысы келсе керек емес болып тұр. Құдды бір мемлекет халықты қолжаулық етіп, ойыншыққа айналдырып, тонап келе жатқандай. Қыңқ деуге қауқары жоқ халық байғұс желкесінен мылтық тақап тұрғандай күйде жазылады да, мақаласын шығара алмай жаутаң қағады. Жазылған соң рахаттанып оқитын бірдеңе болса бірсәрі, бастан аяқ мақтау. Оны қойшы, нұрланып жатқан елге жарасады ғой. Бірақ, қанын сорғалатып тұрып ақшасын алған қанаушы газеттер елдің мақаласын неге тегін баспайды?, - дейді қармақшылықтар.
 

Оны-мұны айтпаймын, елге елеулі болған адамдар жөнінде жаза қояйын десең тілдей қағазға жазылған жазбамызды жариялау үшін қолақпандай ақша сұрап, «осыны төлесең шығады» деп қарап тұрады. Әсіресе, біздің ауданның жалғыз газеті «Қармақшы таңы» деген басылымымыз басынып бітті. Мемлекеттік тапсырыс аясындағы қаржыға ғана шығарады да, өзге мақалаларға мойын бұрмайтын секілді. Мақаланы қойшы, мәселен, бір ғана біздің ауданның бетке ұстар тұлғалары болған, артында игі із қалдырған «Құрметті азамат» иегерлері марқұм Болатбек Әбжалиев пен Тұрғанов Әбдіраман жөніндегі мәліметті баспай қойғаны халықты сыйламағаны емес пе? Бұл екі азаматымыз кім еді, өміріне тоқталайықшы.   Болатбек Әбжалиев

Болатбек Әбжалиев күндей жарқырап тұратын айрықша асыл тұлға болды. Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет жасаудың тәлімін, өнегелі өмірдің үлгісін көрсетті деп еске алады ол дүниеден өткен кезде. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, лауазымды қызметтерді атқарды. Қиын жылдардағы қызметтің бар ыстығы мен суығына көніп, талай игі істің жанашыр бастамашысы бола білді.  

Еңбек жолын 1967 жылы аудандық №149 кәсіптік училищеде мұғалім, 1968-1985 жылдары бұрынғы Энгельс колхозында, Қазіргі Жаңажол ауылында трактор бригадирі, шеберхана меңгеру­шісі, бас инженер-механик болып қызмет атқарған. Одан кейінгі жылдары Қармақшы «Агропромтехника» мекемесін басқарған. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде жеке кәсіпкерлікпен айналысты. 2007 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін №12 кәсіптік лицей директоры болды. Зейнеткерлікте болған жылдарда да елдің қамын ойлап, қанша істерді бітіріп, ел ішінде аяулы да, қадірлі жан атан білді. Тірісінде ел ауызынан түскен жоқ, газет бетін берген жоқ.Тұрғанов Әбдіраман

Ал, Тұрғанов Әбдіраман болса, мектеп бітірген соң 1960 жылдары  Жосалы қыстағындағы №149 селолық училищеде оқып, «тракторист – слесарь» мамандығын алғаннан кейін құрылыста жұмысшы, одан соң Алматы қаласындағы  Қазақ политехникалық институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітіріп шығып, ары қарай 1969-1971 жылдары Совет армиясы қатарында рота командирінің орынбасары қызметін атқарған. Отандық парызын өтеп келгеннен кейін 1978 жылға дейін Жосалы қыстағындағы №30 жылжымалы мехколоннада мастер, прораб, участок бастығы қызметтерінде болды. Одан соң төрт жыл ауданаралық колхозаралық құрылыс мекемесін басқарды. Үш жыл  құрылыс мекемелерінде аға инженер, прораб, 1985 жылдан 2002 жылға дейін аудандық архитектор болып қызмет атқарды.

2002 жылдан 2008 жылға дейінгі мерзімде аудандық мұрағат мекемесінің директоры қызметін атқарып, зейнет демалысына шықты.  

Бұл кісілер көзі тірісінде еткен еңбегінің нәтижесін көріп, «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, бірнеше рет облыс және аудан әкімдігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталып, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Ел, халықтың алақанында, құрметтің төрінде өтті. Өйткені, екеуі де елге соғар желдің өтіне, сыздың үстіне тұрып, бар қажыр-қайратын аямай жұмсап халқым деп өткен нағыз нардай жандар болатын. «Көзі кеткеннің өзі кетті» деді ме, бұл асыл азаматтар  дүниеден озғанда   аудандық «Қармақшы таңы» газеті  қазанама беруге бір бұрышын да қимай қалды. Себебін сұраса, ұлықсат бермей отырған «Сыр медиа» басшылығы екен.

Елмен етене байланыспайтын газет тек мемлекеттен ақша бөлінген мақалаларды ғана жаза ма? Аудан тынысын көрсететін басылым неге аудан билігінен өзге жерге бағынады, неге сол жаққа  қарап жаутаңдайды да отырады деген ел ішінде пікір өріп жүр. Өйткені, газетке салынған мақала редакторының сараптамасымен ғана шектелмей, облыс орталығынан рұқсат сұрайды. Олай болатын болса, біздегі газетті жапсын да, облыс орталығындағы газетті шығара берсін. Болмаса «Ортақ өгізден оңаша бұзау» дегендей газетіміздің билігін жергілікті жерге берсін. Өз басында билігі жоқ газетті газет деуге болады ма. Бұған да көнгісі келмесе «Қармақшы таңы» газетін қармақшылықтарға қинап жаздыруын қойсын. Ел өзі қалаған газетке жазылып, азаматтары сол газеттер арқылы насихатталсын.

Новости в Вашем регионе