Өмір жолы өнегелі жан

Біз даналықтың мәйегі болған «дария кеуде, тау мүсін»,- қарттарымызға қашан да құрмет көрсете білген елміз. «Ата сөзі – ақыл көзі»,- демекші ауыздары дуалы, абыз кеуде қарттардың ғибыратқа толы сөздерін санамызға сіңіріп өстік. Айрандай ұйыған елдің берекесін бекем қылып, мерейін асқақтатып, мәртебесін көтеретін, телісі мен тентегін тезге салатын осы қарияларымыз екені анық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар»,-деп бекер айтылмаса керек. Атам қазақтың «төріңнен қарт кетпесін»,- дегені де бекер емес-ау!

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы жасы егде тартқан қарттарды: шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты – шал деген. Өз әулетін шашу шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартқа – қария деп баға берген. Тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деген. Ал, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – абыз деп атаған. Осы орайда «күректей қолмен білектей майды асайтын», шежіре айтқанда шеріңді тарқататын абыздарды іздейсің. Бір қуанарлығы әлі күнге тектілігі тарқамаған асылдың сынықтары арамызда баршылық. Мақамды сөздің майын тамызатын, ел ертеңіне бей-жай қарай алмайтын, айтулы шараларға атсалысып, ақыл-кеңесін айтып жүретін мұндай майталмандардың бірі – Төлеубек Жүсіпбекұлы. Бар өмірін бала тәрбиелеуге, ұстаздыққа арнаған Төлеубек атаның есімі бүгінгі күні оқырман қауымға етене таныс. Газет беттеріне елдік-жердік маңызы бар мақалалар жазып тұрады. Қаламынан туған тың дүниелері оқырмандары үшін құндылығымен ерекше. Тек бұл ғана емес ауданымызда алғаш ана тілде білім беретін қазақ сыныптарының ашылуы осы Төлеубек атамыз бен тікелей байланысты. Сол кездегі кеуделерін ұлттық намыс кернеп, қазақ сыныптарын ашсақ деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген жандардың бірі Төлеубек Жүсіпбекұлы. 1940 жылы ауданымызға қарасты, қазір үңірейіп орыны ғана қалған Қараөзек ауылында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң қаламыздағы №1 мектепте білімін жалғастырды. Төлеубек ата ол кезін былайша еске алады: «Ауылдағы бастауыш мектепте оқып жүргенімізде Жұбай деген ұстаз сабақ берді. Өзі майдангер кісі болатын. Ол кезде қолмен қағатын қоңырау да жоқ еді. Мектептің алдында темір шелек тұратын соны бір тепкенде үзіліске шығамыз, екі тепкенде сабаққа кіретінбіз. Бастауыш мектепті бітірген соң Макинск қаласындағы № 1 мектепте қатынап білім алдық. Қыстың ақ бұрақ боранды күндері келіп кету қиынға түсетін. Бұл 10 жылдық мектепті бітірген соң ұстазымыз Алтын Баймағамбетқызының ұсынысымен Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың тарих және филология бөліміне оқуға түстім. Оны ойдағыдай тәмамдаған соң қаламыздағы өзім білім алған мектепке мұғалім болып келдім. Осылайша ұстаздық жолдан еңбек демалысына шықтым».

Төлеубек ата қысылтаяң жылдары ауылдағы қазақ балаларының қаламызға келіп білім алуы үшін алғаш мектеп интернатын ашқан жан. Күләй Молдахмедқызы екеуі 1969 жылы шаңырақ көтеріп 3-тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қонып қазір немерелерінің қуанышына бөленіп отыр. Әкесі Жүсіпбек елге сыйыл қарапайым шаруа адамы болған. Анасы Қимас қолынан іскелетін жан еді. «Қазақтың қанына сіңген қарапайымдылығы, жомарттығы болар 1949 жылы ауылымызға қоныс аударушы өзге ұлт өкілдерін әкеле бастады. Сол жылдары екі бөлмелі үйіміздің бір бөлмесіне бала-шағасы бар неміс ұлтының жанұясын тұрғыздық. Бір нанды бөліп жеп олармен де біте қайнасып кеттік»,-дейді Төлеубек ата.

Төлеубек ата әлі күнге дейін елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүр. Қолы қалт етсе тарихи мақала, еңбектер жазады. Бүгінде тек шәкірттерінің ғана емес аудан азаматтарының мақтанышы. Еселі еңбегі үшін талай мадақ, марапаттар алған. Кез келген адаммен тез тіл табысып кететін қарапайымдылығы, кішіпейілділігі Төлеубек атаны өзгелерден даралап тұрады. Ауданымыздан білікті шәкірт, өнерлі жастардың шығуы өнегелі еңбек ерлерінің салып кеткен сара жолдарының арқасы.

Новости в Вашем регионе