Көкейдегі көп сұрақ жауапсыз қалмады

Үстіміздегі айдың басында бастау алған ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулерінің соңғысы Қараөзек ауылында өтті. Оған аудан әкімі Жомарт Жұмағалиұлы Нұркенов және білім беру ұйымдарының, мекеме, бөлім, серіктестік басшылары қатысты.

Ауыл мектебіне жиналған көпшілік алдында округ әкімі Қорқытбай Айдосұлы Мұхамадиев есеп берді. Бұған дейін атқарылған шараларға тоқтала келе, алдағы жоспарларын да тілге тиек етті. Ал, жалпы аудан көлемінде іске асырылған ауқымды шараларды аудан басшысы Жомарт Жұмағалиұлы атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы ауыл тұрғындарының көкейкесті сұрақтарына да жауап берді. Бұл ауылда жайылым жайы жыр болып, жол мәселесі көтерілгелі бірнеше жылдың жүзі болды. Тұрғындар ауылға кіреберіс көпірді биіктетуді сұрады. Ал, аудан әкімі облыстан арнайы комиссия шақырып бұл көпірдің мән-жағдайымен таныстырғанын жеткізді. Айтуынша бұл көпір биіктетуге жарамайтын көрінеді. Егер биіктететін болса ауыл шетіндегі үйлерге көктемгі су тасқынның қаупі төнбек. Жыл сайын сөз болып келе жатқан жайылым жайын аудан басшысы ауыл тұрғындарына өзара ақылдасып жазда малдарын жайлауға шығаруға шақырды. Ауылдың айналасы егін болғандықтан мал жаяуға қиындық тудырып отыр. Ал, малдарын жазда жайлауға жіберсе бұл мәселе түбегейлі шешімін табары анық. Есеп беру кездесуінде көтерілген бұл және басқа да өзекті сұрақтарды аудан басшысы жауапсыз қалдырмады.

Новости в Вашем регионе