ТАЛАПТЫҚТАРДЫҢ ТІРЛІГІ ТИЯНАҚТЫ

Талап селосының әкімі Ғабид Битенов 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында есеп берді. Есеп беру кездесуіне Жезқзаған қаласының әкімі Қайрат Бегімов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев, сондай-ақ әкім орынбасарлары мен облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков, мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.

Талап селосының тұрғындары қашаннан ынтымақ-бірлігімен танылған. Сондықтан болар қаладан қашық орналасса да Талаптың тұрмыс-тіршілігі көп ауылдан көш ілгері. Бау-бақшалық пен мал  шаруашылығын кәсіп еткен «талаптықтардың» күн көріс деңгейі де жылдан жылға жақсарып, әл-ауқаттары артуда. Ауыл балалары үшін 25 орынға шақталған шағын орталық пен мектеп жұмыс жасап тұр. Биыл күрделі жөндеуден өткен мәдениет ошағы да халық игілігіне берілді. Халық денсаулығын бақылап, сақтауда акушерлік-фельдшерлік пункт медбибісінің еңбегі зор. Жұмыссыздар санын азайту жолында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Мысалы, 2018 жылда қаржылай қолдау қорынан 3 тұрғын төмен пайыздық несие алып, ата кәсіпке бет бұрған. Талап селосы тұрғындары үшін өткен жыл берекелі болды десек артық емес. Өйткені, Жезқазған-Талап арасындағы 18 шақырымдық ауыз су құбыры ауыстырылып, ауыл абаттандырылып, ажарлана түсті.

–Ауыз су Талап тұрғындары үшін ең өзекті мәселе болатын. Бұған дейін тозығы жеткен құбырлар қайта-қайта жарылып, сусыз қалатынбыз. Шүкір, екі жылда жаңартылады деп жоспарланған ауыз су құбырының жөндеуін  2018 жылдың мамыр айында бастап қарашада аяқтап бердіңіздер. Ауыл тұрғындары атынан осы іске атсалысқан барлық ел ағаларына ризашылығымызды білдіреміз,- деп ағынан жарылған ауыл ақсақалы Төлеубай Асанғазин әкім жұмысына оң бағасын берді.

Ал, Бақытжан Төлеуов ауылдан ашылған намазхана үшін алғысын айтты.

2018 жылы №14 Талап мектебінде де ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мен ауыл тұрғындары дән риза. Атап айтқанда, қалалық бюджет есебінен 3 млн 360 мың теңгеге білім ордасының қоршауы жаңартылды. Сонымен қатар, терезелер ауыстырылып, спорт зал күрделі жөндеуден өтті, 7 ,5 млн теңгеге мектеп ауласына көп салалы корт орнатылды. Корт құрылысын жүргізген мердігер «Стинг ТФК» ЖШС директоры М.Жахметов ауыл тұрғындарына заманауи үлгідегі жаттықтыру алаңын (Стрит воркаут) тарту етіп, спортты таңдаған жастардың қуанышын еселей түсті. Биыл 32 млн теңгеге мектеп ғимаратының шатыры толықтай жаңартылатын болады. Талаптағы балалардың білім алуына жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек еткен ұстаз Айжамал Айтуарова Ғабид Елтіндіұлының жұмысына сәттіліп тілеп, мектеп оркестріне домбыра тарту еткен облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Қомарұлына алғысын жаудырды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебінен кейін Талап селосының әкімі Ғабид Битенов болашаққа бағдарлаған жоспарларымен бөлісті. Әкімнің айтуынша, биыл 25 млн теңгеге ауылға кіреберіс жолдың бөлігі жөнделіп, ауылдың бас жоспары жасалмақ. Егістік жерлерді игеруге мүмкіндік беретін су құбырын қалпына келтіруге қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірлене бастайды. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында қаузалған газдандыру мәселесі Талапты да айналып өтпейтінін естіген жұртшылықты 2019 жылы ауылды газдандыруға байланысты сметалық құжаттар жобасы дайындалады деген жаңалықты қуана қарсы алды.

Есептік кездесуге келгендердің назарына домбыра үйірмесінің тәрбиеленушілері аудартты. Олар «Балбырауын», «Кеңес», «Адай» күйлерін орындап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. 2018 жылы №14 мектептің негізі қаланғанына 40 жыл толуына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп мұражайы ашылған болатын. Мұнда Талап селосының Ұлы Отан соғыс адрагерлері мен тыл еңбеккерлерінің құжаттары, қазақ халқының тұрмысынан сыр шертетін ыдыс-аяқтар мен ер-тұрмандар қойылған. Мұражайдан Талап селосы жайында мол мағлұмат алған қала басшысы бастаған топ мектеп оқушыларынын қолөнер туындыларын паш еткен көрмені тамашалады. Жезқазған қаласының 65 жылдық мерейтойына арнап мектептің ұстаздары Рақым Қуатов пен Баян Шатыбасова әзірлеген электронды кітап та көпшілікті таңырқатты. Аталған кітаптағы штрих-кодтар арқылы әп-сәтте ғаламтордан мысты өлкенің тарихы мен қаланың дамуына үлес қосқан тұлғалар жайында ақпарат алуға болады.

– Ауылдың амандығы – елдің амандығы,-деп Елбасы атап айтқандай біз елді-мекендердің дамуына барымызды саламыз.Өйткені, ауылды өркендету арқылы еліміз өзінің ұлттық экономикасы мен мәдениетін жаңғыртады. Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да ауылдың көсегесін көгертуге бағытталған бірқатар тапсырмаларды жүктегені белгілі. Жолдауда  ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды қолдау, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, ауылдың әлеуметтік ортасын жаңғырту мен «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру міндеттері қойылып, ауылдағы ағайынды сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінетінін қамтылды. Көріп тұрғандарыңыздай ауылдардың дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында,- деп сөзін жалғаған Қайрат Баяндыұлы село әкімінің алдағы жұмысы жемісті болуын тіледі.

Суретті түсірген Ғалия Әбдіғаппарова

Новости в Вашем регионе