НКВД жендеттерінің тізімі шықты. Ал, шолақ белсенділер мен сатқындардың ше?

Мәжіліс депутаты 
Бекболат Тілеухан 
Қазақстан арнасының 
“Nazar” бағдарламасына 
берген сұхбатынан:

«20-ғасырда қоғамды тексіздендіру саясаты жүрді. Көзі ашық адамдарды, оқу-жазуды үйреткендерді қырып тастады. Олардың орнын шолақ белсенділер, жала жапқандар басты. Олардан ұрпақ тарап, қазір желіде пікір жазып отыр»

1930 жылдары СССР-да болған «Үлкен террор» – саяси қуғын-сүргінді іске асырған НКВД қызметкерлерінің тізімі жарыққа шықты деп жазады Азаттық радиосы.
Саяси қуғын-сүргінді іске асырған НКВД жендеттерінің тізімі шыққан.
Жобаны «Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы іске асырған. Тізімде Қазақстанда репрессия жүргізген жендеттердің де аты-жөндері берілген.
Яғни, СССР бойынша НКВД-ның жеке құрамында 1935-1941 жылдары жұмыс істеген 41 668 адамның аты-жөндері жарияланып, оның 39 950-і туралы қысқаша мағлұмат берілген, дейді.
Қазақстандағы НКВД-ның 15 пайызы қазақ екенін де көрсеткен. Тіпті, олардың атын атап, түсін түстеп өткен.  Азаттық тілшісі «Мемориал» сайтында жарияланған бұл қызметкерлерді санап, олардың 1080-дей адам екенін анықтады. Оның ішінде, 170-тей қызметкердің аты-жөні қазақ екендерін білдіреді,-дейді. Ал, оның сыртында шолақбелсенділер мен ел ішіндегі сатқындар қаншама. Енді солардың атын атап, түсін түстесе, ол кейінгі ұрпаққа сабақ болмас па еді деген ой бар. Кім біледі, бетін әрі етсін, дәл қазірдің өзінде алмағайып заман бола қалса шолақ белсенділер шығып, домалақ арыз ұйымдастырмасына кім кепіл? Сондай тексіздікке бармас үшін тарих соты соттау керек шығар? Бүгінде бірдеңе дейтін болсаң Елбасының сөзін қос, сонда атқан оқтай, жазылған Заңдай, тіпті Құрандай болады емес пе? Олай болса, біз де осы тұрғыда Елбасының сөзін айта кетейік.

Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ, қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек»,-деді кешегі мақаласында. Дұрыс қабылдауымыз үшін ол бізге сабақ болуы тиіс. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстан арнасының “Nazar” бағдарламасына берген сұхбатында: «20-ғасырда қоғамды тексіздендіру саясаты жүрді. Көзі ашық адамдарды, оқу-жазуды үйреткендерді қырып тастады. Олардың орнын шолақ белсенділер, жала жапқандар басты. Олардан ұрпақ тарап, қазір желіде пікір жазып отыр”, – деген болатын.
Қазақта сатқындарды жазалаушы еді, ұрпағынан сатқын шықпауы үшін. Рухани жаңғырып, сол жазаға барамыз ба, әлде олай еттірмеуге мүдделілер жол кесе ме? Мейлі, бұл ойымызды осы арадан жылы жауып, «Мемориал» сайтының мақаласына қайта оралайық.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 
НКВД-НЫҢ 15 ПАЙЫЗЫ – ҚАЗАҚ

Осы тізімнің ішінде сталиндік репрессияны Қазақ АССР-і (1920 жылы құрылды – ред.) мен Қазақ ССР-і (1936 жылдан бастап – ред.) аумағында жүзеге асырған мыңнан аса НКВД жендеттерінің аты-жөні жарияға шықты.
Азаттық тілшісі «Мемориал» сайтында жарияланған бұл қызметкерлерді санап, олардың 1080-дей адам екенін анықтады. Оның ішінде 170-тей қызметкердің аты-жөні қазақ екендерін білдіреді.
«Мемориал» сайты жария­лаған бұл тізімге қарағанда, Қазақстандағы репрессияны іске асырған НКВД қызметкерлерінің 15 пайыздан астамының ұлты қазақ болғаны аңғарылады.
Мәселен, Қазақстанға қатысты бөлімде есімі жұртқа белгілі дегендердің ішінде Шәкәрім өлімімен байланысты аталатын Абзал Қарасартов; 1940-50 жылдары Қазақ ССР-і басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің есімдері аталады.
«Мемориал» сайтында Абзал Қарасартовқа 1936 жылы сәуір айында СССР НКВД-сы бұйрығымен «кіші лейтенант» шені берілгені, ұлты қазақ екені, 1906 жылы дүниеге келгені, НКВД-дан 1937 жылы қараша айында басқа жұмысқа ауысқан сәтте Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында шұғыл уәкіл болып тұрғаны жазылған. Тізімде Абзал Қарасартовтың өлімі туралы ақпарат жоқ екені де айтылады. Азаттыққа белгілі мәліметтер бойынша, Қарасартов 1979 жылы қайтыс болған.
Ал Жұмабай Шаяхметовтың 1938 жылы мамырдың 9-ы күні ВЧК-ОГПУ-дің (НКВД-ның контрреволюция және саботажбен күрес бөлімі) «Құрметті қызметкері» бел­гісімен мара­патталғаны жа­зыл­ған. Шаяхметовке­ 1940 жы­лы қарашада «мемлекеттік қауіпсіздіктің капитаны» деген шен берілген.
Кейбір тарихшылар Қазақстанда 1928-1929 және 1937-1938 жылдары 120 мыңдай адам репрессияға ұшырап, 25 мыңдай адам атылды деген дерек айтады.
Тергеу жүргізген, айыптарды ойдан құрастырған, тұтқындарды азаптаған 40 мыңнан аса жендеттің аты-жөні белгілі болып отыр.
– Облыстық басқармаларды басқарған негізгі басшылардың жүздеген есімдері аталып келді, бірақ тергеуді олар жүргізген жоқ қой, олар тергеу амалдарымен, істерді ойдан құрастырумен тікелей айналысқан жоқ, бұл шаруамен қарамағындағы қыз­меткерлер айналысқан, ал олардың есімдері белгісіз болып келді. Енді, міне әлгі 40 мың есімнің арасында тергеу жүргізгендердің, ойдан айыптар құрастырғандардың, әлгі қылмысты жасағандардың (ату жазасын орындағандардың – ред.) бәрінің аты-жөні бар, – дейді «Мемориал» қоғамының тең төрағасы Ян Рачинский.
Рачинский НКВД репрессиясына қатысқан, адамдарды саналы түрде азаптап, қылмыстық айыптауларды саналы түрде ойдан құрастырғандарды да ауыр қылмыскерлер, үлкен террорға жауапты деп біледі.
Оның ойынша, Сталин, жарлық қағазға қол қойған адамдар, бұйрық берген істі қарау тәртібін жеңілдету туралы заңды ойлап тапқан жендеттердің қылмысы осы жарлықтар мен заңдарды орындап, айыптауларды ойлап тапқан, адамдарды тікелей азаптағандар қылмысы бір.
Рачинский бұл тізімнің жариялануы полиция қызметкерлеріне сабақ болуы керек деген де ой айтады.
«Қазір бұйрықты ойсыз орындап жүргендер жеке жауапкершілік деген бар екенін, 20, 50 немесе 70 жылдан кейін бәрібір жауапқа тартылатынын білгені дұрыс. Осы тұрғыдан да сталинизм тарихы, большевизм тарихы бізге сабақ болуы тиіс» - дейді ол.
Міне, осылайша жендеттер жайында тың ақпаратты сескенбей жариялайды Ресей ақпараты. Енді шолақ белсенділер жайындағы мәлімдемеге ден қойса дейміз. Болмаса бұған қазақ елінің ауызы бармасы анық.

Новости в Вашем регионе