Жыры мөлдір, ойы өрісті, сөзі өрнекті

Сәрсенбінің сәтін ала келе қойнауы бай, төскейі құт Бұландының төрінде рухани санамызға ләззат сыйлаған тамаша жыр-кеші өз мәресіне жетті. Қазақтың дархан жазирасында өсіп, білім бұлағынан сусындап, қосын әдебиет ауылына тіккен, көптеген облыстық, республикалық дәрежедегі ақындық мүшәрайлар мен сайыстардың жеңімпазы, айтыс өнерінде де орын алып, өрелі де жанды өлеңдерімен Бұландының қана емес, өңірдің жұртына танылған, болашағынан зор үміт күттірер жас ақын Зандыбай Жайнарбектің шығармашылық кеші және «Бәсіре» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері Макинск қаласының мектеп-лицейінде өтті.

Кешке аты республикаға танымал қадірлі қонақтар және атқа мінер ел ағалары қатысты. Атап айтқанда, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, аудан әкімі Жомарт Жұмағалиұлы Нұркенов, Біржан сал ауданының әкімі Ермек Бекенұлы Нұғыманов, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық ақын-жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Құдайберлі Мырзабеков, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, танымал ақын, жазушы Ерболат Баятұлы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Мұхиддин Төлепбай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Қалқаман Сарин, Қазақстан Жазушылар Одағының, журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегірі Алмас Темірбай, ақын, жазушы, Халықаралық поэзия академиясының академигі Ербол Бейілхан, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал өнер иесі Досымжан Таңатаров, Жайнарбектің өнердегі достары: ақын Мерген Тоқсанбай, Қуаныш Оспанов, Құрмет Құралхан, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов. Жас ақын Жайнарбек Зандыбайұлының шығармашылық кеші аудан басшысы Жомарт Жұмағалиұлының қолдауымен өтіп, ауданның мәдени абыройын тағы бір мәрте биіктетіп жіберді.

 

 

 

Новости в Вашем регионе