Ұлттық құндылық құнтталған форум

6-сәуір күні Сарышаған кентіндегі жалпы білім беретін орта мектепте «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» тақырыбында форум өтті.

Ұлттық құндылық құнтталған форум

6-сәуір күні Сарышаған кентіндегі жалпы білім беретін орта мектепте «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы» тақырыбында форум өтті.

Форум аясында аудан әкімінің орынбасары А.Аманжолов және Сарышаған орта мектебінің директоры Г.Мусаева білім ошағы ішінен ашылған тарихи-өлкетану музейінің лентасын қиды. Онда теміржол өмірін өзек еткен сарышағандық шойын жолдың даңқты еңбеккерлерінің тарихы қойылған. Алтын құрсақты аналар cуреті де мұражай төрінде. «Ұстаз аты – биік, мәңгілік» бөлімде саналы ғұмырын білімді де білікті шәкірт тәрбиелеуге сарп еткен ұлағатты ұстаздардың суреттері мен өмір жолы туралы деректер орналасқан. Ал, «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» атты бөлімде білім биігінен көрініп, республикалық спорт бәйгелерінде жеңіске жеткен оқушылардың суреттері орын алған. Сондай-ақ, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында туған ел тарихынан сыр шерткен құнды деректер мен өнерлі оқушылар, ұстаздар қолынан шыққан экспонаттар көрер көзге әдемі-ақ.

Ұлттық құндылық құнтталған форум жайында, іс-шараны ұйымдастырушы мектеп директоры Г.Мусаева: – Мұндағы мақсат – ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Сонымен қатар, Қазақстандағы 100 жаңа есім қатарына енген жерлесіміз, Сарышаған кентінің азаматы, байырғы теміржолшы, Республикалық «Мерейлі отбасы - 2014» байқауының жеңімпазы Кендай Ахметовтың өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау – дейді.

Форум барысында мектептің акт залында «Жүз есімнің ішіндегі бір есім» тақырыбында Кендай Ахметовпен сұхбат өткізіліп, бейнеролик арқылы жас ұрпаққа өмір жолы таныстырылды.

Тағлымды шараны аудан әкімінің орынбасары А.Аманжолов құттықтау сөзімен ашты.

–Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, көрегенділігімен көзге түсіп, болашаққа бет алған Елбасымыз ұлттық мүдделерді айқындайтын рәміздерден де бөлек, Жолдаулар мен қазақ халқының онжылдық, тіпті жарты ғасырлық қамын ойлап, жаңғырулар қабылдады. Соның ішінде, ұлт тағдырына әсер ететін келелі бастама - рухани жаңғыру. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді сақтау да рухани жаңғырудың басты талаптарының бірі. «Отан отбасынан басталады» демекші, өнердің алтын кеніші саналатын туған өлкемізден шыққан би-шешен, батырлар тұлғасын, Аққыз, Мағауия күйлерін, өнерімен аспан асты елін мойындатқан Әсет, күміс көмей Күләш әндерін, Алаштың ақтаңгері Серік жырын дәріптеу, осынау тау тұлғалы дарындарымызды насихаттау рухани жаңғырудың бір парасы болмақ. Сонымен қатар өңірде еселі еңбегімен ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып жүрген, өнегелі өмірімен көпке үлгі ағаларымыз бар. Солардың бірі – бүгінгі шараның себепкері болып отырған сарышағандық Кендай Төлеуханұлы – деген А.Аманжолов, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында аудан көлемінде жасалып хатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Шара барысында Ахметовтер отбасын құттықтаған кент әкімі Р.Наурызбаев, қауіпсіздік комитетінің полковнигі Б.Исраилов, Ағыбай батыр ескерткішінің қолдаушысы, Ағыбай батыр кітабының авторы Ж.Шуженов, Ақтоғай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Сәрсенбеков, Азия, әлем чемпионы, ҚР рекордшысы, Халықаралық дәрежедегі қол күрестен спорт шебері Қ.Исраелова ақжарма тілегін арнады.

Ғибратты ғұмыр иесінің өмір жолына арналған кеш соңында жиналған жұртшылық Кендай Ахметовтың есімі берілген тарих сыныбының ашылуына қатысты. Онда қойылған Ахметовтер отбасының суреттері, теміржолшылар әулетінің тарихынан сыр шерткен деректермен қауышты. Мұнан соң көпшілік «Халық дәстүрі – асыл қазына» атты республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы негізінде «Қобыланды батыр» жырынан театрландырылған үзіндіні тамашалады. Сонымен бірге рухани жаңғыру бағдарламасы «100 кітап» жобасы негізінде «Кітап – біздің досымыз», «ECO V-переработку Eco Challenge» және «Табиғат – тал бесігім» көрмелерімен танысып,

мектеп әкімшілігі атқарып жатқан жұмыстармен танысты. Ал, мектеп оқушылары кеш қонақтарына «Би өнері – әлемнің рухани елшісі», «Жастар – жарқын болашақ бастауы» атты флешмофтарын ұсынды.

Иә, оқушылар бойындағы ұлттық сананы ояту, жас ұрпақ санасына, туған халқы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін ұялату, жеткіншектер бойына ұлттық рухты сіңіруді мақсат-мұрат еткен ауылдағы айшықты бастама, өзге елді мекендерде жалғасса құба-құп. Өйткені, өнегілі өмір жолымен, өңірдің дамуына қосқан үлесімен ерекше тұлғаларымыздың есімдері танылмай келеді. Сондықтан, алыс ауылдарда бастаманы баянды ету қажет.

 

Новости в Вашем регионе