ТЕРЕКТІДЕН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Теректі ауылында бір тағылымды шара ұйымдастырылды. Осы жерден түлеп ұшып, 35 жыл журналистика саласында жемісті еңбек еткен Базаркүл Үмбетованың «Журналист жолы» кітабының тұсаукесер салтанаты автордың туған ауылының 80 жылдық мерейтойына тарту ретінде атап өтілді.

Рухани жаңғыруды болашаққа бағдар етіп ұсынған Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасында: «Адам баласы — шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер — әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - деп атап айтқан болатын. Осыған орай көп жылдардан бері Астанада тұрып, журналистік қызметін абыроймен жалғастырып жүрген Базаркүл Сейітжанқызы көңілді тербеген ой-толғамдарын арқау еткен еңбегін ең әуелі жерлестерінің назарына ұсынып, туған жерге келіп тағзым жасауды өзінің перзенттік парызы санаған екен. Теректі елді мекені осыдан 80 жыл бұрын Жезқазған өңіріне теміржол келуіне байланысты станса ретінде керегесін жайған еді. Содан бергі  кезеңде талай өсіп-өркендеу жолдарын бастан өткерген Теректі қасиетті мекенге айналды. Осы ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіші Теректі Әулие бар. Тасқа бейнеленген суреттерден, неолиттік тұрақтардан, қола дәуірінің қоныстары мен некропольдарынан тұратын археологиялық кешен бүгінде елімізге белгілі, көпшіліктің тәу етуге келетін киелі белдеулерінің бірі болып отыр. Осындай қасиетті топырақтан елімізге танымал айтулы тұлғалардың шыққаны да белгілі. Журналистика саласында айшықты қолтаңбасы бар Базаркүл солардың ізін абыроймен жалғастырып келеді.

Б.Үмбетова Президенттің Алғыс хатының, «Радио ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, К.Шалабаев атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. Қаламгер журналистің бұған дейін «Перзент парызы» атты кітабы жарық көрген болатын. Туған ауылының мерейтойы аясындағы бұл жолғы салтанаттың маңызы ерекше. Тұсаукесер салтанаты сөзін Ақкүлше Ибраева жазған «Теректім — талбесігім» әнін орындаудан басталды. Оны ән авторы Айхан Мұсабеков орындады. Тәуелсіздік таңының алғашқы жылдарында облыстық телеарнада «Жұмадан жұмаға дейін» деген ұлттық құндылықтарымызға арналған телехабар көрсетілетін. Осы хабарды Базаркүлмен бірлесіп жүргізген бүгінде бірнеше кітаптардың авторлары Тоғанбай қажы Құлманов пен Заря Жұманова сол бір елең-алаң кезден сыр шертіп, салтанатты шара иесін жаңа туындысының тұсаукесерімен құттықтады. Сондай-ақ қаламгерді Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар, Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айып Байқасынов құттықтап сөз сөйлесе, күні кеше Қарағандыға іссапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында жыр толғап мерейге бөленген ұлытаулық жас ақын Мұқағали Сейітқазинов тұсаукесер тойына өлеңнен шашу шашты. Теледидарда Базаркүл алғаш еңбек жолын бастағанда тәлімгер болған ардагер журналист Аманжол Үсентегі, «Дидар» телеарнасы директорының орынбасары Төлеш Асантегі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Кенжебай Ахметов, «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Дархан Мұқанов және басқа да әріптестері, Жамантай Махмұтұлы бастаған ауылдағы ұстаздары құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Ауылдың шағын клубын ән әлдилеген шара шырайлы болды. Кітап авторы да жиналған қауымға алғысын айтып, туған елге сағынышын ақтарыла жеткізді.

— Мен қайда жүрсем де туған жерімді, татулықтың талбесігі болған қасиетті Ұлытауымды естен шығармаймын. Туған өңірде 13 жылдай журналист болып қызмет жасаған жылдарым еліміз Тәуелсіздігін алып, ұлттық құндылықтарымызға сусап отырған кезең еді. Талай ақтаңдақтардың беті аршылып, абыздарымыз бен батырларымыздың есімдерінің қайта жаңғыртылуына үлес қосқаныма шүкіршілік етемін. Облыстық радио мен теледидарда отызға жуық тарихи тұлғалар жайлы «Тәбәрік» атты авторлық бағдарлама дайындадым. Қадамымның сәтті болуына халқымның қолдауы септігін тигізді. «Журналист жолы» кітабында бұл жөнінде кеңінен айтылады. Әр келген сайын аядай болса да аяулы Теректімнен шабыт аламын. Бүгін міне, туған жерге тағзым жасап, білім алған алтын ұяммен, аяулы ұстаздарыммен және барлық жерлестеріммен кездесу мен үшін үлкен қуаныш, - деді Базаркүл толқи сөйлеп.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Теректіде өмірге келген тума талант, айтулы өнерпаз Жақсыкелді Сейіловтің «Ұлытау» әнімен түйінделді. Жарасымды кездесу ертеңінде Ұлытауда жалғасып, журналист қаламгер аудандағы оқырман қауыммен жүздесті.

 

Новости в Вашем регионе