ТАМЫРДЫ ТАНУ – КЕЛЕШЕКТІ КӨЗДЕУ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын бір демде оқып шықтым. Ойға қонымды, түсінікті, жеңіл жазылыпты. Бұған дейін де Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық тарихты тану бағытында Елбасының жеке бастамасымен көптеген игілікті істер атқарылғаны, әсіресе, «Мәдениет жылы» аясында шет елдердің архивтерінде жатқан елімізге, ұлтымызға қатысты көптеген тарихи құжаттардың, жәдігерлердің халқымыздың қазынасына қайтарылғаны белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да біршама жобалар жүзеге асырылып жатқаны және анық.

Енді, мына мақаладан соң, бұл бағыттағы жұмыстардың аясы тіпті кеңи түсетіндігі күмәнсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы ертеректегі бір сөзінде «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген болатын. Осы жолы Президент кең байтақ даламыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін ғана сөз етіп отырған жоқ, сол өркениеттердің басым бөлігінің біздің даладан бастау алғанын ашық айтып отыр. Бұл біздің әрқайсымыздың кеңілімізде ұлы мақтаныш сезімдерін тудыруға тиісті және сондай бабалардың ізін жалғастырушы ұрпақ ретінде енді біздер де «әлемдік өркениетке не ұсына аламыз, қандай жаңалық енгіземіз?» деп ойлануымыз керек. Тамырды танудан келешекті көздеу басталады.

Мені Елбасының мақаласында Ұлы Даланың Жеті қырын танып -білу мақсатында қолға алуға тиісті жұмыстар да белгіленіп, нақтыланғаны қуантты.

Көршілес орыс елінің телеарнасында тарихи деректі фильмдер жүйелі түрде көрсетіліп жатады. Жалпы Ресей мемлекетінің тарихы да, жекелеген тұлғаларға қатысты да сондай дүниелерді көрген сайын «Біздің де деректі фильм түсіру саласындағы мамандарымыз осы бағытта неге жұмыс жүргізбейді?» деп ойланып қалатыным бар еді. Елбасының « ... тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деген тапсырмасын оқып, кетеу тұстың көп ұзамай кемдігі толатынына сенім нығайды. Мұндай сенімдер Елбасының мақаласында көрсетілген басқа да тапсырмаларға қатыс.

Қорыта айтқанда, Елбасының жаңа мақаласы халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты рухани жаңғырудың жаңа белесіне бастайды.

Абдолла ДАСТАНОВ,

«Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Новости в Вашем регионе