Өнер жанашыры

Қыркүйектің 3-ші күні егеменді еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қоғам белсендісі, «Оқу ісінің үздігі», ардагер-ұстаз, сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласының жанашыры Қылышбек Игенұлы Баязитов сексеннің сеңгірін бағындырды. Ардақты ақсақал, туған елінің патриоты өзінің  80 жас мерейлі тойын туған жері Баянауылдың төрінде атап өтуді жөн санады. Жерлес-замандастары мерейтой иесін үлкен қошемет-ықыласпен қарсы алды. Мерейжас иесін Баянауыл  ауданының әкімі  Оразгелді Қайыргелдінов, әріптес-ұстазы Куляйм Күлкешқызы, замандасы Бөкенбай Төкенұлы және де басқа  ұстаздары мен шәкірттері, жора-жолдастары, туғандары  құттықтап, ізгі ниетерін білдірді.   

Кеш шымылдығын ҚР  мәдениет қайраткері, ақын, күйші ақсақал Балтабай Сыздықұлы мерейтой иесіне арналған арнауымен ашып, кешті шебер жүргізген ҚР мәдениет саласының үздігі, көркемсөз оқу шебері Жамбы Ипатқызы  Қылышбек Баязитовтың ел алдында қызмет еткен өнегелі өмірін егжей-тегжейлі баяндап, мерейтой иесінің тағлымды өмірінің бейнесін айрықша  көңіл-күймен, қатысқан өнер иелерінің әсемді әндері мен ойлы нақылдармен шебер жеткізді.
Қ.Баязитов 1938 жылы 3-ші қыркүйекте Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Алматы қаласының қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің  тарих факультетін бітіріп шығады. Еңбек жолын туған өлкесінде № 2 Баянауыл ауданының орыс мектебіне мұғалімдіктен бастап, содан директордың орынбасары, 1973 жылдан 10 жыл бойы Майқайың поселкесіндегі сегіз жылдық мектебінің директоры болып қызмет істейді. Қызмет арасында коммунистік партияның нұсқаушысы, саяси кабинет меңгерушісі, 1998 жылдары Майқайың кенттік халық депутаттары кеңесінің төрағасы, поселке округінің әкімі қызметін атқарады.  Аумағы мен халқының саны көп ауданда кадр мәселесі, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуде көптеген жұмыстар атқарады. 
Екі кезеңді басынан өткізген ел ағасы  саналы ғұмырын ұстаздықтан бастап, қоғам өміріне арнап, ұлт пен болашақ қамына арнаған жандардың бірі. Ағартушылық салада көп жылдар еңбек етті. Майқайың әкімшілігінде басшылық қызмет жасағанда да халық пен ел қамын ойлауда тер төккендердің қатарында. Мәдениет пен өнер саласына да бүйрегі бұрылуының себебі, Қылышбек Игенұлының отбасы әу бастан өнерді сүйіп, өнерге құштар болған табиғи таланттар болғандығынан шығар?.. 
«Ол соғыстан аман келгенде, мүмкін үлкен опера әншісі болар ма, еді?» -деп ол айтқандай, Қылышбек ағамыздың әкесінің туған інісі, батыр жерлес майдангер боздақ Несіпбек Баязитов асқан өнер иесі болыпты. Оның ерлігі мен қайраттылығы туралы тың деректерді баспа беттеріне ол өзі ұсынған еді. Атасы жасынан қулыкеш, туысшыл болған екен. Түрлі аспаптың құлағында ойнаған сері жігіт екеніндігі туралы әкесі Иген өзінің қолжазбасында қалдырыпты. Өйткені, ол 17 жасында Алматының Консерваториясының опера және балет театрына қабылданып, 18 жасында «Мәдениет және искусство» журналына шығады.  Сол кездегі К.Бәйсейітова, Ж.Омарова, Ж.Елебековтар сынды қазақ өнерінің қаймақтарымен бірге үлкен сахналарда ән айтқан талантты жас болыпты. Сондай-ақ, атақты Брусиловскийдің жазған «Алтын асық» операсынның басты Жомарт рөлін ойнамақшы болып шешіліпті. Соғыстың кесірі біріншіден, екіншіден, оны алмастыратын әнші табылмай, сол күйінде опера жарыққа шықпай қалыпты.  
 «Баянның Шәмшісі» атанған оның марқұм ағасы Аман Баязитов пен інісі, ҚР мәдениет қайраткері Рымбектің есімдері мен өнерлері облысқа кеңінен танымал. «Тектіден текті туады» дегендей, Иген ұрпақтарының бойындағы ересен талант пен әншілік, сазгерлік өнер тегі осы аталарынан дарыған болар, сірә? Қылышбек Игенұлының атасы мен әкесінің,  және оның нағашы жұртының өте текті адамдар болғандығы туралы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сайлау Бәйділдин ақсақал жақсылап өз сөзінде жеткізді.
Бүгінде рухани жаңғыру деп, ұлылардың есімдерін жаңғыртып жатқанда, Несіпбектей талант, әрі өнер иесі болған майдангердің есімі өзінің туған жерінде  жаңғыртылмай жатқанына Қылышбек ағамыз қатты қынжылады.
Жастық шағымнан бастап есейгенге дейінгі өмірінің дені Баянауыл көлінің жағалауында өскен ақсақал туған жерін ыстық сезіммен жиі еске алып, жаз айында барып ел аралап қайтқанды әдетке айналдырған. 
Жиырма жылға тарта зейнеткерлікте жүрген ақсақал  бойында қабілет-қарым мен күш-жігерді ұстанып, ардагерлер қозғалысына белсенділік танытып, қоғамдық өмірге етене араласып жүрген жандардың қатарында. 
Қазақтың ұлттық ән өнері мен дәстүрін, халық және халық композиторлары мен жергілікті әуезқой сазгерлердің әндерін көпшілікке насихаттауда  осыдан 2 жыл бұрын өзінің құрған «Ертіс-Баян» әуендері вокалдық ансамбілі халыққа қызмет көрсетіп жүр. Ансамбльдің репертуарындағы көп әндердің дені Қылышбек Баязитовтың марқұм сазгер ағасы Аман Игенұлының патриоттық әндері. Осы кеште де ансамбльдің А.Жантурин, Б.Тезекбаев, Д.Бәбиев, Ұ.Тоғайбаева, Б.Көшкінбаева, Н.Әбулхаирова,  М.Смагулова, Т. Сыздықова сынды өнерлі мүшелері мен ерлі-зайыпты Тұрлыбек пен Әлия Армияновалар мерейтой иесінің шашбауын көтеріп, кештің ажарын келтіріп, өнерлерін ортаға салды. Баянауылдық өнерпаздар «Баянсұлу» би ұжымы мен «Айбын» тобы тілектерін ән-бимен өрнектеді.
Патриоттық әндерді шебер орындаушы, кеш иесінің табиғат берген баритон даусымен айтқан Абайдың «Айттым сәлем қаламқас», «Жаса, Қазақстан» және де басқа орындаған әндеріне халық дән риза болды.
Өнер маманы, талантты, ерекше дауыс иесі Земфира Қылышбекқызы әкесіне деген құрметін әсем әндерімен тарту етті. Әншінің әндері көпшіліктің көңілінен шықты. «Как молоды мы были» әніне арнайы слайд дайындалды.
Кеш соңында Қылышбек Баязитов сөз алып, жылы сөз арнаған көпшілікке,  жиналған қалың көрерменге ықыласын айтып, ел-жұртқа амандық тіледі.
Ол ұлағатты ардагер ұстаз, қайратты ел ағасы, мейірімді ата атанып отыр. Алдағы уақытта жасына жас қосылып, халық пен отбасының ортасында аман-есен жүрсін деген тілекті облыстық ардагерлер кеңесі мен «Ардагер-ветеран» газетінің ұжымы білдіреді.

 

Қылышбек Игенұлы Баязитов
Чествование Қылышбека Игенұлы Баязитова

Новости в Вашем регионе