ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Жезқазған қалалық қоғамдық келісім кеңесі жанындағы «Әкелер ұлағаты» мектебінің ұйымдастыруымен «Құрмет» орденінің иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мұзараф Ахановпен кездесу кеші өткізілді. Мұзағаң жақында, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» мәртебелі атағына ие болғаны белгілі. Халықтар достығы мен мәдениеті үйіндегі тағлымды шара осы қуанышты оқиғаға орайластыра ұйымдастырылғандай әсерге бөледі.

Кеш барысында қазыналы қарт өмір жолдарынан сыр шертіп, өнегелі әңгіме өрбітті. Жастарға ой салатын жайларға тоқталды. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының әртістері әзірлеген сахналық қойылымға  Мұзағаңның балалық шағынан азамат болып қалыптасуына дейінгі кезеңдері арқау болды. Ол қазақ халқы үшін ойраны көп болған отызыншы жылдардың перзенті. Ата-бабасы Ұлытауда өсіп-өнген бұлар ел басына күн туған ашаршылық нәубетінде бір топ ауылдастарымен үдере шұбырып Тәжікстанға қарай өтіпті. Мұзараф 1934 жылы сол өңірдегі Қорғантөбе деген жерде туған. Әкесі Ахан, анасы Сәлиман ұрпағын аман сақтаймын деп басын тауға да, тасқа да ұрады. Қос мұңлық тоғыз баласын жер қойнына тапсырғанда көңілге жұбаныш болып, әрең аман қалған жалғыз тұяқ осы Мұзараф. Сәл кейінірек елге бет түзеуді ниет еткен ата-анасы тәжік жерінен Түркістан маңына оралады. Әкесі Ащысай полиметалл комбинатына кен тасымалдаушы болып жұмысқа орналасады. Аянбай еңбек етіп, өндірістің озаты атанады. Алайда, аяқтан шалушылардың көрсетіндісімен жазықсыз жалаға күйеді. Ахан Баймаханов бастаған оншақты адам «шетелдік тыңшымен байланыста болып, Ащысай кенішінде диверсиялық жұмыстар жүргізген» деген жаламен 1936 жылдың 14 желтоқсанында тұтқындалады. Сегіз айдай үздіксіз тергеу мен қинауды бастан өткерген Ахаң Орта Азия әскери округі трибуналының үкімімен 1937 жылдың тамыз айында ату жазасына кесіледі. Анасы Сәлиман қайратты адам екен. Осы жағдайдан соң тез ес жиып, 5 жасқа толар-толмас Мұзарафты арқалап, жаяулап-жалпылап туып-өскен өңірі Ұлытауға жетеді. Он құрсақтан қалған жалғызын жеткізу үшін Жезқазған шахталарында тоқ беруші болып жұмыс істейді. Жазықсыз жазаға тартылған Ақан Баймаханұлы 1960 жылы толық ақталады. Қилы заман Мұзағаңды  осылайша қатайтып өсірген еді.

Алдына өршіл мақсат қойып, анасының ақ тілеуін ақтау үшін білімді, адал азамат болып өсуге талпынған Мұзараф орта мектепті өте жақсы оқып бітірді. Қазақтың аймаңдай перзенті, Жезқазған кенін зерттеудің негізін салушы Қаныш Сәтбаевтың өнегелі жолы қызықтыратын оны. Арман қуған жас Қазақ кен-металлургия институтына оқуға түсіп, инженер-геолог мамандығын алып шықты. Студенттік шағын ару қала Алматыда өткізген Мұзараф аға өмірлік жары Шабал Бейсенбекқызымен де сол кезеңде танысқан еді. Қасиетті Ұлытау өңірінен білім іздеп келген Шабал апай ҚазПИ-де оқып жүргенде  екі жас кездесіп табысқан болатын. Содан бері де 62 жылдай уақыт өтіп, бүгінде береке-бірлігі шалқыған бақытты шаңыраққа айналды. Өнегелі отбасы 9 баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардың әрқайсысы Тәуелсіз еліміздің өркен жаюына елеулі үлестерін қосып жүрген белгілі де беделді жандардың қатарында саналады.

Мұзараф Аханұлы өңірдің геология саласында жемісті еңбек етіп, одан әрі партия мен кеңес органдарында қызмет істегені белгілі. Қазіргі Сәтбаев, бұрынғы Никольский қалалық партия комитетінде екінші хатшы, атқару комитетінің төрағасы болып жүрген кезінде кеншілер шаhарын дамытуда айтарлықтай еңбек сіңірді. «Ұстаздардың ұстазы» атанған Шабал Бейсенбекқызы болса, 55 жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өзіндік тәжірибесімен танылған жан. Оның ішінде 21 жыл мектеп директоры болып жоғары көрсеткіштерге жеткен болатын. Ұлттық тәрбиенің шамшырағын жаққан педагог КСРО және Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атанды. Кешті жүргізушімен арада сырласу тұрғысында өрбіген тағлымды шарада бүгінде ел ағасы мен ел анасы болып құрметке бөленген Мұзағаң мен Шабал апай бақытты да ғибратты ғұмыр кешудің кілті жайлы келелі әңгіме өрбітті. Отбасының береке-бірлігі, бала тәрбиесі жайлы да толғамды ойларын ортаға салды. «Адамға абырой мен ар қымбат» деп санайтын Мұзараф ақсақал ел мүддесіне қатысты пікірлерін де іркіп қалған жоқ. Кейінгі уақытта облыс басшылығы тарапынан Жезқазған-Ұлытау өңіріне оң қабақ танытылып, жақсы көңіл бөлініп отырғанына өз ризашылықтарын білдірді.

Кеш иелерін қалалық мәслихат хатшысы Сәбетбек Медебаев пен қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтады, сый-сияпаттарын жасады. Әсерлі кеште әуезді ән де шырқалды. Тағлымды шараны ұйымдастыруға дем беруші облыстағы ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков те ізгі тілегін білдірді. Өнеге өрісін кеңейтіп отырған ерлі-зайыпты қос тұлғаның иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Суретті түсірген: Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Новости в Вашем регионе