Асыл мұра қазынамыз - сақтап, қорғау басты парыз!

Әлемде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бері сәуір айының 18-де атап өтіледі. Биыл оған 35 жыл толып отыр. Осыған орай «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында №4 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектептің акт залында «Тарихи ескерткіштер - ғасырлар куәсі, елдігіміздің тарихы және заңдық қорғалуы» тақырыбында семинар-кеңес болды. Кездесу ескерткіштердің тарихи кезеңдерінен ақпарат бере отырып, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға, олардың шешу жолдарын қарастыруға, тарихи-мәдени мұраларды сақтау және пайдалану бағытындағы шараларды насихаттауға арналды.

Оған ауданның 13 ауылдық округінің әкімшілік мамандары, тарих пен география пәндерінің мұғалімдері және де жоғарғы класс оқушылары қатысты.
Аудандық музейдің ұйымдастыруымен өткен шараға облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы басшысы Аслан Мамедов және осы орталықтың  бас инспекторы Бақытжан Қалниязов қатысты. Олар «Мәртөк ауданы аумағындағы тарихи - мәдени ескерткіштер» және «Ақтөбе облысының киелі географиялық жобасы» тақырыбында ақпаратқа толы баяндама жасады. Ауқымды қос баяндамада аудан аумағын алғаш зерттегендер және сол кездерде табылған құнды жәдігерлер, әлі де ашылмаған қорғандарды зерттеу карталары турасында айтылып, слайдтар алқылы көрсетілді. 
Аслан Мәлікұлының айтуынша, Мәртөк ауданында шамамен 350-дей ескерткіш бар. Оның ішінде 127-і ғана мемлекеттік тізімге енгізілген. Семинар барысында Родниковка орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Чингиз Даулеткереев «Родниковка ауылы маңындағы қазба жұмыстары және оқушылар қызығушылығын арттыру» тақырыбы турасында баян етті. Отырыста сонымен қатар қорғауға алынған аймақтарға жергілікті билік шағын болса да белгілер орнатуға, күдікті жағдайда, яғни қорғандар тоналмау мақсатында арнайы орталыққа хабар беру керектігі де айтылды.

Новости в Вашем регионе