АЛАШ АЙТҚАН АСЫЛ СӨЗ

СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫ
(1990-1933 ж.ж.)

Әрбір жұмысқа адалдық керек. Негіз керек. Әсіресе, саяси жұмысқа бұл сықылды сипаттар өте қажет. Негізсіз жасалған саясат – бояма саясат.
Ондай саясаттың түбі қайырсыз.
***
Жаңа заманның мағынасын біздің ішімізде теріс түсініп жүргендер бар.
«Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі – бір» деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар – орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады.
***
Дұрыстап білім алу үшін дұрыстап еңбек ету керек.
Еңбексіз – білім қонбайды. Еңбек, білім – бұл екеуі ағайынды бала.
***
Адамды бұзып бітіргеннен де, оған ешнәрсені оқытпағанның өзі артық.
Егер дұрыс оқытамыз десек, оған жақсы кітап керек.
***
Қандай ауыр жұмыс болса да – қолға алған соң жеңілденіп кетеді.
***
Кемшілікті айту – ұят емес, бар кемшілікті жоқ деп,
одан құтылуға тырыспау ұят.
***
Ежелден жуастың еншісі – артта қалу, сыртта қалу. Жуастың сөзі өтімсіз, өтімді сөз айтарлықтай болса – ол жуас та болмас еді.
***
Халықтың өмірі – шаруасында. Шаруасы күйлі болса халық та күйлі. Шаруашылық – адам баласының өмірінің арқауы.
***
Алтай тауы, Тарбағатай, бер жағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл деген әдемі көлдер де бар. Бұл маңайдың әдемілігі Еуропадағы Швейцариядан кем емес, Қазақстанның ішінде Алтайдан әдемі жер жоқ.
Алтай – жердің жұмағы, Алтай – біздің жер. Алтайда болған адамда арман жоқ.

Новости в Вашем регионе