«Пьеса – ұзатылатын қыз секілді...»

Жуырда Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали-Нұрғиса» премьерасының тұсауын кесті. ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналаған премьераны көру үшін автор, театр және кино актері Нартай Сауданбекұлы Ақ Жайық өңіріне арнайы келген еді. Драматургпен сұқбаттасудың сәті түсіп, сиясы кеуіп үлгермей сахналанған туынды жайында кеңірек сұрап білдік.

– Нартай Сауданбекұлы, Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз! Сізді театр және кино актері ретінде танитынбыз. Енді жазушылық қырыңыздан хабардар болдық. Жалпы қанша авторлық туындыңыз бар?

– Өзім жазған он шақты авторлық дүнием бар, оған аудармаларды қоссам жиырмадан асады. Алғашқы Ш.Уәлиханов туралы тырнақалды шығармам «Шемен» деп аталады. Бұған дейін Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында сахналанып, әлі жүріп жатқан «Әлиханның аманаты» атты пьесам негізінен «Аманат» деп аталады. Ол Ә.Бөкейхановтың 100 жылдығына арналды. Жасыратыны жоқ, Алаштың ардақты қайраткері Әлихан бабамыздың ғасырлық тойы өз деңгейінде аталып өтпеді деп ойлаймын. Бұл –  ұрпақтарының мойнындағы бір борыш іспеттес. Кеңірек тоқталсам, Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының режиссері әрі көркемдік жетекшісі, «Тарлан» сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева менен бес арыс туралы шығарма жазып беруімді өтінді. Бес арысты бір пьесаға сыйдыру өте қиын. Мен бес арыс тұрмақ, бір адам туралы жазуға жүрегім дауаламай жүрген. Алайда өтініш білдіргендіктен, бес арыстың замандасы, нағыз Алаш идеясын кейінгі ұрпаққа, сол кездегі күллі қазаққа паш еткен Әлиханның образын лайық көрдім. Өмірі қарама-қайшылыққа толы саяси тұлғаны зерттеп, оқып, «Аманат» пьесасын жазып шықтым. 

– Ал Оралдағы театрда қойылған «Мұқағали-Нұрғиса» туындысы қалай дүниеге келді?

– Бұл пьесаның да негізгі аты – «Алыптар». Бұл шығарманы досым, танымал актер Қуандық Қыстықбаев екеумізге арнап жаздым. Қуандық екеуміз Астанадағы Қаллеки театрында, яғни Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында бірге еңбек етсек те, сахнада бірге ойнай алмадық. Сондықтан екеуміз жеке бір спектакль жасасақ деген ой келді. Екеуміз де Айгүл Иманбаеваның «АИ» театрының құрамындамыз. Бәлкім сол жерде ойнайтын шығармыз деген оймен жүрдік. Ал бұл драмаға қос алыптың өмірі қалай арқау болды? Менің анам Нұрғиса Тілендиевтің «Есіңе мені алғайсың» деген тамаша ескі әнін айтып жүретін. Әрине, Елена Әбдіхалықова апамыздың «Есіңе мені алғайсың» әнінің ғажап әуеніне таласымыз жоқ. Бірақ одан бұрын М.Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» деген өлеңіне Нұрғиса атамыз ән шығарыпты. Мен драмада ақынды басқа қырынан көрсеткім келді. Мұқағали туралы Қаллеки театрының репертуарындағы қойылым сәл басқаша. Оны мансұқтаудан аулақпын. Дегенмен, ақынның ішкі жан-дүниесі, шығармашыл тұлғасы ашылмаған секілді. Оның трагедиясы, не мазалады, неге 45 жасында өмірден өтті, Нұрғисамен кездескенде қандай күйде болды деген ойлар маза бермей, қолыма қалам ұстатты. Бес-алты ай бұрын ғана жазылған шығарма көңілімнен онша шыға қоймады, толықтырылмады. Қуандық екеуміз сахнада жүріп жұмыс істеу процесінде тағы да туатын дүниелер болар дедім. Бірақ бірде Қуандықтың, бірде менің қолым босамай, драманы қоюдың сәті түспеді. Кейін Астанадағы үлкен басқосуда Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Сайлауұлымен кездесіп қалдым. Ол менің не жазып жүргенімді сұрады. Мұқағали туралы айтып қалып едім, оқып шығуға сұрап алды. Пьесамен танысқаннан кейін бірден «біз осы дүниені аламыз» деді. Мен қарсылық білдіре алмадым. Өйткені, пьеса – ұзатылатын қыз секілді. Оның да жолын бөгемеу керек. Дегенмен, Қуандық екеуміз бұл пьесаны қалай да сахнаға бірге шығаруды жоспарлап жүрміз.

– Батысқазақстандық қазақ драма театры ұжымы сахналаған «Мұқағали-Нұрғиса» қойылымынан қандай әсерде шықтыңыз?

– Премьера өз дәрежесінде өтті деп ойлаймын. Әрине, автор ретінде менің мақсатым – басқа, режиссердің мақсаты – бөлек. Бұл да – заңдылық. Өйткені, драматург өз туындысын режиссерге бергеннен кейін, онымен қош айтысады. Негізінен біз, актерлар қауымы, спектакльді өзіміз ойнап отырғандай толқыныспен көріп шығамыз. Ең бастысы, қойылым көрерменге ұнады. Халықтың ықыласы ерекше болды.

– Енді шығармашылық жолыңызға ойыссақ. Өзіңіз қай өңірде дүниеге келдіңіз, қай театрларда еңбек еттіңіз?

– Мен – М.Мақатаевтың туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқолдың тумасымын. Ауылымыздың арасы – 25-30 шақырым. Маған нағашы болып келеді. Ең алғаш Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен балалар театрында төрт жыл жұмыс жасадым. Кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы С.Мұқанов атындағы музыкалық драма театрын алғашқы ашушылардың қатарында болып, іргетасын қалап, толық құрылуына қатысып, он үш жыл жалынды жастық шағымды сол мәдениет ошағына арнадым. Астанаға келгеніме бес жылдың жүзі болды. Қаллеки театрында жұмыс жасап, кейін түрлі себептермен шығып кеттім. Біраз уақыт жұмыссыз қалдым. Есесіне, адамның өзін-өзі толтыруына сондай үзілістердің пайдасы бар секілді. Аз уақытта іште жүрген ойлар «Шемен» болып, Шоқан Уәлиханов болып сыртқа шықты. Солтүстік Қазақстанда жүргенде Шоқан туралы қызу талқылау, пікірталастардың ортасынан табылатынмын. Көп адамдар Шоқанды «сатқын», есімінің өзі «шоқынды» деген сөзден шықты деп кінәлайды. Қазақтың жерін түгелдей картаға түсірген, Ресей империясының сыртқы барлау ведомствосының офицері, Ресейдің  мүддесі үшін жұмыс істеді деген әңгімелерге дау айтатынмын. Шоқанның шын бейнесін танытсам деген ішкі арманым Астанада жүргенде осылайша қағаз бетіне жазылды. Оны алдымен оқып көру керек. Чеховтың заманында «Пьесаны оқи білу – үлкен өнер» деп айтатын. Қазір пьеса жазу – өте қиын нәрсе. Ресейдің бұл тұста бізге үлгі болатын жөні бар. Оларда мәдениет қалыптасқан. Кез келген адам қойылымға барарда қандай шығарма, кім жазған, айтатын ойы қандай екенін алдын ала зерделеп, дайындалып барады. 

– Нартай Сауданбекұлы, сіздің пьесаларыңыз Ақтау мен Оралдан өзге өңірлердегі театрларда қойылды ма?

– Өкінішке орай,  қойылмады. Әрбір автор өз пьесасының менеджері болуы керек. Менің менеджерлігім әлсіз болып тұрған шығар. Мен өз ойларымды қағаз бетіне түсіріп, парызымды орындадым. Қазақ руханиятына қажет деп тапса, басқалары да қойсын.

– Авторлық туындыларыңызды жинақтап, кітап шығару ойыңызда бар ма?

– Жоқ. Себебі, кітап оқылмайтын заманда мұның қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Кино саласындағы рөлдеріңізге тоқталсақ. Қандай киноларға түстіңіз?

– Негізінен отандық сериалдарға талғаммен түсуге тырысамын. Өзімнің көңілімнен шыққан сценарийлерге, өзім ұнататын режиссерлерге келісімімді беремін. Жастық кезеңде бір-екі сериалға қателікпен түскен кездерім болды. Ол өзіме сабақ болды. Ал үлкен картиналардан бас тартпаймын. Ермек Тұрсын ағамыздың айтар ойы салмақты «Кемпір» деген комедиясы – менің үлкен экрандағы алғашқы баспалдағым. Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» картинасында Құнанбай бабамыздың жанында жүретін Ызғұттының прототипін сомдадым. Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» драмасында Кенесарының оң қолы Наурызбай батырды ойнадым.

– Қазақ радиосында «Сахна сыры» деген бағдарламаны жүргіздіңіз. Осы бағдарламада театр саласындағы қандай мәселелерге көбірек үңілуге тырыстыңыз.

– Театр саласындағы мәселелерді жан-жақты қаузап, көтеруге тырыстым. Өзекті ойларды аузы дуалы адамдарды шақыртып айтқызуға тырыстым. Өзім де айттым. Қазақстандағы театр мәселесі – не бір реформаға ұшырамаған, не бір дұрыс қаралмаған, өзімен-өзі өліара шақта, бейтарап бағытты ұстанған кеме секілді қалқып тұрған дүние. Театр қызметкерлерінің жалақысы күлкіңді келтіреді. Шетелде актерлар қауымы ерекше құрметке ие. Бізде театр актерлары ғана сыртта қалып қойып жатқан секілді. Оған биліктің көзқарасы онша емес сияқты. Мысалы, Астанадағы қазақ театрының керемет-керемет ғимараттардың жанында қуыста тұрғанының өзі көп нәрседен хабар береді. Сол проблемаларды көтердік, айттық. Әзірше бұл бағдарлама тоқтап тұр. Бірақ өзектілігін жоймаған мәселелерді кез келген уақытта жандандырып, жалғастырып кетуге болады.

– Нартай аға, әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардың бірісіз. Жалпы әлеуметтік желілер жайлы ойыңызды білсек?

– Соңғы жеті-сегіз айдан бері әлеуметтік желідегі белсенділікті «нөлге» түсірдім. Ал негізінен әлеуметтік желі біздің өмірімізге сіңісіп кетті. Тіпті «фейсбук» желісіндегі кейбір мәселелермен Үкімет санасатын дәрежеге жетті. Сондықтан бұл әзірге құрал-күш болып тұр. Енді сол құрал-күшті дұрыс пайдалану керек. Бастапқыда мен де белсене араласып, қоғамдық өмірге, басқа да нәрселерге бағамды беріп, ойымды айтып жүрдім. Кейін бір тоқтап қалғаным рас. Қазір қайтадан желілерге шығып, өз ойларымды жазуды қолға алудамын.

Новости в Вашем регионе