Олжабай Төлебайұлы кесенесі

Олжабай батыр- Орта жүздің арғын руынан шыққан қазақтың даңқты батыры. 1709 жылы дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болды. Оның арғы атасы Айдабол кезінде би болған адам.

 

Әкесі Толыбай "Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама" ұлт-азаттық соғысы кезінде елді жаудан қорғап жүргенде оққа ұшып, қайтыс болды. Сол кезде он үш жастағы Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолында тәрбиеленеді. Олжабай жас кезінен ержүрек батырлығымен көзге түседі. Ер жеткен соң елді, жерді қорғау үшін жоңғарлармен болған талай шайқасқа қатысады.  Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері - Баянауыл баурайындағы өткен шайқас. Олжабай батыр, жиені- Жасыбай батырмен жаудың жолын тосқауылдап жатады. Жасыбай батыр сарбаздарымен Шойынкөлге өтетін асудың іргесіне, ал Олжабай батыр Торайғыр көліне өтетін асуына бекінеді. Жау әскері Жасыбай батырға тосыннан келіп тиіседі. Осы шайқаста Жасыбай батыр қаза табады. Олжабай батыр жауға қырғидай тиіп, жаулармен батыл соғысты. Олжабайдың сұсты жүзін көрген досы Төртуыл Баймұрат батыр "саған қарсы келер ешкім қалған жоқ, демал, маған жаумен соғысуға мүмкіншілік бер"- дейді. Сонда ол, "Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой"- депті. Олжабай батырдың есімі Орта жүзге ұран болған. Халықтың шежірелерінде, ауызша әңгімелерінде Олжабай туралы өте көп айтылады, өлең-жыр, дастандар да баршылық. Онда Олжабайдың батырлығы, тапқырлығы, мергендігі ерен сүйіспеншілікпен сөз болады. 
Әйгілі ғалымдар академик Ә.Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын О.Сүлейменов жетінші ұрпағы.
Олжабай батырдың жерлеу орны Ақмола облысы Ерейментау ауданының  Олжабай батыр ауылында орналасқан.
 

Новости в Вашем регионе