Моншақтының інжу - маржандары 8

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты 
болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар 
жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

Оқырман сауалына орай
БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ЖОБА БОЛСЫН ДЕСЕК...


Жүзбе-жүз әңгімеде немесе редакцияға телефон шалған оқырмандар: «Моншақтының інжу-маржандары» қандай принциппен жасалып жатыр, жоба кейіпкерлерін кім ұсынып, кім бекітеді, олардың ішінде  ел құрметіне лайықсыз адамдар кетіп қалуы мүмкіндігінен қорықпайсыз ба?» тәрізді сауалдар қойды.
 Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қолға алынған «Моншақтының інжу-маржандары» жобасының мақсаты - алдыңғы буындар қол жеткізген белестер мен биіктерді жас ұрпақтарға үлгі-мысал ету, сол арқылы туған жерге, туып-өскен, өмір сүрген ортаға деген құрмет, сүйіспеншілікті қалыптастыру. Күнделікті тірлігімізде, өкінішке орай, жиі ұшырасатын жершілдік, ымырашылдық, тіпті жең ұшынан жалғасушылық атаулының «Рухани жаңғыру» жорығында болуы тиіс еместігін жерлестеріміз біледі, түйсінеді деп ойлаймыз. Сол себепті жобамызды мейлінше таза етуге тырысып отырмыз. 
  Жоба кейіпкерлері – олар осы өңірде өсіп-өнген, үлкен қалаларда жоғары табыстарға қол жеткізген, немесе, басқа жерде дүниеге келсе де, Моншақты-Ақкөл өңірінде еңбегімен, толағай табыс-тарымен жарқын із қалдырған адамдар. Ертерек дүниеден өтіп кеткендері бар, қатарымызда тірлік туын қолдан түсірмегендері бар, өрімдей жастарымыз да бар – бұлардың барлығы дерлік бүгінгі таңдағы қоғамдық-әлеуметтік шараларда билік немесе жұртшылық тарапынан марапат дәме етпейтін, бірақ шыққан биіктері мен алған белестерін сол билік те, жұртшылық та мойындайтын жандар.Сол себепті біздің қолымызда ешқандай бекітілген тізім жоқ. Жобаның әр шығарылымы редакция қорындағы, журналистер жинақтаған деректер мен жұртшылық ұсынысы бойынша дайындалған материалдардан жасалуда.
  Мінсіз адам болмайды. Бірақ адамға берілген баға оның кемшілік-қателіктерінен бе, әлде, нақақ сөз, жабылған жаланың әсерінен туындады ма, ақиқатын Алла ғана білетіні даусыз. Сол себепті, Жаратушы құзырындағы дүниеге басымызды ауыртпай, жоба кейіпкерлерінің өміріндегі кейбір ықтимал «ақ пен қараны» таразыламай, олардың тек тағлымды өмір жолын, жасаған ерліктерін, істеген пайдалы шаруаларын ғана жастарымызға шын пейілмен үлгі етейік. «Болайын деген елдің баласы бірін-бірі батыр демей», бірлігіміз баянды, тірлігіміз  тиянақты бола қоймасы айтпаса да түсінікті.
 Ендеше, еліңізде, ауылыңызда есімдері жұрт аузында жүрген, шыққан биіктері үлгі етерліктей жандарды білсеңіздер, дереу бізге телефон шалып, бар болса – кейіпкердің өзімен, жоқ болса – ұрпағы, отбасы мүшелерімен байланысуға көмек көрсетіңіздер. «Моншақтының інжу-маржандары» бәріміз мақтан ететіндей бүкілхалықтық жоба болуы тиіс.
Қуаныш Нұрсадықов,
Жоба жетекшісі, «Ақкөл өмірі» газетінің бас редакторы.

Айтпай Бекболатұлы Құсайынов

Айтпай Бекболатұлы Құсайынов 1936 жылы наурыздың 4 – де Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Қараөзек ауылында туды. Соғыстан кейінгі жылдары осы ауылдың бастауыш мектебінің 4 сыныбын бітірген. Мұғалімі - Елеуов Карбай.
Еңбек жолын он бес жасынан өгіз айдаушылықтан бастады.  Кейін Қосқарағай тракторшылар курсын бітірген соң, тракторшының көмекшісі ретінде жұмысын  жалғастырды. 1957 жылдан 1986 жылдың қазан айына дейін «Новорыбинский» совхозында механизатор болып еңбек етті. 1986 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлік демалысқа шықты.
1969 жылы ақпанның 12-і күні  Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының № 5563 Жарлығы бойынша Айтпай Бекболатұлына Қазақ ССР социалистік ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген механизаторы атағы берілген.
Мемлекет А.Құсайыновтың еңбегін зор бағалап, ерен еңбегі үшін  оған Социалистік Еңбек ері атағын берді. Ол «Ленин», екі «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және екі медальмен марапатталды.
А.Б.Құсайынов 1976 жылдан бастап КПСС қатарында жүріп, жастарды өз тәжірибесіне баулыды, сөйтіп 300-ден астам шәкірт тәрбиеледі. Өмірінің соңғы күніне дейін  адамдарға қамқоршылық жасаумен болды.
А.Б.Құсайынов Алексеев аудандық партия комитетінің мүшесі, СССР Жоғарғы Советінің халық депутаты болып сайланды. Ол Қазақстан Компартиясының  XV  съезіне делегат болып қатысты.    
1979 жылы қаңтар айында Целиноград облысының XIX партия  конференциясына, осы жылдың 13 наурызында Алматыда өткен тың игеруінің 25 жылдығына арналған Қазақстан суретшілермен өткен кездесуге,1982 жылы Москва қаласында өткен ауылшаруашылық кәсіподағының XI съезіне қатысты. 
Айтпай аға мен жұбайы Күлшатай апа еңбекқор ұрпақ өрбіткен бақытты шаңырақ құрды. 
Ұлдары Жұмабай әке жолымен механизатор, Абай және Амантай - жүргізуші, Орал –жылқышы, ал қызы Құралай мұғалім болып, еңбектерімен елге танылды.  

 

Тайбасаров Болат Қараұлы

Тайбасаров Болат Қараұлы 1961 жылы 20 маусымда Целиноград облысының Алексеевка ауданы Қосқарағай ауылында дүниеге келді. Әкесі Тайбасаров Қара- ҰОС-ның майдангері, анасы Сәбира – тыл еңбеккері.
Тайбасаров Болат Қараұлы Наумовка орта мектебін аяқтаған соң Целиноградтағы инженерлік-құрылыс институтының «өндірістік-азаматтық құрылыс» факультетін  құрылысшы - инженер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Институтты тәмамдаған соң туған ұжымшары Хлеборобты дамыту мақсатында 1985-1993 жылдары  прораб болып жұмыс жасайды. Ол мұнда тұрғын үй, Мәдениет үйін, орталық қазандықты, мал шаруашылығы кешендері сияқты құрылыс нысандарын салды. 1993 жылы Көкшетау қаласына ауысып, ондағы «Көкшетау радиожабдықтары зауытына» күрделі құрылыс жөніндегі директордың орынбасары лауазымы бойынша жұмысқа орналасты. 1996 жылы «Инвестициялық қор»АҚ-нан «Көкшетау селолық құрылыс комбинаты» АҚ-ның Президенті болып тағайындалды. 2003 жылы Қарағанды «Фемида» университеті филиалынан  заңгер мамандығын алып шықты. 2001-2002 жылы «Көкше орманы» МҚК-да заңгер қызметін атқарды. 2003 жылы Көкшетау қаласындағы «Облыстық әкім басқарауы жанындағы дәрменсіз  кәсіпорындар комитетінің конкурстық басқарушысы» лауазымына шақырылды. 
2005 жылы Астана қаласына қоныс аударып, «Мирас-Астана АҚК» ЖШС-ның директоры болып қызметін жалғастырды. 2007 жылы «Астана қаласындағы салынып жатқан нысандар дирекциясы» ЖШС-на бас маман болып жіберілді, 2008 жылдан құрылыс саласында «Тайбасаров» ЖК-де кәсіпкерлікпен айналысып, Қазақстан елордасының  дамуына белсенді атсалысты. Тайбасаров Болат тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік - мәдени маңыздылығы бар нысандарды тұрғызды. 
Жолдасы Тайбасарова Сандуғаш Зекенқызы – психолог-дәрігер, магистр, ҚР психологтар ассоциациясының мүшесі. Қазір № 1 қалалық ауруханасында еңбек етеді. Екі қызы бар. Алтынгүл мен Арайлым. Олар мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бо-йынша Ұлыбританияның Лондан қаласы мен Қытайдың Шанхай қаласында жоғары білім алды.  Алтынгүл Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің «Іскерлік әкімшілік ету» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. Екінші қызы - Арайлым 1994 жылы туған, «ЮНЕСКО» бағдарламасы бойынша грант жеңіп алып, Шанхайда халықаралық ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша білім алды. Қазір Назарбаев университетінің «Халықаралық саясат» мамандығы бойынша магистр дәрежесіне білім алып жатыр. Үлкен қызы Алтынгүл тұрмыста, екі немересі бар (Айдын және Әмірлан).  Күйеу баласы Ахметов Еркін де халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Бристоль қаласында оқып, қазір Астанадағы «Абу Даби Плаза» халықаралық жобасында инженер қызметін атқарады.

Новости в Вашем регионе