Моншақтының інжу - маржандары 6

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

Мыңбаев Қайыр Ерденбайүлы

(1930 жылы туылған)
1930 жылы Ақмола облысы Алексеев ауданының Қосқарағай ауылында туған. Қазақ. 1954 жылдан бастап СОКП мүшесі. 1951 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген. 
1951 ж. (казан) - 1952 ж. (сәуір) - Ақмола облыстық прокуратурасында сынақтан өтуші. 
1952 ж. (сәуір) - 1959ж. (каңтар) - Целиноград облыстық прокуратурасы қылмыстық бөлімінің бастығы. 
1959 ж. (қаңтар) - 1961 ж. (қараша) - Семей облыстық прокурорының орынбасары. 
1961 ж. (қараша) -1962 ж. (ақпан) – Қазақ ССР прокуратурасында бөлім бастығы. 
1962ж. (ақпан) - 1970 ж. (қараша) - Талдықорған облыстық прокуроры. 
1970 ж. (қараша) - 1981 ж. (мамыр) - Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Төрағасы. 
1981 жылғы мамырдан бастап Қазақ ССР Юстиция министрінің орынбасары. Қазақстан КП ОК мүшесі. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты. Екі медальмен марапатталған. 

 

ҚАЗЫКЕН ТӨРЕЖАНОВ

Қазыкен Төрежанов 1916  жылы Ақмола  облысы Сталин  ауданы  Еңбек  ауылында  туған. Ауыл  мектебінде оқып, 1932 жылы Омбы қазақ  педогогикалық  техникумына  түседі.Осы  оқу  орнының  екінші курсын  аяқтағаннан  кейін  Қызылжар  институтының  дайындық  бөліміне  қабылданады. 1935 жылы  Абай  атындағы  Қазақ  педогогикалық  институтының  тіл  және әдебиет факультетіне түседі.
Жас  жазушының  тұңғыш  әңгімелері «Октябрь  балалары»  республикалық пионер газетінде, ал «Вожатыйға  көмекші» журналында «Нұрыш» атты  повесінің  үзінділері  жарияланады. Жас  прозаиктің  «Қанды  кек» (Әдебиет майданы, № 10) повесі  көпшіліктің  жылы  ықыласына  бөленді. 
Қ.Төрежанов 1939 жылы институтты институтты  үздік  аяқтап, аспирантураға  қалады. Күзде  Қызыл  Армия қатарына  шақырылады.Соғыс басталған  кезде  ол  Волга  жағалауында  қызмет  етті. Кіші  лейтенант Төрежановты Москваға  жібереді. Ол  1941 жылдың  қазанында  сол  жерде  ерлікпен  қаза  табады. 
Қазыкен  Төрежановтың  достары  көп  еді. Олардың  арасында  Қ.Сатыбалдин, Сағынғали Сейітов, Т.Әлмұханбетов, Ж.Қонақбаев, Н.Нұржановтар  бар.
Қапан  Сатыбалдиннің  Қазыкен  Төрежановқа  арнаған  өлеңі  де бар.
Неміс  фашизмімен  соғыста  қазақтың  дарынды  жазушысы Қазыкен  Төрежанов  өз  атын  мәңгілікке  қалдырды. Оның  аты  Республика  Жазушылар  Одағының  мәрмәр  мәңгілік  ескерткішінде  23-ші  болып  жазылған. 

 

МӘДІХАТ ТӨРЕЖАНОВ 

МӘДІХАТ ТӨРЕЖАНОВ 1921-1996
Белгілі балалар жазушысы, “Әліппенің” авторы, білгір методист, “Қазақстан мұғалімі“ газетінің  штаттан  тыс тілшісі болған Мәдіхат Төрежанов 1921 жылы Ақмола облысының Алексеев ауданындағы Еңбек ауылында туған. Семей педагогика институтын бітіріп, қырық жылдай халық ағарту саласында еңбек еткен. Оның отыз жылын (1952-1982) Целиноград облыстық мұғалімдер білімін  жетілдіру институты  қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған. “Құрмет белгісі“ ордені, “Еңбек ардагері“ медалімен марапатталған. Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі. 
Тұңғыш кітабы “Әліппе” 1964 ж. шықты. Кейін “Аяқталмаған ойын”, “Тең ойын”, “Ара мен шегіртке”, “Ақселеу”, “Қанатбек пен Жанатбек”, “Кім ақылды?” атты әңгімелері мен мысалдары; “Как верблюд свою тень потерял?” атты суретті кітапшасы жарық көреді. М. Төрежановтың “Бастауыш мектеп” журналының методика және тәжірибе бөлімінде текст бөлімдеріне ат қою, жоспар жасаудың талдау және жинақтау түрлері, тіл дамытуды  жүргізу  әдістері тақырыптарына қатысты  мақалалары  шығып тұрған. 
2007 жылы жұбайы Зұлқия Дәулетбайқызы Төрежанованың әзірлеуімен «Сиқырлы сыр» атты әр жылдары жазған өлеңдері, әңгімелері, мақал-мәтелдері жарық көрді.  Мәдіхаттың шығармалары орыс, украин, белорус тілдеріне аударылған.

 

Данияр - түйе балуан

6-8 сәуір күндері Степняк қаласында қазақтың  алып күш иесі, балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алу жарысы болып өтті. Ақмола облысынан  қазақ күресінен 18 жас-тан үлкендер арасында болған сайысқа   60  балуан қатысты.

82 келі салмақта 1 орынды Ақкөл ауданының тумасы Темірханов Данияр жеңіп алды. 100 келі салмақта  3-орынды біздің Махтин Қайрат  иеленді.
"Түйе балуан" салмақтық категориясы бойынша (80 келіден астам) бірінші орынды Темірханов Данияр олжалады.

 

ҚАЗАҚ АТЫН ШЫҒАРАР, СЕНДЕЙ ЖІГІТ КӨП БОЛСЫН!
Аудан палуандарының табысына аудан жұртшылығы қуанып, ақындар жырдан шашу шашуда

***
Уа, менің, өнерлі өлкем, ырыс толып,
Жарасқан әр ұлт халқы туыс болып,
Шаңырақ боп газетім «Ақкөл өмірі»,
Шаншылайық, ақындар, уық болып!

Осылай жадыра жыл, жадыра күн,
Шаттық нұр өнерліге жамырағын.
Сан өнерпаз шығады-ау ортамыздан,
Қорғайық мәдениет шаңырағын.

Шығарған Отан даңқын, қазақ атын,
Балуандықпен тарихқа ат жазатын.
Темірхан Даниярды халқым қолдап ,
Көтерсін төбесіне азаматын.

Өнерпазым, биікке самға деймін,
Құтқарар қиындықтан алла деймін.
«Түйе балуан» деген мынау атағыңмен,
Ал, бауырым, алақай, алға деймін!
***
Бәйшешек гүлдеп көктесін,
Саған ешкім жетпесін.
Қазақ атын шығарар,
Сендей жігіт көп болсын!

Ермұрат Бейсенбекұлы,
 Өрнек ауылы.
 

***
Ауылына Біржанның балуан барды,
Атай төс, атан жілік, бура санды.
Темірханның Данияры Ақкөлімнің,
"Түйе балуан "атағын жеңіп алды.

Аңдамаған бір мықты қапы қалды,
Қырыменен түсіріп, қырқай шалды.
Қажымұқанша қусыра белден алып,
Асауды жамбасына бір-ақ салды.

Күштінің күштілермен алысқаны,
Ғанибет одан кейін танысқаны.
Махтин Қайрат - үшінші орын иегері,
Ерледі Ақкөлімнің "Барыстары".

Ысылған шымыр дене атша жарап, 
Бүк түсіру, ұпай алу - тағы талап.
Қоян-қолтық тіресіп ұстасқанда,
Жіберді жауырынмен тіке қадап.

Білімтай Біләлұлы, 
Астана қаласы.

 

***
Қазақ - батыр,  қазақ - дара, ірі ерек,
Қайсар, батыл,  бөрі мінез ұлы ел ек.
Ұл-қыздары намысты шеттерінен,
Жау алдында көрмеген еш жүрелеп.

Екілену саналатын арға  сын,
Ерлікпенен өмір кешкен сан ғасыр....
Қажымұқан, Балуан Шолақ бабалар,
Өлім дейтін жер иіскесе жамбасы.

Жеңіс деген ақтар нағыз еңбекті,
Ерлік жыры тебірентіп жер-көкті.
"Түйе балуан" атағын ап Данияр,
Біржан салдың ауданында ерлепті.

Балуандардан жиналысқан қиырдан,
3- орын тағы Ақкөлге бұйырған.
Махтин Қайрат еншілепті жеңісті,
Дара шығып балуандардан жиылған.

Ешкімдерге жібермеген  есені,
Ақкөлімнен жеңіс лебі еседі.
Балуан ұлдар көп шығатын Ақкөлді,
Батырлардың мекені екен деседі...
Ақкөлімнен жеңіс лебі еседі...

Нұрболат Серік,
Аманкелді ауылы..
 

 

Новости в Вашем регионе