Жазушы - халық жаны

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бектұров Жайық Кәгенұлының асқаралы  тұлғасы  «Қасиетті жағрапия» арнаулы жобасына енді.    Ағымдағы жылғы 3 - тамыз күні  Ақкөл ауданындағы Абай атындағы  а кітапханада «Жазушы –халық жаны»  тақырыбында конференция өтіп, жерлес Жайықтай  жампоз  жазушының шығармаларын  ел арасына кеңінен таратуды мақсат етті. Басты тағы бір мақсаты жастардың өңір тарихына деген қызығушылығын арттыру, туған жердің тарихи қойнауының құпияларын ашу болды.  


Бұл шараға алыс-жақыннан  Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағандыдан құрметті қонақтар келіп, шара  маңызының салмағын айшықтай түсті. Олар: Ғалым Жайлыбай - ақын, Ж.Бектұровтың шәкірті, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мұсабеков Бақытқали Мұхамедқалиұлы - Қарағанды облысы сазгерлер клубының мүшесі,  Жайық Кәгенұлының досы әрі замандасы.  Иран Тасқараұлы  Тасқара – ақын, әнші – сазгер, Төреқожа Қайырбай Зейноллаұлы - «Арқа ажары» Ақмола  облыстық газетінің бас редакторы, Әбдіәкімов Әбдіжаппар Әбдіәкімұлы – профессор, тарихшы, зертеуші, публицист, Ыбраев Садық Дәуітұлы – жазушының жиені, әскери қызметкер, Дүйсенов Есболат Қасымұлы – еңбек ардагері, Астана қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Бапишев Кенжеболат Сапарұлы – Астана қаласының «Шарапат» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының  директоры, Ербұлан Әуезханұлы – Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының маманы, Дәуешов Еркін Дәуешұлы – ардагер-педагог, Ақкөл ауданының құрметті азаматы. 
Конференция Жайық Бектұровтың өмірі мен шығармашылығынан көп мағлұмат беретін фильмнен басталып, қонақтар мен қатысушылар өз естеліктерімен бөлісті.  Ақын Иран Тасқара Ақккөл жеріне, жазушының туған өлкесіне  арнаған жүрекжарды өлеңін домбыраның сүйемеледеуімен айтып беріп, жұрт көңілін бір көтеріп тастады. Жерлесіміз, туған елінің тарихи ақтаңдақтарын ашып, Кеңес заманының зобалаңын, алаш  қайраткерлерінің ерлігі мен тартқан азабын сыр қылып шерткен Жәкеңнің  рухы аспандап, шараға қатысқан жұртты мақтаныш сезімге бөледі. Шара соңында Ербұлан Әуезханұлы – аудан әкімінің орынбасары Г.Әбілқайыроваға  жазушының кітаптары мен Қарағанды қаласының  логотипін кәдесый ретінде сыйлады.  Келесі ретте, қонақтар даңқты жерлесіміз, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың мұражайын аралады.  Аудан орталығындағы  Ақкөл қазақ орта мектебіне өткен жылы Е.Дәуешовтың қолдауымен Жайық Бектұровтың есімі берілген, қонақтар мектеп мұражайында да болып қайтты. Келесі ат басын бұрған жазушының туған ауылы Амангелді ауылы. Ауыл мектебінде жазушының құрметіне ас беріліп,  құран  бағышталды. Талантты  жерлесіміз,  қаламы қарымды  жазушының қайсарлығы мен адами  тұлғасына тәнті болған жастар жағы да  еркше толқу үстінде болды. «Қасиетті жағрапия» жобасының тізіміне енген дарын иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы талай сыр ашылмай жатқаны да алдағы  осы бағыттағы жұмыстардың үлесінде деп білеміз.
    Ә.Түменбаева, 
бөлім басшысы. 

Новости в Вашем регионе