Ене мен келін қарым-қатынасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақкөл аудандық кітапханасында  Отбасы күніне арналған «Ене мен келін» атты ток-шоу өткізілді. Отбасы күніне орай, басқа да әр түрлі тақырыптарда осындай шара өткізуге болар еді.

 

Бірақ, біздер ене мен келіннің арасындағы  қарым-қатынастар туралы пікір алмастырып, жаңа түскен жас келіндер және бірнеше жылдардан бері ата-енелерімен бірге тұрып, ата-енесіне мейірім танытып, ол кісілерге туған әке-шешесіндей бауыр басып, қамқорлық танытып, жұбайының бар туған-туыстары мен  жора-жолдастарын сыйлап, өзі де құрметке ие болған келіндер туралы да айтылып, жас жанұяларға үлгі-өнеге ретінде айту керек деп ойладық. Жерінің көлемі жөнінен әлемдегі 262 мемлекеттің арасынан 9  орында, халық саны жөнінен 63 орында  тұрған Қазақстан атты мемлекетіміздің демографиялық саясатына, яғни, халқымыздың санын көбейтуде шағын  мемлекет болып табылатын отбасылардың татулығына, береке-бірлікте, бақуатты өмір сүруін, ұлттық құндылықтарды халық санасына сіңіру мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Дана халқымыз: «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп, қандай ауыртпалық, жаугершілік замандар болса да, ен байтақ жерімізді қорғайтын халық керектігін жақсы түсініп, барлық отбасылар көп балалы – 10 – 15-тен балалы болуға тырысқан.
Ток-шоуға қатысушылар арасында көп жылдан бері келінімен, немерелерімен бірге тұрып жатқан ақылды да мейірімді, өнегелі енелер: Бердімұратова Д.Р, Алишева Р.С, Искакова Р.Т, Сейтенова Г. А,     Монхай Гүлмайра апайлар болды. Біраз жыл келін болған: Аяғанова А, Елеусіз Н, Терентьева Д,  және жаңадан отау құрған келін Аманжол Дария ханымдар қатысты. Қатысушы енелеріміз келіндерге және тұрмысқа шықпаған қыздарға өздерінің ақылдарын айтып, өз бастарынан өткізген өмірдің ауыртпалығына сабырмен шыдауға,  баршылыққа дандайсымай, асып-таспау керектігі жөнінде тағылымды әңгімелерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Келіндер де жанұяда қандай тәрбие алып, ата-аналары тұрмыс құруға қалай дайындап, өнегелі ақылдарын айтып ұзатқанын әңгімеледі. Осы шоуға келген көрермендер  К. Есшанова, Д.  Боранкулова  тағы да басқалар өз бастарынан өткен жағдайлармен, ойларымен бөлісті. Сонымен бірге, өмір мен тұрмыстың сабақтары  туралы  видеода көрсетіліп, қазақтың ырым-тыйымдары мен бірге жанұяны сақтауға,  ынтымағын нығайту туралы мақал-мәтелдердің мағыналары туралы да біршама насихаттар айтылды.
Азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің  бас маманы Айман Асылханқызы да осы шараға белсене қатысып, сөз сөйлеп, неке қию және ажырасу туралы мәліметтермен таныстырып, отбасыны сақтау жөнінде тағылымды пікірлерін білдірді. 40 жылдай АХАТ-тың басшысы болып қызмет атқарған, қазіргі уақытта зейнеткер С.Н. Актанова қатысушыларды отбасы күнімен құттықтап, жұмыс істеген кездеріндегі естеліктерімен бөлісті.
Кездесудің соңында бес ұл, үш келін тәрбиелеп отырған, «Әйел бақыты» телебағдарламасына қатысқан  Монхай Гүлмайра ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлерді түсіндіріп, жастарға иманды, парасатты, кең пейіл болу керектігін айтып, атаға қызмет, енеге құрмет, жастарға қамқорлық көрсету, үлкендерді сыйлау керектігін түсіндірді. Қазіргі келіндердің де осы апалардай болып, жастары ұлғайып, шау тартатынын айта келе, отбасының қазынасы болатын қарттарды барынша қадірлеу керектігіне де үлкен мән бере айтты. «Шәй құю» рәсімін және тағы да басқа ұлттық тағамдар пісіру жайын келіндерге үйретіп, шараға қатысушылар жақсы әсермен тарасты.
Г.Нұрышева, 
Қазақ әдебиеті бөлімінің кітапханашысы
 

Новости в Вашем регионе