Аталар ерлігі есімізде

Менің атам Қарауылұлы Тұрсынбай Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол 1923 жылы қаңтардың 15-  жұлдызында Ақмола облысы, қазіргі Ақкөл ауданына қарасты Досай елді мекенінде дүниеге келді. Әке-шешесінен ерте айырылып, апа-жездесінің қамқорлығында болады, интернатта тәрбиеленіп жетіледі. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ауыл шаруашылығына ерте араласады.  

Халқымыздың басына ауыр күн туып, 1942 жылы 15 мамыр күні 19 жастағы Тұрсынбай Қарауылұлы да майданға аттанады. Жауынгерді Уфа қаласының маныңдағы Алкина станциясында З ай сарбаздардың оң қолы қолбасшысына оқытып,  жаяу пулемётшілердің сержанты шенін беріп, Москва облысының «Старая Росса» станциясына апарады. Сол жердегі жауынгерлермен бірге 280-ші дивизия құрамына кіріп, жауға қарсы қасқая тұрады. 
Желтоқсан айында үлкен бір шайқаста ауыр жараланып, Иваново қаласындағы әскери емдеу орталығына түседі. Онда 9 ай емделгеннен кейін Балтық бойындағы майданға жолдама алып, Украинаны фашистерден азат етуге  қатысады. Ол екінші рет жараланып, әскери емдеу орталығына қайта түседі. Кейін екі жыл қатарынан Мәскеудегі әскери ішкі істерде қызмет етіп, неміс тұтқындарын күзетеді. 
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, тура бір жыл өткенде, яғни, 1946 жылы мамыр айында майдангер туған жеріне, Кеңес ауылына оралады. Содан кейін жауынгер жастық жігерімен қайтадан мал шаруашылығына араласады. Мал бақты, мал дәрігері болып біраз жыл еңбек етті. 
Қарт майдангердің омырауында  «Астананың он жылдығы» медалі, «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков» медалі, «Украина жерін азат еткені үшін» медальдары жарқырайды. Ұлы Отан соғысының әр Жеңіс мерекесінде құттықтаған марапаттау,  ашық хаттары жиналған.  
Уақыты жетіп, атам да өмірден озды. Ол ерен ерлік жасап, ауқымды іс тыңдырып, бізге бейбіт өмір сыйлап, соғыстың жеңіспен аяқталуына   өз үлесін қосты. Біз мұны мақтаныш етеміз.

Дильназ Мусенова, 
Кеңес орта мектебінің  9-сынып оқушысы.

 

Өзін –өзі тану пән мұғалімі Смағұлова Б.К.  Жеңіс күніне орай «Жанында жүр жақсы адам» тақырыбы  бойынша үй тапсырмасын  берген кезде, мен өз Ұлы атам туралы жазуды ойладым.  Ол Уразбаев Мырзабек атам.
Менің атамның әкесі Мырзабек ата 1917 жылы Қанжығалы ауылының маңында дүниеге келген. Бес-алты жасында Ақмола облысының Рамадан ауылына көшіп келіп, сол ауылдың мектебінде оқып жүріп, тек қана төрт сынып бітірген. 
Он екі жасқа толғанда шахтыға жұмысқа кіріп, сонда жұмыс істеді.
1941 жылы әскерге  шақырылды. Жапон шекарасында әскери кызметін атқарды. 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысып, Жеңіс күнін Германияда қарсы алған атам соғыстан 1946 жылы оралды. Адал еңбегі үшін орден, медальдармен марапатталды.
Елге оралған соң әртүрлі жұмыс істеді. Зейнетке шыққанша 1977 жылға дейін Рамадан ауылында басқарма болды. 1948 жылы Калима деген қызбен тұрмыс құрып, сегіз баланы тәрбиелеген Мырзабек атам 1991 жылы қайтыс болды.
Мен осындай  ұлы атамды мақтан тұтамын. Біз үшін, Отан үшін қан төккен, ұрпақтары аман-есен болсын деген адамдарға басымды иемін. Елімізді, жерімізді қорғаған бабамызды ешқашан ұмытпаймыз. 

Әнел Қадырова,
5-ші сыныптың оқушысы 
Еңбек орта 
мектебі-бақшасы