Жұртты жарылқаған жәрмеңке

Өткен сенбі күні Шортанды кентінің орталық базарында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Целиноград, Ақкөл, Сандықтау және Шортанды аудандарының бірнеше ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші шаруашылықтары мен қожалықтары өз өнімдерін саудалады.

Таңертеңгілік ертемен орталық базарда музыка ойнап, тұрғындарды жәрмеңкеге салтанатпен шақырып тұрғандай болды. Жәрмеңкеге ағылған тұрғындардың қарасы да біршама. Жәрмеңкеден қолайлы, арзан бағамен сауда жасаған жұрт та разы. Бірі ет сатып алып жатса, енді бірі сүт, айран, құрт сатып алып, мәре-сәре болысты.

Саудада барлық өнімнің бағасы күнделікті дүкен бағасынан арзан сатылды. Бұған ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерімен қатар көрші Целиноград пен Ақкөл аудандарының ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерінің өз өнімдерін арзан бағамен саудалауы да зор әсерін тигізді.

Целиноград ауданы сиыр етін 1300 теңгеден, шошқа етін 1100 теңгеден саудаласа, Ақкөл ауданынан келген тауық жұмыртқасының 10 данасы 201 теңгеден сатылды.

Сонымен бірге «Asnana agro croup», «Харсиев» ЖК, Сандықтау ауданынан келген шаруалықтар ет, сүт өнімдері мен шұжықтарды саудалады. Жәрмеңкеде ара балы, балық, ет, сүт және сүт өнімдерін, құрылыс материалдары сынды өзге де азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарын аудан тұрғындары арасынан да саудалағандар болды.